ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ, ЖОҒАЛҒАН ШЕШІМ

42

0

Облыстық тәртіптік кеңестің кезекті жетінші отырысында он екі мәселе қаралды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы-тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен отырыста алдымен Сырдария ауданы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылған шаралар және тәртіптік комиссиялардың жұмыстары жөнінде аудан әкімінің мін¬детін атқарушы Бақытжан Лекеровтің есебі тыңдалды.
Бұдан соң Қазалы ауданындағы Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары А.Әбілов пен кент әкімі аппаратының жетекші маманы Т.Құлмахановтың тәртіптік істері қаралды. Бұл қос азамат биылғы қаңтар айында бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға өткізілген конкурсқа қатысып, құжаттарды тапсыру сәтінде уәкілетті органмен белгіленген шекті мәннен төмен емес нәтижемен тестілеуден өткені туралы қолданыстағы сертификат тапсыруға міндетті бола тұра, сертификаттың түпнұсқасына сәйкес келмейтін, яғни жалған мәлімет енгізілген көшірмелерді тапсырып, конкурстан өткен. Сөйтіп бос әкімшілік лауазымға тағайындалған. Алайда, А.Әбілов пен Т.Құлмаханов мемлекеттік қызметке кіру кезінде мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болуы мүмкін көрінеу жалған құжаттар мен мәліметтерді берген. Ал бұл мәселеге бос лауазымға конкурс өткізген комиссияның құрамы мен хатшысы тиісті дәрежеде назар аудармаған. Нәтижесінде олар жұмыстан босатылды.
Осы жайға қатысты Қазалы ауданы әкімі аппаратының басшысы Ғ.Рахметов, аппарат кадр жұмысы бөлімінің басшысы К.Иманбаев және бөлімнің бас инс¬пекторы Қ.Әбубәкірұлының тәртіптік істері қаралды. Конкурстық комиссия мүшелері бола тұра, олар А.Әбілов пен Т.Құлмахановтың ұсынған сертификат құжаттарының түпнұсқаларын талап етпестен екеуін де әңгімелесу сатысына жіберіп, конкурс нәтижесімен бос әкімшілік орынға тағайындалуына себеп пен негіз берген. Кеңес шешімімен бұл лауазымды тұлғаларға қатаң сөгіс берілді.
Келесі кезекте Сырдария аудандық ішкі істер бөлімі Құмкөл поселкелік полициясы бөлімшесінің учаскелік инспекторы Н.Пірәлінің тәртіптік ісі қаралды. Тәртіп сақшысы биылғы 19 ақпанда Қызылорда-Құмкөл жолында тоқтатқан мемлекеттік белгісі 628 АSА11 «Газель” автокөлігінің жолаушысы С.Микаровтың қалтасынан ерекше иісі бар жасыл түсті есірткіге ұқсас затты анықтап, оны сол күні 23:02 сағатта бөлімге жеткізген. Алайда, оның 2012 жылғы 19 сәуірден бері мемлекетаралық іздеуде жүргені туралы мәліметтердің бар екенін, сондай-ақ 19-20 ақпан күндері бөлімде орнатылған «ҚР Ішкі істер министрлігінің іздеу жүйесі” базасы жұмыс жасап тұрғанына қарамастан және тексерілуге жататын мәліметтерді анықтамастан 23:53 сағатта босатып жіберген. Бірақ белгілі болғанындай, учаскелік инспектор облыстық ішкі істер департаменті бастығының 3 шілдедегі бұйрығымен қызметінен босатылып қойған көрінеді. Осыған орай ҚР Ішкі істер министрлігіне құзырлы органның жауапкершілігін қарау жөнінде хат жолданды.
Облыстық сот актілерін орындау департаменті персоналды басқару бөлімінің басшысы Ж.Абсат пен Қызылорда қалалық алимент төлемдерін өндіру бойынша аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Л.Мүсілімованың тәртіптік ісінен қызылордалық У.Мұратбаеваның пайдасына борышкер Г.Теміровтен алимент өндіру жөніндегі атқарушылық іс шешімінің жоғалу жайына қанықтық.
Үстіміздегі жылғы 27 маусымда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Қ.Елжасаровтың тәртіптік жауапкершілігін шешу жөнінде ұсыныс түскен болатын. Бірақ Қ.Елжасаровтың бірінші шілде мен 17 тамыз аралығында еңбек демалысында екені белгілі болған¬дықтан бұл іс кейін қаралатын болды.
Облыстық тәртіптік кеңестің отырысында алғашқы жартыжылдықта ат¬қарылған жұмыстар мен мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялар туралы жұмыстар таразыланды. 
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз