ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН АНАЛАР

45

0

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында медициналық колледждің  мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жеңісті жақындатқан қайран біздің аналар» атты кездесу кеші болып өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ауыл шаруашылығының, құрылыс,  білім, медицина, баспасөз, сауда саласының ардагерлері, мұғалімдер мен студенттер  қатысты.   Құрметті қонаққа шақырылған отыздан астам ардагер аналардың барлығы дерлік соғыс жылдарында тылда еңбек етті,  өздерінің өлшеусіз еңбектерімен жеңісті жақындатуға үлес қосты.
Кездесуді ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов әлемдегі бар жақсылықтың күннің шуағы мен ананың жүрегінен жаралғанына, бақыттың өзі әйелдің табанының астында екендігіне тоқтала келіп, бүгінгі қонаққа шақырылған ардагер аналардың әрқайсысына қандай құрмет көрсетілсе де, көптік етпейтініне тоқталды.  
– Адам өмірінде әйел-анаға артылатын жауапкершілік пен оларға жасалатын қамқорлық аясы қашан да толастамайды,– деді  облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова.– Аймақтың түрлі салаларында жемісті еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан аналарымыз баршылық. Отбастарыңызда үнемі қуаныш, шаттық болсын, мерекелеріңіз құтты, денсаулықтарыңыз мықты болсын. 
Кездесуде ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Мауыты Кеншімбаева, облыстың құрметті азаматы, партия, кеңес саласының ардагері Алма Ақдәулетова, білім саласының ардагері Хадиша Нұғыманова, денсаулық саласының ардагері  Шырынкүл Ахметова өздерінің балалық шағынан  естелік айтты. Қаладағы №4,101 мектеп оқушылары ақжаулықты әжелеріне арнап,  би  билеп, ән шырқады, соғыс жылдарындағы аналар мен балалар өмірінен көріністер көрсетті. 
Жеңісті жақындатқан аналар құрметіне дастарқан жайылып, сый-сияпат көрсетілді. Жасалған құрметке ризалық білдірген әжелер атынан журналистика саласының ардагері Рысты Бекбергенова аналық батасын берді.
Ж.ТӘУКЕНОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз