ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

83

0

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Кеше
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Жасыл» экономиканы
дамыту: өзекті мәселелері, құқықтық қамтамасыз ету» атты халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми басқосуға облыс әкімі, саяси
ғылымдарының докторы Қырымбек Көшербаев, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов,
университет ректоры Қылышбай Бисенов және аймағымыздың, республикамыздың,
шетелдердің ғалымдары, білікті сарапшылары қатысты. Бұл шараны облыс
әкімдігінің қолдауымен облыстық прокуратура ұйымдастырып отыр.

Конференцияға қатысушылар
«жасыл» экономикаға көшудің тиімді модельдерін іздеу және адам мен табиғаттың
үйлесімді дамуының құқықтық негіздерін талдауды мақсат етті.

Аймақ басшысы Қырымбек
Елеуұлы конференция жұмысына сәттілік тілей келе, облыста баламалы энергия
көздерін іздеу, аталған салада зерттеулер мен мамандарға көмек жасау,
жаңартылған энергетика мен энергия үнемдеу саясатын насихаттау және басқа да
маңызды қадамдар ерекше ескеріліп отырғанын жеткізді. Ал «ЭКСПО-2017»
халықаралық көрмесі еліміздегі, аймағымыздағы «жасыл» экономиканы дамыту
шараларын жеделдететінін айтты. Сонымен қатар, Еуропалық қайта құру және даму
банкі Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жобасын
қаржыландыратынын, Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгi көп ұзамай бұрынғы арнасына
оралатынын атап өтті.

Ал облыс прокуроры Сапарбек
Нұр­пейісов аймағымыз үшін ғылыми бас­қосу­дың маңызды екенін айтты. Өйткені,
оның айтуынша, Құмкөлдегі мұнай қоры алдағы 10-15 жылда түгесілуі мүмкін. Бұған
қоса, сейсмикалық қауіп тағы бар. Осындай күрделі мәселелердің алдын алсақ,
қоршаған ортаны қалыпты сақтауға болады. Сапарбек Айтуұлы адамдардың табиғатты
пайдалануын құқықтық реттеуді де жүйелі жолға қою қажеттігін жеткізіп, ғалымдар
тарапынан пайдалы кеңестер мен ұсыныстар күтетінін жеткізді.

Конференцияның пленарлық
мәжілі­сінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра
меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Анар Мұқашева «жасыл»
экономика қоғамды тұрақты дамыту кепілі
және әлеуметтік проблемаларды шешу жолы екенін атап өтті. Бұдан бөлек, оның
айтуынша, жаңартылатын энергия көздері – бұл өз-өзінен жаңарып тұратын, желден,
судан, күннен алынатын табиғаттың таза энергиясы. Еліміз жаңартылатын
энергияның балама көздерінің қуаттылығын 2020 жылы 4 пайызға арттыру қарастырып
отыр. Қазіргі таңда елімізде оның үлесі 1 пайыздай ғана. Ал Германияда 2011
жылдың өзінде бұл үлес 20 пайызды құраған. Осы орайда, Қазақстан әлемге
энергияның балама көздерін дамытатын технологияларды бірігіп іске асыруды
ұсынуда.

Түркияның Анталия қаласын­дағы
Акдениз универ­ситетінің құқықтану факуль­тетінің деканы, заң ғылымдарының
докторы, профессор Мураррем Кылыч «жасыл» экономикаға көшудегі өзекті мәсе­лелерге
тоқталды.

– Қызылорда қаласына
бірінші рет келіп отырмын. Әлемге ортақ мәселені талқылауға шақырған
ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. Балама энергия көздеріне көшудің бір үлкен
дәлелі жер бетіндегі ауа райының өзгеруіне зор ықпалы болып табылады. Мұнай,
көмір сынды қазба отындар жанғанда көмірқышқыл және басқа да газдар бөліп,
ғаламдық ауа райының жылуына соқтырады. Балама энергия көздері, бір жағынан,
сондай зиянды газдарды әлдеқайда аз бөледі. Күн мен желдің энергиясын пайдалану
мүмкіндіктерін кеңейтуіміз қажет. Әсіресе, дамушы әрі кедей елдер үшін балама
энергия көздерін жақтау және оны жүзеге асыру аса тиімді. Өйткені, алпауыт
елдердің энергоресурстарына деген кіріптарлығы төмендейді, – деді түрік ғалымы.

Бұдан кейін Санкт-Петербург
қала­сының Зоология институтының зертхана меңгерушісі, биология ғылымдарының
докторы, профессор Николай Аладин Арал теңізін сақтап қалуда жасыл экономиканың
рөлі мен маңызын баяндады.

– Бүгінгі басқосу ерекше.
Себебі, жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»
атты Жолдауында Қазақстанның жаңа стратегиялық бағдарын айқындады. Бұл өте
маңызды. Ескілікпен емес, жаңашылдықпен жүру керек. Жаһандық экономикалық
қауiп-қатерлерге уақытылы жауап беретін мүмкіндіктерді қарастыру қажет. Сонымен
қатар, Президенттің жаңа Жолдауы жасыл экономиканың өркен жаюына жол ашатыны
сөзсіз. Біз, ресейлік әріптестер, әрдайым бастамаларыңызға қолдау білдіреміз.
Мәселен, Қазақстан Арал теңізін сақтап қалуда ауыз толтырып айтарлықтай
жетістікке қол жеткізді. Әлем қазақ халқының және көшбасшыларыңыздың Арал
апатын тоқтатқан ерлігіне, табиғатқа қосқан үлесiне таңданыспен қарауда. Ал осы
ретте Қазақстан көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріне үлгі бола
алады, – деді Николай Васильевич.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры, заң ғылымдарының докторы жаңартылатын қуат көздеріне ұмтылып
отырған Еуропа елдеріне қарағанда Қазақстанның балама энергия көздері бойынша
әлеуеті аса зор екендігін жеткізді. Алайда, бұл бағытта еліміз үшін көп шаралар
атқару және оны заңдық тұрғыда реттеу қажет-ақ.

Ғалымдар мен сарапшылар
пленарлық мәжілісте жасыл экономика өмірдің сапасын жақсартатынын, арттыратынын
және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Одан әрі
секциялық жұмыстар жалғасты. Онда ондаған баяндамалар тыңдалды.

 

Д.сейітжанұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз