ЖЕДЕЛ ШАРАЛАР НӘТИЖЕСІ

43

0

Облыстық баспасөз орталығында өткен брифинг Жаңақорған ауданында орын алған төтенше жағдайға арналды.
Брифингке қатысқан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Сағымбек Өмірзақов, «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының директоры Болат Арыстанбаев, облыс әкімі аппаратының жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы мекемесінің басшысы Мыңділда Ршауов, Оңтүстік өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов табиғаттың тосын мінезінен туындаған қауіптің бетін сейілтуде атқарылған жедел шаралар турасында әңгімелеп берді.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, өткен аптаның соңында ауа райының күрт жылынуынан Қаратау беткейінен келген қарғын су Жаңақорған ауданының орталығындағы төрт көшені басып қалып, тұрғындарды біршама әбігерге салғаны белгілі. Алайда дабыл бойынша көтерілген төтенше жағдайлар қызметінің жедел шаралары нәтижесінде тұрғын үйлерді су басып қалуға жол берілмеді. Бұл жұмыстарға жетпістің үстінде адам күші мен он бестей техника жұмылдырылып, қауіпті жерлерде жұмыстар жүргізген.
Қазіргі таңда жағдай толығымен бақылауға алынды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жөнінде Жаңақорған ауданында үш комиссия тобы жасақталып, су алу салдарынан келген зардаптың шығынын анықтау және есепке алу жұмыстары жүргізілуде көрінеді. Тұрғын үйлер аулаларындағы жиналған су арнайы техникалар арқылы тартып алынып, көшелерге құм төселуде. Сондай-ақ халыққа таза ауыз су жеткізіліп берілуде. Бүгінгі күні төтенше жағдай жіті бақылауға алынып, бөгетті күшейту жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Елді мекенге қазір шын мәнінде қауіп төніп тұрған жоқ.
Брифингте салаға қатысты лауазым иелері журналистер сауалдарына бүкпесіз жауап берді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз