ЖАСТАР ЕҢБЕК ЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

54

0

ЖАСТАР ЕҢБЕК ЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІЖуырда Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жастарды қолдау орталығы» МКМ-ның ұйымдастыруымен «Бақыттың кілті – еңбекте» атты кездесу кеші болып өтті. Кештің басты кейіпкері – аймағымыздағы ауылшаруашылық саласының дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан  бірегей компания «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев болды. 
Шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жандос Базартай,  облыстық жастар ұйымдарының көшбасшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының  студенттері қатысты. Еңбек Ері Абзал Жұмашұлының еңбек жолын, тынымсыз еңбектің жемісті болатындығын насихаттауды көздеген шарада жастар өндіріс орнын аралады. Сыр маржанының сұрыпталуы, өңделуі секілді жұмыстармен танысты. 
Басқосу барысында А.Ералиев өз кәсібінің қыр-сырын, еңбек жолында жеткен жетістіктерін сөз етіп, жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Еңбек жолы өзгеге үлгі боларлықтай ел ағасының бүгінгі ерлігін тыңдаған жастар өздерінің жыр жолдарын жолдады. Өзара пікір алмасып, ойларын еркін жеткізген жастармен салиқалы әңгіме өрбіткен Еңбек Ері арасындағы кеш әсерлі де қызықты болды. Кешке жиналған көпшілік берекелі істің жемісінің мол болатындығын түсінді. Шара соңы компания дайындаған дастарханнан дәм татуға жалғасты.
Мейрамгүл Дауылбайқызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз