ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

39

0

Республика аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” транзиттік дәлізінің құрылысы және «А-17 Қызылорда-Жезқазған-Павлодар-Успенко-РФ шека¬расы” республикалық автомобиль жолының жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Ақтөбе, Астана және тағы да басқа облыс орталықтарымен жаңа автобус маршруттарын ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге, Шиелі ауданында алдағы жылдары транзиттік дәліз бойынан жаңа автостанция құрылысын салу да жоспарлануда. Бұл туралы «Сыр медиа” ЖШС жанынан құрылған Қызылорда облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтылды. Кезекті баспасөз мәслихатында облыстың көлік инфрақұрылымындағы соңғы жаңалықтар мен жыл бойы атқарылған жұмыстар жайлы мәліметтер берілді. 
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытбек Жұпарбековтың айтуынша, облыстық маршруттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлға әр түрлі сыйымдылықтағы 1451  автобус арқылы жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде. 2012 жылы ауданаралық маршруттардағы тасымалдаушылардың өз қаржысы есебінен және «Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының аясында 19 автобус, өткен жылы 12 автобус жаңартылды. 
Брифингте тілшілер қауымы көпшілікті толғандырған сауалдарды сала мамандарына қойды. Әсіресе, жаңадан құрылған «Қызылорда” автобус паркі” ЖШС директоры Мұрат Нұғмановқа көп сұрақтар берілді. Айта кету керек, 20 заманауи автобус бүгінде облыс тұрғындарына қызмет етуде. Алайда, ол автобустардың мерзімінен кеш берілуі көпшілікті толғандырды. Бұл жайында мамандар былай деп түсіндірді. 
– Жалпы, облыс орталығында жолаушылар қызметін жақсарту мақсатында қала әкімдігі мен «Байқоңыр” ӘКК екі кезеңнен тұратын автобус паркін жаңарту жобасын әзірледі. Расында, қаңтар айында берілетін бұл автобустар мерзімінен кешіктіріліп іске қосылды. Оның негізгі себебі, жаңа автобустардың көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілмеуі. Қыстың қатты болуының салдарынан аймақта газдың сыйымдылығы біршама төмендеді. Біз мұндай автобустарға қажетті көгілдір отынды әзірге жеке адамның иелігіндегі газ құю бекетінен алып отырмыз. Осы жылы құрылысы басталатын 200 автобустық орталық толығымен салынып біткенде, өзіміздің осындай газ құю бекетіміз болады. Сонымен қатар, бұл орталықтың құрылысы 80 пайызға аяқталғанда қалған 100 автобус әкелінеді. Бүгінде шетелден арнайы шақыртумен келген кеңесші мамандар біздің өңірге қолайлы автобустарды таңдауға, ондағы билет жүйесінің жұмысын реттеуге көмектесуде. Қала тұрғындары үшін жаңа автобустар түнгі онға дейін қызмет етеді. Біз халықты осыған үйреткелі отырмыз, – дейді «Қызылорда” автобус паркі” ЖШС директоры.
Алдағы жылы облыс тұрғындары «Қорқыт ата” әуежайының жаңа терминалы іске қосылған уақытта шетелге бірден шығу мүмкіндігіне ие болады. Облыс көлеміндегі әуе тасымалы саласындағы жұмыс жоспарларымен бөліскен «Қорқыт ата” әуежайы” АҚ авиакәсіпорнының директоры Қалқаман Жағыппарұлы осындай жағымды жаңалықтан хабардар етті. Қазіргі таңда, терминалдың салынуын күтпестен Қызылорда қаласы әуежайы арқылы Ресейге, Түркияға, Қытайға және Біріккен Араб Әмірліктеріне халықаралық әуе рейстерін орындауға ұлттық және шетелдік компаниялар қызығушылық білдіріп отыр. Осыған орай, әуежай кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге өтінім жолданды. 
Баспасөз мәслихатында мұнан өзге де мәселелер сөз болды. Мәселен, жолдардың сапасының зерттелуі, қаладағы кіші сыйымдылықтағы маршруттар жүргізушілерінің тәртібі мен жол қозғалысын қадағалайтын әмбебап полиция қызметкерлерінің қызмет көрсету этикасы сияқты жайттар БАҚ өкілдерін қызықтырды. Ал, қазіргі таңда Сұлтан Бейбарыс көшесінде бірқатар нысандардың пайдалануға берілуі себепті, тұрғындар сұранысы бойынша қалаішілік тасымал сызбасы өзгертілуі мүмкін. Бұл алыс аймақтардан қатынайтын жолаушылар үшін қолайлы болмақ.  
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз