ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС

80

0

ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС

Жұма күні Қазақстан Республикасы мәслихатының
құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов, Мұрат
Бақтиярұлы және облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Мерекелік басқосуды ашқан
облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Нұрмұрат Ерманов депутаттар
халық атынан мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдайтынын жеткізді. «Аймағымыздың
өркендеп, экономикасының нығаюында, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының өсіп,
дамуында сайланған әр депутаттың қолтаңбасы бар. Алдағы уақытта да халық
қалаулыларының атқарар жұмысы мол», – деді депутат.

Ал салтанатты шарада сөз
алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәслихат депутаттарын жиырмажылдық
мерекесімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Сонымен қатар, Мәслихаттар
институтының негізі 1993 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының
жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» ҚР Заңының негізінде қаланғанын
тілге тиек етті. Ал осыдан кейін, яғни 1994 жылдың наурызынан бастап бұған
дейін жергілікті мәслихаттар қызметін атқарып келген облыстық, қалалық,
аудандық кеңестер өкілді орган – мәслихаттарға орын берді. Бұл, әрине, бұрыннан
ізі болғанмен, енді ғана дербестік алған мемлекет үшін аса зор міндетті жаңа
қырынан жүргізуге тура келетін жауапкершілік жүктеді. Міне, сол мәслихаттардың
бүгінге дейін бес шақырылымы болды.

– Ел тағдыры жолында
қандайда бір маңызды қызмет болмасын оның өмірлік өлшемі, жеткен жетістігі
таразыға түсіп отыратын кезең болады. Бүгін біз тағы бір айтулы белестің куәсі
болып отырмыз. Бұл – Қазақстан Мәслихаттарының жиырма жылдығы асуы. Мәслихат
құзыретіне заңмен жатқызылған міндеттерді талап деңгейінде орындай отырып,
халықтың сенімі мен үмітін адал ақтауда және елдің әлеуметтік-экономикалық,
саяси тұрғыдан жан-жақты дамуы жолында қоғамды барынша жұмылдыруда халық
қалаулылары беделді күшке айналды. Әрине, халықтың өзі сенім білдіріп, аманат
артқан көптеген депутат бүгінде халықтың сыйлы азаматтары. Нағыз халық
қалаулысына айналу оңай емес, бұл – елге деген шексіз мейірім, білім мен
тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абырой. Өз сайлаушыларының аманатын
азаматтық парызым деп біліп, туған өлкесінің өркенді келешегі үшін еңбегін аямаған
депутаттардың есімін түгел атап шығу міндет емес. Ең бастысы, мәслихаттар
өмірге келгелі өткен жиырма жыл ішінде олар өкілді орган есебінде қыруар іс
тындырды. Мәслихаттар алғашқы құрылған жылдары еліміздегі экономика дамуы
төменгі деңгейде болды. Осы кезеңдерде сайлаушылар, қарапайым жұртшылық
өкілдері депутаттарға жеке бас мүддесімен жиі аманат артты, депутаттар өз
сайлаушыларының өтініш-тілектерінен көз ашпады. Ал қазіргі уақытта
сайлаушылардың жеке бас мүддесіне емес, ортақ, қоғамдық мүддеге сай өтініш-тілек
білдіруі еліміздің жарқын жетістіктерге жете бастауының айғағы. Осынау жиырма
жылда облыста мәслихат депутаты болған азаматтар Сыр елінің өсіп-өркендеуіне
өлшеусіз үлес қосты, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Бұдан кейін мерейтойға орай
ұйымдастырылған марапаттау рәсіміне ұласты. Атқарушы билік пен халықтың
арасында алтын көпір болып, елеулі қызмет атқарып келе жатқан депутаттарға
«Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» мерекелік медалі табыс­талды.
Марапатталғандардың ішінде сенаторлар Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы мен
Аманжол Оңғарбаев, Абзал Ералиев, Самұрат Имандосов, Көлбай Данабай сынды
бірқатар мәслихат депутаттары бар. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы
Қорғанбек Қайруллаев пен хатшысы Қожамжар Наурызбаевтарға да осындай құрмет көрсетілді.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз