ЖАСТАР БАСҚАРҒАН ЖАҢА ӨНДІРІС

132

0

Жыл басында ашылып, іске қосыл­ған бұл жаңа зауыт
туралы аймақтық, республикалық ақпарат құралдары ке­­зінде хабарлар берді.
Әңгіме, авто­көліктердің ескірген жарамсыздоңға­лақтарын механикалық қайта өңдеуден өткізу арқылы сұранысқа ие,
бүгінгі күнге қажетті дүниелер шығарып жатқан «Smart rubber» ЖШС туралы болып
отыр. Әйтсе де, бүгінгі мақаламызда осы өндіріс жайлы бұған дейін оқырмандарға
жетпеген жайларды қамтуға тырыстық. Бұл кәсіпорынды басқарып отырған жас
мамандар – серіктестік директоры Бижан Жанамқұлов және оның орынбасары,
зауыттың коммерциялық директоры Елдар Шаймағамбетовпен кездескеннен кейін ойға келді. Аталған жас жігіттер әлі ордабұзар отызға да толмаған
ша­ғында бүгінгі заманның озық техно­ло­гиясына негізделген, еліміздің Үде­ме­лі
индустриалды-инновациялық бағ­­­дар­ламасы аясында дүниеге келген кә­­­сіпорын
жұмысын алға бастыруда. Ал­дымен бұл не өндіріс, соған тоқ­талып кетелік. Зауыт
директоры Би­жан Жанамқұлов өндірістің бұл түрі Гер­манияда бастау алғанын
жеткізді.

Қазір әлемде тұрмыстық, өндірістік қалдықтар мәселесі
үлкен проблемаға айналғаны белгілі. Солардың арасын­да автокөліктердің
мыңдаған, миллион­даған ескі
доңғалақтарын қайта өңдеу мә­селесі де бар. Міне, Германияда осы мәселе жақсы
шешімін тапқан деуге болады. Жарамсыз­
көлік доңғалақтарын механикалық қайта өңдеу арқылы бел­сенді резеңке
түйіршіктері, ауыл ша­руашылығы саласында кеңінен­ қол­да­нысқа ие, жерасты
суландыру техно­логиясына аса қажетті «Smart Drob» тү­тікшелері шығарылады.
«Smart rubber». Қазақшасы – «ақылды резеңке».

Механикалық қайта өңдеу нәтиже­сінде пайда болған резеңке ұнтақтары ойын-сауық
алаңдарын дайындауға тиімді, ал белсендірілген түрін битумға араластырса,
асфальтты жолдың сапа­сын жақсартады дейді өз кезегінде ди­ректордың орынбасары
Елдар Шай­ма­ғамбетов. Мамандармен әңгіме ба­ры­сында өндірістің мұндай түрі
бас­қа елдерде кездескенмен, жерасты су­лан­дыруға арналған резеңке түтіктер
дай­ындау тек Германияда ғана қолға алын­ғанын білдік. Міне, осындай жол­мен
пайда болған өнімдерді алыс ел­дерге тасымалдағанша сол жаққа жа­қын жақтан
зауыт ашуды жөн деп есеп­­тепті неміс мамандары. Таңдау Қа­зақстанға түсіпті.
Жан-жақты елеп-екшейтін немістер Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасындағы ең
саяси тұ­рақты, инвестиция салуға қолайлы, сауат­ты мамандары жеткілікті ел
екен­дігімен қоса, Қытайға, Ауғанстанға, Иран мен Иракка жақын жатқанын ес­керген.

Германияның «Water Future Sys­tems» компаниясымен
«Қазкаучук» ЖШС арасында байланыс орнатылып, Қа­зақстанға осы технология келген
еді. Ал Қызылордадағы зауыттың құ­рыл­тайшыларының бірі жергілікті «Дор­строй­сервис»
серіктестігі. Бірлескен жұ­мыстардың нәтижесінде Қызылорда қаласында құны 500
млн. теңгелік «Тоз­ған автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке
ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығару өндірісін ұйымдастыру» жобасы
қолға алынып, зауыт дүниеге келді. Оның ашылуында облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев пен «Smart Rubber» ЖШС құрылтайшысы Герхард Фридел зауыттың тетігін
басып, өндірісті іске қосқан еді.

Бижан Жанамқұлов қанатқақты жо­баның әл-ауқатын,
тиімділігін баян етті.

– Біздің зауыт «Дорстройсервис» және «Казкаучук»
компанияларының қаржы құюы­мен осы жылдың басында ғана ашылды. Басты мақсатымыз
– қоршаған ортаны ескірген, тоз­ған көлік доңғалақтарынан, яғни қоқыстан
тазарту. Шиналарды қайта өңдеу арқылы резең­ке ұнтақтары өндіріледі. Оларды
ойын алаңдарын, жүгіретін алаңдарды жабдықтауға пайдаланады. Белсенді­рілген
түрін битуммен араластырса, одан асфальтты жолдың сапасы жақсарады. Сондай-ақ
тамшылатып суару әдісінде қолданылатын жерасты суару түтігін шығарамыз. Қазіргі
уақытта зауытта 21 адам жұмыс істеп
жатыр. Оның 15-і «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бо­йынша
қалалық жұ­мыспен қамту орталығы­ ар­қылы қабылдан­ған. Негізі, зауыт толық
қуатты­лы­ғымен жұ­мыс жасағанда, жылын­а 1,5 мың тонна ескірген дөңгелектерді
қайта өңдей­ді. 270 тонна резеңке ұнтағы, 440 тонна белсендіріл­ген резең­ке
ұнтағы, 3,9 млн. шаршы метр жерасты там­шылатып суар­у түтікшелерін шығар­уға
қауқарлы. Бұл көрсеткіштерді басқаша саралауға болады. 270 тонна резеңке
ұнтақпен 7500-17500 шаршы метр спорттық және балалар ойын алаңдарына немесе 4
футбол алаңына тиісті төсеме төсей алады. 440 тонна резеңке ұнтағы 1700 шаршы
метр­лік ре­зиналық асфальт-бетон немесе 2,8 километр автожолға
жарайды. 3,9 млн. шаршы метр жерасты суару түтігін шығару – 180-200 гектар жерді
тамшылатып суғару деген сөз. ТМД-да теңдесі жоқ зауыттың ерек­шелігін
екшелесек, біріншіден, ауыл шаруашылығына қажетті суды 70 пайыз үнемдейді.
Екіншіден, арықпен келетін ағынды судағыдай бактериялардың көбеюіне жол
бермейді. Үшіншіден, су буланбайды. Жердің төменгі қабатымен жүріп, топырақтың
ылғалдылығын сақ­тай­ды. Төртіншіден, сұйық қоспаларды тікелей тамырға
жеткізеді. Бұл жер қыртысының құнарлылығын арттырып, арам шөптерге қарсы әсер
етеді. Жер қыртысы бүлінбейді. Оның
қызметіне салқын, ыстық, батпақ­ дегенд­ер кедер­гі емес. 15 жыл­ға дейін
кепілдік бе­ре аламыз. 0,6 атмосфералық қы­сым­да суды өз деңгейінде тамшы­лата
алады. Зауыт «жасыл экономи­ка» қағидасына негізделген.

Өйткені жұмыс технологиясында ешқандай хими­ялық қоспа
қосылмайды. Өңдеу процесі жарамсыз өнім­дерді
механикалық майдалау арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да қоршаған ортаға
ешқандай зияны жоқ деп ба­ға­ланып отыр.

Зауыттың жобалық құны 500 млн. теңге екенін айттық. Ал
енді атал­ған қаржының осы көлемнен артық жұм­сал­мауында Бижан мен Елдардың ті­келей
еңбегі жатыр деген еді «Дорстрой­сервис» ЖШС директоры Мұрат Ті­леулиев.
Мәселенің мәнісі мынада. Жо­ғарыда
аталған өнімдер алу үшін ескі доңғалақтар үш технологиялық же­ліден өтуі тиіс.
Оның алғашқысы, доң­ғалақтарды турап, майдалайтын қон­дырғылар желісі. Қаржы
үнемдеу үшін немістер осы қондырғыны Қытайда жа­сатуға рұқсат береді. Өйткені,
ес­кі шиналарды турап майдалайтын қон­дыр­ғылар әр елде бар. Солардың бірі Қы­тай
мемлекеті және ол жаққа берген тапсырыс та, жеткізу де арзанға түсетін еді.
Міне, осы қондырғыны жасату барысында аспанасты еліндегі зауытта Бижан мен
Елдар басынан аяғына дейін жүрді.Қытайлық мамандар көрсеткен қондырғылардың жарамайтынын біз­дің жігіттер
бірден мәлімдеді. Себе­бі, олар тозған шиналарды 1,3-2,4 фрак­ция аралығында
ғана майдалай алатын. Ал немістердікі 0,1 фракцияға дейін майдалайды. Қытай
зауытының мамандары Түркияның Эскишехир Ос­ман газы университетінің түлегі,
машина жасау инженері, әрі бұған дейін тозған шиналарды қайта өңдейтін зауытта
тәжірибе жинақтаған Б.Жанамқұлов не айтса соны орындады. Осылайша, са­пасы
германиялық қондырғыдан кем түспейтін қондырғы дүниеге келуіне себепкер болды.
Нәтижесінде, құны 1 млн. долларлық қондырғы үшін бұл соманың жартысы ғана
шығындалды.

Айтары жоқ, мұндай индустриалды-иннова­циялық жобаны
жүзеге асыру­дың Сыр өңірі үшін маңызы зор. Өйткені аймақ өндірісінің 93,4
пайызы мұнай мен газдың, сондай-ақ уранның үлесінде. Ендеше, экономиканы әрта­рап­тандырып,
«жасыл­ экономика» прин­циптеріне толық жауап бере алатын бел­сенді экономи­ка
қалыптастырудың қа­жеттілігі айтпаса да түсінікті. Зауыт­тың тағы бір
ерекшелігі, бұл – инновациялық жоба.Әзірге зауыт жобалық қуатының 50 пайыздай көлемінде жұмыс істеуде.
Келесі жылы оны 80 пайыздық деңгейге көтеру межесі тұр. Ал одан кейін кә­сіпорын
басшыл­ығы шетел нарығына да шығып, облыстың атын паш ете­тіндеріне сенімді.

– Қызыл­ордада
үздік тауарлар көр­ме-конкурсы өтіп, сонда «Өндіріс­тік мақсаттағы үздік
тауарлар номинациясы бойынша» полиэтилен құбырлар мен бұйымдар өндірісінде
біздің ұжым І дәрежелі жеңімпаз боп танылды. Бұл да халықтың біз­дің еңбе­гі­мізді
елегенін, мұн­дай жаңаша жобалард­ың қо­ғамға қажет­тігін
көрсетсе керек, – дейді Елдар сөзін жалғастырып –автопарктер, үлкен жол
фирмалары, жер қойнауын пайдаланушы мекемелер ав­токөліктердің ескірген
доңғалақтарын осы салада мамандан­дырылған кәсіп­орын­дарға тапсыруы тиіс. Біз
біраз ме­кемемен келісімшарт жасасқанбыз. Олар ескірген шиналарды өткізіп
жатыр.

Ал қарапайым ха­лық әдетте доңға­лақтарды моншада,
ашық алаңдарда өр­теп, жойып жібе­реді. Табиғат пайда­ла­нушы жергілікті кей­бір
жеке және заңды тұлғалар тұрмыстық және коммуналдық қалдықтарды дұрыс кәдеге
жаратпайды. Соның салдарынан қоршаған орта ай­тар­­лықтай зиян ше­гуде.
Атмосфер­аға диоксин, бензол, ни­­кель, хлор, суте­гі, мырыш, хром секілді адам
ағза­сы­на зиян­ды химикаттар бөлінеді. Эко­логиялық кодексте бұған тыйым са­лынған.
Ал талап бұзылған жағдайда қомақты айыппұл салынады. Кейбір адамдар жарамсыз
шиналарды айдалаға апарып лақтыра салады. Оны мекендеген кеміргіш жәндіктер ұшу
арқылы адам­дарға ауру таратады. Экология­лық кодекс бойынша қалдықтарды
талапқа сай қолдану керек­. Жаңа зауыт қоршаған ортаға еш зиянсыз негізде жұмыс
іс­тейді. Ескірген көлік доңғалақтарын тегін қабылдап, оны қайта өңдеу арқылы
жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетуге дайын.

Зауыттың өнімдеріне әсіресе жы­лы­жай шаруашылығымен
айналысатын­дардың қызығушылығы жоғары болып отыр. Онан бөлек басқа облыстардан
да тапсырыстар түсуде. Солардың қа­тарында Астанадан 3 млн. шаршы метр
түтікшеге түскен тапсырыс та бар. Би­жан Серікұлы мен Елдар Әмірбекұлы қазіргі
күні Аста­надағы Ақорда ма­ңы өздері басқарып отырған зауыт шы­ғарған суғару түтіктері
арқылы жап-жасыл болып, жай­қалып тұрғанын мақ­танышпен жеткізді. Иә, мақтануға
тұ­ратын жайт. Өйткені, Қызылордадан шыққан өндірістік бұйымдар Тәуелсіз
еліміздің басты ордасында кәдеге жарап жатыр.

Сонымен, жыл басында бастау ал­ған жаңа өндірістің
аймағымыз үшін алар орны ерекше болмақ, ол өңір эко­номикасының ілгерілеуіне
өзіндік сер­пін қосып, ел игілігіне қызмет ететін болады.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз