ЖАС БОЛСАҢ, ЖАЛЫНДАП ТҰР!

53

0

ЖАС БОЛСАҢ, ЖАЛЫНДАП ТҰР!

Кеше облыс әкімі Қ.Көшербаев жастар саясаты жөніндегі Кеңес отырысына
қатысты. Онда облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы мен
жастар қоғамдық бірлестіктерінің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен
шараны аймақ басшысы алғы сөзімен ашып, белсенді қызмет атқарып жатқан жастар
ұйымдарының әлеуметтік жобаларына көңіл бөлді.

«Білектің емес білімнің, біліктіліктің заманы екенін” баса айтқан Қырымбек
Елеуұлы мемлекеттің жастарға ерекше сенім артып, үлкен міндет жүктейтінін
білдірді. Жастарға арналған 31 бағдарламаның тиімді жүргізіліп жатқанын,
талапты шәкірттерге облыс әкімінің 300 гранты бөлінгенін айтты. Бұл грант
әлеуметтік тұрмысы төмен отбасынан шыққан жас талаптарға, оқуға құштар
мүмкіндігі шектеулі жастарға берілді. Сондай-ақ, қоғамға бей-жай қарайтындардың
қатарын толықтырып жүрген жастарға аса көңіл аударуды тапсырды. Бұдан соң аймақ
басшысы жастар ұйымдары өкілдерінің атқарып жатқан жұмыстарын тыңдады.

Облыстық «Жас ғалымдар альянсы» ҚБ атқарушы директоры Н.Құлмырзаев
ғалымдардың білім-ғылым саласы бойынша қосып жатқан жаңалықтарымен құлағдар
етті. Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындап жатқан
химия саласындағы жаңалықтарымен
бөлісті. Аса қызығушылық танытқан облыс әкімі жас ғалымдарға шағын ЭКСПО
көрмесін ұйымдастыруға көмек беретінін жеткізді. Ал, «Студент жастардың еңбек
жасақтары» облыстық штабы ҚБ төрағасы С.Жұмабеков жастардың құрылыс жұмыстарына
араласып қана қоймай, қала аймағындағы түрлі жұмыстарды атқарып, еңбек етіп
жүргені жөнінде баяндап берді.

«Сыр болашағы» жастар қоғамдық
бірлестігінің маманы, 3 топтағы мүгедек Н.Макенова Елбасының жастарға, оның
ішінде мүмкіндігі шектеулі жастарға жасап жатқан қамқорлығының арқасында
жұмысқа тұрып, қоғамдық өмірге белсене араласып жүргенін, өмірге құштар жас
өрен жоғары білім алғысы келетінін де жеткізді. Аймақ басшысы оның бұл талабына
ризашылығын білдіріп, қолдау көрсететінін айтты.

Сонымен қатар, шығармашыл жастарды дамыту бойынша атқарылып жатқан
шаралар жайында жақында құрылған «Социум-Қызылорда» ҚҚ мүшесі Михаил
Владимирович «Әлеуметтік парк” жобасын таныстырды. Бұқаралық спортқа тигізер
мол үлесі бар жобаға облыс әкімі қолдау білдіретінін айтты. Ал, «Жас Ұлан»
балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшесі Әділ Абылайхан Сыр ұландары атынан
жыр шашуын ұсынып, ерекше лебізімен қорытындылады.

Емен-жарқын өткен еркін кеңесте белсенді жастар суретке түсіп, облыс
әкімінің қызмет бөлмесімен қызығушылықпен танысты.

 

Нұрбек Дәуренбеков.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз