ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШАТЫН БАҒДАРЛАМА

100

0

ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШАТЫН БАҒДАРЛАМА

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында аталмыш қоғам директорлар
кеңесінің әрі «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы
Республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновпен кездесу өтті.

Кездесуді сөз
сөйлеп ашқан инс­титут директоры Бауыржан Елеусінов біліктілікті арттыру
бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстарға
тоқталып өткен соң мінберге көтерілген Мұрат Әбенов жүйенің даму
келешегі, оның стратегиялық бағыттары
турасында сөз қозғады.

Мұрат Абдуламитұлының айтуын­ша, ҚР Білім беруді
дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында сапалы
білім беруді қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге
қабілеттілігін арттыру бағытында жүй­елі жұмыстар жүргізілуде. Бағ­дар­ламаға сәйкес педагогтардың білік­тілігін
арттыру осы мамандықтың мәр­тебесін көтерудің қуатты факторы бо­лып табылады.

Педагогтардың функционалдық сау­аттылығын ұштау сапалы
білім бе­рудің кепілі десек, теорияны
тәжірибеге ұштастыру арқылы оқушының зейінін арттыратын білім берудің соңғы жүйесі 2016 жылға дейін толық
жү­зеге асуы тиіс. Функционалдық сау­ат­ты­лыққа қол жеткізу үшін оқу­лық­ты
өзгертіп, оқушыны бағалау жүйе­сін жаңарту керек. Бұл ретте ұс­таз­дың
да ойып алар орны ерекше. Елі­міз болашағы бәсекеге қабілетті өрен­дерге білім
бе­ретін педагогтардың бі­ліктілігін арт­тыру, сондай-ақ білім жүйесін да­мыту
заман талабы болса, қазіргі таң­да акционерлік қоғам филиал­да­рында 2012-2016
жылдарға арналған функционалдық
біліктілікті арттыру бағдарламасы іске асырылуда.

Биылғы маусым
айынан бері «Мәң­гілік ел жастары – индустрияға» бағ­дар­ламасы
бастау алғаны белгілі. Бұл Оң­түстік өңір жастарын Солтүстік, Батыс және Шығыс аймақтарда білім алуға бағыттайтын
жоба. Осыған орай аталған аймақтардағы жеті жоғары оқу орындары мен 23
колледжде білім алу үшін мың-мыңнан арнайы грант бөлінді. Жобаның маңыздылығы
сол жоғары білімді де білікті мамандар тапшылығын жою.

Бұдан әрі Мұрат
Әбенов 15 қыр­күйектен бастап «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының «Зият­кер
ұрпақ» жобасы жұмыс жасап жат­қандығынан хабардар етті. Жобаның негізгі мақсаты
– оқуда және қызметте белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген білімді
азаматтарды ау­ылдағы жас жеткіншектерге білім бе­ру ісіне тартып,
тәжірибелерін бө­лі­суге шақыру. Жоба аясында қа­лада тұратын білімді тұлғалар
өз қалауларымен ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына қысқа мер­зімді
сабақтар өткізеді. Курстың ұзақтығы мен тақырыбын дәріскер өзі анықтайды.

Шара барысында
институттың ар­дагер ұстаздары Кенжебай Қалиев, Мах­муд Байжанов, Борис
Қалназаров, Камаладдин Наурызбаев Мұрат Аб­дуламитұлына білім беру саласының
өзекті мәселелері турасында сұрақтар қойып, пікір алмасты.

 

Бақтыбай
БЕРДІБАЕВ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз