ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕУДЕГІ ТЕҢСІЗДІК ЖОЙЫЛДЫ

43

0

ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕУДЕГІ ТЕҢСІЗДІК ЖОЙЫЛДЫСоңғы жылдары жұмыс берушілердің еңбеккерлерге айлық жалақыны уақытылы төлемеуі, отандық және шетелдік жұмысшылардың жалақылары арасындағы жер мен көктей айырмашылық ашық талқыға түсіп, қоғамдық пікірталас алаңын қалыптастырды. 
Кеше облыстық коммуникациялар орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізген облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаев еңбекті қорғау талаптарының орындалу барысымен таныстырды. Өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекциясы тексерген 569 кәсіпорында 1000-нан аса заң бұзушылықтар анықталды. Басқарма жұмысының бір бағыты жалақы қарыздарын жоюмен тікелей байланысты. Табан ақы, маңдай тердің өтеуін уақытылы төлемейтін жұмыс берушілердің әрекеті жұмысшыларды ашындырып, кейде әлеуметтік кикілжіңдерге әкеп соғып жатады. Еңбек инспекторлары  14 мыңнан астам жұмысшының 907 млн. теңге алашағын анықтап, оның 858 млн. теңгесін өндіріп берген. Ұдайы жүргізілген мониторинг жалақы қарыздары туралы нақты әрі шынайы ақпаратты алға тартады.
Жыл басындағы мәлімет бойынша 9 мекеме 1116 жұмысшыға 49 млн. теңге қарыз еді. «Қызылорда автотранс” ЖШС  еңбеккерлеріне берешектерін өтеді. Ақпанның 24-дегі жаңа деректер 8 мекеменің 45 млн. теңгеден астам қарызы барын көрсетіп отыр. Аталған 8 мекеменің ішінде 2008 жылдан бері борышкер болып келе жатқандар бар. Басқарма тарапынан заң аясындағы барлық процедуралар атқарылғанмен, олардан қарызды өндіріп алу мүмкін емес.
Өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратура органдарымен бірлесіп, шетелдік жұмыс күшін тартушы компанияларда отандық және шетелдік мамандардың айлық жалақысындағы айырмашылықтың заңдылығына тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бірдей қызметті атқаратын шетелдік тұлғаның отандық қызметкермен салыстырғанда 10 есеге дейін жоғары жалақы алатынын көрсеткен болатын. Еңбекақы төлеуде жергілікті жұмысшыларды кемсіту фактілері ірі шетелдік компанияларда анықталған. Мәселен, «ПҚҚР” компаниясында еңбек ететін қазақстандық учаске шеберіне шамамен 300 мың теңге көлемінде   жалақы төленсе, шетелдік шеберге 3 млн. теңге есептелген. Қазір 8 компаниядағы айлық айырмашылықтары қалыпқа келтіріліп, әлеуметтік теңсіздік жойылды.
Басқарма басшысы жалақыдағы теңсіздікке қатысты журналистер сауалдарына жауап беру барысында өзі анықтаған бірқатар мәліметтерді айтты. Негізінде бірдей қызмет атқаратын отандық және шетелдік маманға бірдей жалақы тағайындалады. Алайда шетелдікке 19 есе коэффициент қосылады. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде оның 18-і заңсыз деп танылып, алынып тасталды.    
Бүгінгі күні «СНПС Айдан мұнай” АҚ-на берілген ұйғарым талабын мәжбүрлеп орындату туралы талап арыз бірінші сот сатысында қаралып,  еңбек инспекциясының талап арызы қанағаттандырылды. Алайда, компания жоғары сатыдағы сотқа аппеляциялық шағым түсіріп, ол наурыз айында қаралады. Қалай болғанда да, талап баршаға ортақ. Бірдей еңбекке бірдей жалақы төленуі тиіс.  
Басқарма облыстағы мекемелер мен кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайларын бақылайды. Жүргізілген талдау өндірістік жарақаттанулар мұнай-газ, құрылыс және автокөлік салаларында жиі кездесетінін көрсетті. Өндірісте ауыр жарақат алғандар мен қаза болғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда әжептәуір төмендегенімен,  орын алған әрбір жазатайым оқиғаның артында талай адамның тағдыры тұр. Алдағы уақытта зардабы ауыр оқиғаларды болдырмау үшін жұмыс жасалады. Ол үшін қауіпті жұмыстарды атқаратын мекемелерді аттестациядан өткізу жоспарланған. 
Теңге девальвациясынан кейін еліміздегі жұмыс берушілерге жұмысшылардың айлық жалақысын кем дегенде 10 пайызға көбейту ұсынылған болатын. Бүгінде басқарма облыстағы шағын және ірі кәсіпорындарға қатынас жолдаған. Бұл ұсынысқа жұмыс берушілер түсіністікпен қарап отыр. 
Биылдан бастап кәсіпкерлік нысандарын тексеруді азайту мақсатында еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келетін мекемелерге «Сенім сертификатын” тапсыру көзделіп отыр. Конкурсқа өтінім беретін мекемелер еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, жалақы қарызының болмауы сияқты бірнеше критерийлерге сәйкес келуі керек. «Сенім сертификатын” алған кәсіпорын 3 жылға дейін тексерілмейді. Брифингте осындай сертификаттың алғашқысы «Техника восточной международной нефти” ЖШС-не тапсырылды. 
БАҚ өкілдері өздерін қызықтырған басқа да сауалдарға жауап алды.  
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз