Жол азабын кім тыңдайды?

1369

3

«Ашынғаннан шығады ащы даусым» деген. Жол азабын жүргінші біледі. Арал ауданының Жаңақұрылыс елді мекені мен Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылының ортасын байланыстырып тұрған 36 шақырым тасжолдың күрделі жөндеуден өтпегеніне 30 жылдан асты. «Осы жол қашан жөнделеді» деген жаңақұрылыстықтардың арманы биыл іске асқандай болып еді. Қуанышымыздың ұзаққа барар түрі жоқ. Оған себеп не екенін білмейміз. Жол жөндеуі сылбыр басталып, бірде тоқтап, бірде жұмыс жасап жатыр. Оның сапасы бір өздеріне аян.

Менің негізгі айт­пағым, осы жолды жөндеуге, яғни, «Қара­терең-Жаңа­құ­рылыс» бағытындағы тасжолға Қазалы ауда­нының Бекарыстан би ауы­лы арқылы қиыршық тас, асфальт тиеген ауыр жүк көліктерінің онсыз да ой-шұқыры шыққан жолды қиын жағдайға жеткізуі. 5 шақырым жолды жөндейміз деп 13 шақырым жолды іске асырмай тастады. Бұған кім жауап береді?! Бүлінген 13 шақырым жол Қазалы ауданына қарайды. Бұл жолмен тек Жаңақұрылыс халқы жүрмейді. Тастақ, Қаратерең, Қарашалаң, Көкарал бөгеті арқылы Ақбасты, Ақеспе және Арал теңізінде балық аулайтын қаншама кәсіпкер жолаушылар қатынайды. Осы жолмен жүргіншілер Қазалы ауданы арқылы үлкен күре жолға шығады. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – адам денсаулығының жағдайы. Ауру айтып келмейді деген. Аяқ астынан ауырған адамды, босанатын әйелдерді ауруханаға жеткізуге қиыншылық тудыруда. Ауырған адамды Арал ауданы ауруханасына апаруға мүмкіншілік жоқ. Сырдария өзеніне орналасқан Хан елді мекеніндегі қалқымалы көпір қайықтың өзінен ав­то­машина тұрмақ жаяу адамдардың өтуі оңай емес. Адам жүрсе тең­селіп, өміріне қауіп төн­діреді. Оның жайын жауап­ты орындарға айтып-айтып қойдық. Жоғарыда айтылған елді мекендердің күнделікті тіршілігі Қазалы ауданында.  Халыққа қиыны – бүлінген 13 шақырым жолдың жайы. Көптің мұңын өз көзіммен көрейін деп барғанымда жолаушылар автобусының шұңқырға түсіп, майлы топырақ кешіп, құмға батқан автобусты итеріп жатқан адамдарды көріп, жүрегім ауырды. Әсіресе әйелдер, жас аналарға қиын. Осындай жол азабын білгеннен кейін ақпарат құралы арқылы жеткізуді жөн көрдім. Ендігі жерде комиссия құрылып, жолға жауапты адамдардың шындыққа көздерін жеткізіп, тез арада жөнделуіне ықпал болады деп сенеміз.

Сердалы ШАЛБАЕВ,

КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі, Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<