ЖЕРЛЕСІМІЗ ҮШ МИЛЛИОНЫНШЫ ПАЙДАЛАНУШЫ

75

0

Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамыған
заманы. Қажетті құжаттар, коммуналдық төлемдер секілді қызмет көрсету түрлері онлайн жүйесіне ауысқан. Тіпті үйде отырып-ақ, қол жеткізуге болады. Мәселен, қарапайым ғана мысал келтіретін болсақ, бұрын мекен-жай анықтамасын алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ұзын-сонар кезекке тұрып, белгілі бір уақытта ғана алуға болатын. Ал, қазіргі таңда бұл мүлде басқа. Кезек күтпей «e-gov” порталы арқылы аз уақытта аласыз. Осы орайда елімізде е-gov.kz электрондық үкімет порталы 2006 жылдан бері жеке және заңды тұлғалар үшін мемлекеттік қызметтерді онлайн түрінде ұсынып келеді.

Жақында еgov.kz электрондық үкімет порталында үш миллионыншы пайдаланушы тіркелген. Ол Қызылорда қаласының тұрғыны Еламан Серкебаев болды. Еламанға мекен-жай анықтамасы керек болып, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгінген. Оған орталық қызметкерлері ЭЦҚ алып, еgov.kz порталында тіркелуді ұсынған. Нәтижесінде үш миллионыншы тіркеу пайда болған.

Еламан болса, бүгінгі күнге дейін электрондық үкімет порталының қызметін алып көрмеген. Бірақ оған орталық қызметкерлері мұнда келмей-ақ үйден коммуналдық төлемдерді төлеуге мүмкіндігі бар екенін түсіндірген. – Алдағы уақытта электрондық үкімет порталының қызметін жиі пайдаланатын боламын, – деді жас маман.

Айта кетерлік жайт, мерейтойлық пайдаланушыны Қызылорда ақпараттық технологиялар орталығының директоры Ә.Әбішев пен облыс бойынша «ХҚКО” РМК филиалы директорының орынбасары Айнұр Шорабекқызы құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз