ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ФОРУМЫ

45

0

Жақында Астана қаласында «Қазақстан – 2050” Жалпыұлттық қозғалысының бірінші форумы өтті. 
Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық өкіл қатысты. Бұл құрылғанына небәрі бес ай болған қозғалыстың алғашқы жиыны. Форум үш сессиядан тұрды. Бірінші сессия жұмысы «Қазақстан-2050” қозғалысы «Таныс болайық” деп аталды. Оны «Қазақстан” ұлттық телеарнасының жүргізушісі Қанат Әуесбай жүргізді. 
Форумды ашқан ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев қозғалыстың құрылу тарихы, тырнақалды істері туралы атап өтіп, жиын жұмысына сәттілік тіледі. 
– Құрметті достар, «Қазақстан -2050” Жалпыұлттық қозғалысының тұңғыш форумына қош келдіңіздер! Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақ” бағдарламасының түлектерімен кездескенінде жастардың басын біріктіретін бір ұйымның қажеттігін айтып, идея тастаған болатын. Сол идеяны Данат Жұмин, Қанат Әуесбай секілді бір топ жастар қолдап, жалпыұлттық қозғалысын құрған болатын. Міне, бүгін соның алғашқы жиыны өтіп отыр. Шараға еліміздің барлық өңірлерінен өкілдер қатысуда. Бес ай ішінде қозғалыс тарапынан біршама жұмыстар жасалды. Мәселен, қозғалыстың белсенді мүшесі Қанат Әуесбай және отандық студенттердің бастамасымен Ұлыбританияда «Laik Kazakistan in Sohi” фотобайқауы өтті. Оған Қазақстаннан басқа АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Испания, Польша, Түркия, тағы басқа елдерден 60-тан астам жұмыс келіп түссе, 40 мыңға жуық адам қолдау білдірді. Сонымен бірге, қозғалыс мүшесі, хирург Дмитрий Горбуновтың бастамасымен «Сәби жүрегі” атты жоба жүзеге асырылып, оның аясында қозғалыстың өзге мүшелері балалар арасында жүрек ақаулары туралы көмекші кітапты қазақшаға аударды. Оған қоса, қозғалыс мүшесі Мұрат Әбеновтің жетекшілігімен «Серпін” жобасы қолға алынды. Ол жастарды индустриализацияға жұмылдыруды көздейді. Осындай жаңа бастамалар, жобалар көп. «Теңіз тамшыдан құралады” дейді, осылайша әр жас үн қосып, бір мақсатқа жұмылса, онда алынбайтын қамал жоқ. Ал  басты мақсат – 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына ену. Олай болса, қозғалыс жұмысына, бүгінгі форумға сәттілік тілеймін,– деді Бағлан Майлыбаев.
Онан соң «Қазақстан-2050” Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин сөз алып, ұйымның жобаларымен қысқаша таныстырып, мақсаты, алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі. Өз кезегінде шараға қатысушы спикерлер Қазақстан КВН Одағының президенті Есен Елеукен, «24kz” телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі Анжела Гарипова, «Сәбимен шаңырақтың сәні кірер” жобасының үйлестірушісі Шолпан Байболова ел болашағы, қозғалыс және азаматтық жуапкершілік туралы ойларын ортаға салды. 
Ал, «Қазақстан-2050” әлемдегі ең үздік мемлекеттік басқару жүйесін қалай құру қажет?” тақырыбын қамтыған екінші сессияны «Өрлеу” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы  Мұрат Әбенов жүргізді. Онда сессия спикері ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов кәсіби үкімет, әкімшілік реформа және мемлекеттік басқарудың тиімділігі туралы әңгіме қозғады. 
«Қазақстан-2050” – әлемдегі ең мықты экономиканы қалыптастыру жолы” деп аталған үшінші сессияның тізгінін ВТБ капиталдың бас директоры Әділ Нұрғожин ұстады. Мұнда спикерлер «БТА банк” АҚ-ның басқарма төрағасы Мағжан Әуезов және «BI Group” холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев  индустриализация, экономикалық саясат және жеке кәсіпкерлікті дамыту туралы ойларымен бөлісті. Соңында форумға қатысушы жастар аталған тақырыптар бойынша өздерін ойландырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты. 
Жиынның түстен кейінгі шарасы «Қозғалыс мүшелерін таныстыру” тренингіне ұласты. Сонымен бірге, қозғалыстың аймақтық топтары құрылып, аймақтық жобалар әзірленіп, таныстырылды. Форум жұмысын қорытындылаған «Қазақстан-2050” Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин алдағы уақытта да ұйым жұмысының жалғасатынын айтып, жастарды бірге жұмыс жасауға үндеді. 
Айнұр БАТТАЛОВА.
Астана-Қызылорда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз