ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ БАС ЖОСПАРҒА САЙ БЕРІЛУІ ТИІС

51

0

Дүйсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен тұрақты кеңес болып өтті. Онда үш мәселе қаралды. Шараны ашқан аймақ басшысы ең алдымен кадрлық өзгерісті жеткізді. Облыстық құрылыс басқармасына Сержан Нәметшаның тағайындалғанын айтып, басқарма басшысының жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова ІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумын өткізуге байланысты атқарылатын шараларға тоқталды. Оның айтуынша, форум жоғары әрі ауқымды деңгейде 13-14 қарашада өтетін болады. Осыған орай, бірқатар шаралар атқарылады. Мәселен, форум барысында түрлі келісімдерге келіп, меморандумға қол қойылатын болады. Бүгінде осы шараларды жүзеге асыруда жергілікті басшылық қызу дайындық үстінде. Осы тұрғыда облыс әкімі: «Өңірімізге әлеуметтік-экономикалық серпін беретін форумның жоғары деңгейде өтуіне барлық жергілікті органдар атсалысуы тиіс. Өйткені, аймақ экономикасының алға өрлеуінде аталмыш шараның маңызы зор болмақ», – деді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ауыл шаруашылығы алқаптары мен меншік иелері бойынша түгендеу барысы туралы болды. Бұл жайында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев баяндады. «Бүгінде ҚР Өңірлік даму министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің 2012-2014 жылдарға арналған стратегиясы негізінде бірқатар жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Біздің аймақта да бұл жұмыс тиісті деңгейде орындалуда» деген басқарма басшысы облыс бойынша 3 жыл мерзім ішінде атқарылаған және әрі қарай орындалуға тиіс жұмыстарды кезең-кезеңімен атап өтті. Мәселен, 2012 жылы Қармақшы ауданында 243,9 мың гектар жерге, Жалағашта 260,8 мың гектар, Сырдарияда 156,3 мың гектар жерге түгендеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 3 аудан бойынша егістік жерлердің көлемі 75,6 мың гектардан 9,5 мыңға, жайылымдық жерлердің көлемі 535,2 мың гектардан 13,4 мың гектарға артқандығы байқалса, тыңайған жерлердің 7,2 мыңға, шабындық жерлердің 12,2 мыңға кемігендігі анықталған. Сондай-ақ, осы 3 аудан бойынша жер пайдаланушылардың саны 838 шаруашылықты құраған.
Ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген алқаптарды түгендеу жұмыстары биыл Арал мен Шиелі аудандарында жалғасатын болса, ал, 2014 жылы аталмыш жұмыс Жаңақорған, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласында жүзеге аспақ. Бұл жұмыстарды жүргізудің кестесі ҚР Жер ресурстарын басқару комитетімен келісіле отырып, ауылшаруашылық аэрофото-геодезиялық зерттеулер институты РМК-мен бекітілген. Қазіргі сәтте Арал мен Шиелі аудандарында түгендеу жұмыстарына 944 шаруашылық құрылымы енгізіліп, осы уақытқа дейін 655,2 мың гектар алқапқа далалық зерттеу жұмыстары жасалған. Жалпы, аталмыш аудандарда жер телімдерін түгендеу жұмыстары 1 қарашада толығымен аяқталатын болады. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев басқарма басшысынан кезінде жекешеленіп, қазіргі күні тиімді пайдаланылмай тұрған жерлер жайын, әрі Қызылорда қаласының шекарасын анықтау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар барысын сұрады. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан шараларды қатаң бақылауда ұстау керектігін, сондай-ақ, қаланың әуежай бағытындағы және Сол жақ жағалауынан беріліп жатқан жер телімдерін оңды-солды бермей, бас жоспарға сәйкес берілу қажеттігін қала, басқарма басшыларына қатаң тапсырды.
Жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев жаңадан салынып, пайдалануға берілгенімен, мемлекеттік тіркеуден өтпеген және бухгалтерлік есепке алынбаған нысандар жайын жеткізді. Облыс бойынша 2012 жылдың 31 наурызына дейін құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген 138 нысанның мемлекеттік тіркеуден өтпегендігі анықталған. Биылғы жылдың наурыз айында жүргізілген талқылау негізінде осы нысандардың 86-сы тіркеуден өтсе, 52 нысан есепке алынбаған. Ал, сәуір айында тіркеуден өтпеген нысандардың көрсеткіші 88-ді құрап, қазіргі таңда оның 24-і заңды түрде тіркелімнен өтіп отыр. Балансқа алынуы тиіс 64 нысанның 34-і құрылыс басқармасына, 22-сі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, 1-і жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, 3-і Арал, 3-і Жаңақорған, 1-і Қармақшы аудандарына тиесілі. 
Баяндамашының сөзінен байқағанымыз, құрылыс нысанын жоспарлау кезінде нысанды іске қосу, пайдалану мәселесінің жеткілікті қарастырылмау жағдайлары да орын алып, мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану мен қосымша шығындар жұмсау фактілері анықталған. Мәселен, Жалағаш кентіндегі КНС жүйесіне кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен қабылдаушы жақ қабылдамай, нәтижесінде нысан талан-таражға түскен. Ал, құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде бой көтерген Жаңақорған ауданының Байкенже және Бесарық ауылдарындағы дәрігерлік емханаларына құрал-жабдықтардың мердігер тарапынан толық жеткізілмеуі салдарынан алыс-беріс актісі әлі күнге дейін рәсімделмей отыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биыл облыста салынып жатқан 92 нысанның 78-і пайдалануға берілетінін атап өтті. Сондықтан қала және барлық аудан әкімдеріне өз аумақтарында салынған нысандардың мемлекеттік тіркеуден өтіп, бухгалтерлік есепке алу жұмыстарының 1-желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырды. Аталмыш жұмыстардың орындалуын бақылауда ұстауды орынбасары Н.Годуноваға жүктеді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз