ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНІҢ ТАЛАПТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

49

0

Өткен жылғы желтоқсан айының жиырма бесінші жұлдызында Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі «Жол жүрісі туралы» Заң жобасын мақұлдаса, биылғы қаңтар айының соңғы күндері Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары Аталған заң мен оған ілеспе жобаларын бірінші оқылымда-ақ мақұлдаған болатын.
Бұл заң жобасын ұсынған жұмыс тобының жетекшісі, халық қалаулысы Рамазан Сәрпековтің айтуынша, қолданыстағы 1996 жылы қабылданған заң тек жол қауіпсіздігіне ғана қатысты болса, қазіргі заңның көлемі одан кең көрінеді. Яғни, жолға қатысты барлық мемлекеттік органдардың жол қозғалысына қатысты әрекеттері реттеледі екен. Енді жолды жоспарлау және салу, жол құрылысын өткізу мен қабылдап алу, оны пайдалану, жол жөндеу мен жол апаттарын тексеру сияқты түрлі мемлекеттік органдардың әрқайсысының заңдарында қарастырылған жолға қатысты баптардың барлығы іріктеліп, бір заңға шоғырландырылыпты.
Ал еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметінше, осы заң жобалары қабылданған соң, жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жаза күшейтілетін болыпты. Мысалы, Қазақстанда тұңғыш рет «мүгедектерге арналған тұрақ орнына» көлігін қойған, тіпті тоқтағаны үшін «он екі мүшесі сау» жүргізушілерге қатысты әкімшілік жаза енгізілсе, басқа да жаңа жауапкершілік түрлері өмірге жолдама алмақшы екен.
«Жол жүрісі туралы» жаңа заңға орай газет тілшісі облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алтынбек Ахметовті әңгімеге тартқан еді.
– Алтынбек Меңлібайұлы, жаңа заңның жаңалықтарын таратып айтып берсеңіз?
– Бұл заң елді елең еткізер жаңалықтарға толы болмақ. Жол ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлды тез төлегендерге енді жеңілдік жасалады. Осы заң жобалары түпкілікті қабылданған соң, егер көлік иесі жол-көлік оқиғасы үшін салынған айыппұлды мойындап, оны өтеуге тәулік ішінде келсе, оның тең жартысын төлеуге мүмкіндік беріледі. Ал жеті күн ішінде төленсе, айыппұл отыз пайызға азаяды.
Енді елімізде жүргізушілерді даярлау ережелерін бұзған автомектептер, автокөліктің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіндігін растайтын сертификатты негізсіз берген техникалық байқау ұйымдары жауапкершілікке тартылады. Сонымен бірге жол жүру ережелерін ұдайы бұзатын жүргізушілер үшін жаза қатайтылатын болды. Айталық, бағдаршамның қозғалуға тыйым салатын «қызыл көзін» елемей үш рет өтіп кеткен «темір тұлпар» иелері бұдан былай көлік басқару құқынан жарты жылға айырылады.
Сондай-ақ көліктердің ел арасында жоғары сұранысқа ие «мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері» алдағы уақытта ашық сатыла бастайды.
– Жол-көлік оқиғалары көбінесе масаң күйде рөлге отырғандар тарапынан туындайтыны белгілі. Олардың жазасы қандай?
– Жаңа заң жобасы бойынша көлікті мас күйде жүргізу үстінде алғаш рет ұсталғандарды жүргізу құқығынан үш жылға айыру ұсынылып отыр. Ол бұрын екі жыл болатын. Мұндай жағдай екінші рет қайталанатын болса, онда жүргізуші он бес тәулік әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл бойы көлік жүргізе алмайды. Ал, «ер кезегі үшке дейін» демекші, осынша мәрте жолсыздыққа барған жүргізуші отыз тәулік әкімшілік қамауға алынады және он бес жылға жүргізушілік құқынан айырылады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, егер мас күйде көлік апатын жасап, адам өліміне соқтыру немесе адам денсаулығына ауыр зардап келтіру қолданыстағы заң бойынша «абайсызда жасалған қылмыс» қатарына жатқызылады. Ең жоғарғы жазасы он жылға дейін бас бостандығынан айырып, қоныс колониясында өткізуге кесіледі. Шетелдерде бұл «қасақана қылмыс» болып есептеледі. Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында бізде де ол «қасақана жасалған қылмыс» қатарына қосылып отыр. Бірақ бұл ізгілендіру процесінен ауытқу деген сөз емес. Кішігірім және орта дәрежелі қылмыстарды егер жәбірленуші мен қылмыс жасаушы өзара келіссе, тіпті сотқа жеткізбей мәмілеге келуді көздейтін ізгілендіру тұрғысындағы принциптер сақталмақшы.
– Жаңа заңда тағы қандай өзгешеліктер бар? Жүргізуші куәлігінде ше?
– Жаңа заң қабылданса, жүргізушілеріміз қай мемлекетке барса да, уақытша көлік алып жүргізуіне болады. 2010 жылы елімізде «1968 жылы Венада қабылданған жол қозғалысы туралы Конвенцияға қосымша Еуропалық келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданған болатын. Бұл құжат бойынша Қазақстандағы жол ережелері туралы заңнама халықаралық талаптарға сай болуы керек. Сондықтан жүргізуші куәлігін төлқұжат ретінде пайдалана беруге жағдай жасалмақ. Бізде де барлығы дүниежүзі қолданып жүрген ұғымдарға сәйкестендіріліп, көлікке де, жүргізушіге де халықаралық талаптар қойылады.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігі 7 категория (А, В, С, Д, ВЕ, СЕ, ДЕ) және оған қосымша 6 категория (А1, В1, С1, Д1, С1Е және Д1Е) бойынша беріледі. Бұл да халықаралық конвенция талаптары бойынша өзгертілген.
– Алтынбек Меңлібайұлы, өзіңіз басқарып отырған құрылымның жүргізушілерге қатысты құқықтары мен міндеттеріне өзгерістер енгізілді ме?
– Бізге қолданыстағы заңда барлық мүмкіндік берілген. Одан әрі күшейтудің қажеті жоқ. Бүгінгі нормалардың өзі тиісінше орындалса да, қазіргі келеңсіздіктердің тең жартысы азаяр еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз