«ЖАС ҰЛАН» ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ

53

0

«ЖАС ҰЛАН» ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ

Балалар мерекесі күні бір топ оқушы «Жас ұлан» ұйымына қабылданды. Н.Бекежанов атындағы драма театр ғимаратында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев пен ҚР Парламенті Мәжілісі Эко­номикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы С.Әйімбетов бастаған депутаттар қатысты.

Осыдан 3 жыл бұрын Елбасы бастамасымен құрылған «Жас Ұлан» қазір қанатын кеңге жайып, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға негіз болатын ұйымға айналды. Мақсат – міндеті айқын, болашағы бекем ұйымға мүше болу – әр баланың арманы.

Шарада жазғы демалысқа дайындықтары жөнінде рапорт берген «жасұландықтарды» облыс әкімі Қ.Көшербаев құттықтады.

– Еркін елдің негізін қалаған Елбасы сендерге сенім артып, жан-жақты азамат болып қалыптасуларыңа бар мүмкіндік жасап отыр. Сендер осы сенім үдесінен көріне біліңдер. Оқуда озат болып, тәуелсіз елдің ертеңгі тірегіне айналыңдар, – деп тілектестігін білдірген аймақ басшысы облыста балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытындағы басты шараларды атап өтті.

Осыдан кейін облыс әкімі мен депутаттар «Жас Ұлан» қатарына қабылданған 20 оқушыға ұйым галстугін тақты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Әйімбетов пен облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы С.Шаухаманов мәңгілік ел ұландары боламыз деген балаларға тілектестігін жеткізді.

Шара соңы драма
театр сахнасындағы концертке ұласты. Онда облыс орталығымен қатар, аудандардан
келген өнерпаз балалар өз өнерлерін көрсетті.

Е.АҚЫН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз