Жұртшылықты қуантқан жәрмеңке

87

0

Жұртшылықты қуантқан жәрмеңкеҚызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жеті аудан облыс орталығына әкелген әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 53 түрі нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзанға сатылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барлық ауданның жәрмеңкесінде болып, сатушылар және тұтынушылармен жүздесті.

Сыр диқандарының ала жаздай еңбегі ақталып, күріштің әр гектарынан 50,1 центнерден өнім алынды. Қамбаға 395 мың тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Бұл – еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары рекордтық көрсеткіш.

Жәрмеңкеге 926 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Басты брендіміз – күріштен бастап көкөніс, бақша дақылдары, ет, мал азығы қала тұрғындарының қалтасына қонымды бағамен сатылды.

Қызылорда қаласы облыс орталығы болғанымен, іргедегі ауылдар ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. Мерекеде қаланың шаруашылықтары Әйтеке би көшесінің бойында жәрмеңке ұйымдастырды. Қаланың батыс бөлігіне қармақшылықтар арзан бағада өнім сатса, Титов қыстағында Жалағаш ауданының жәрмеңкесі өтті.

Күріштен рекордтық көрсеткіште өнім алуға қармақшылық «Жаңажол» және сырдариялық «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері елеулі үлес қосты. Екі шаруашылық та Сыр салысының әр гектарынан 70 центнерден астам өнім жинады. Күріш алушылардың қарасы осы екі ауданның жәрмеңкесінде көп болды.

Ал Арал мен Қазалы ауданының жәрмеңкесінде балық саудасы қызды. Мұнда балықтың өңделген түрлеріне дейін сатылды.

Мерекелік шара «Сыр Ана» монументінде
жалғасты. Мұнда «Қызылорда – алтын қазақ ән орда!» атты этноауыл қойылымы
болды. Бір сөзбен айтқанда, киіз үйлер тігіліп, салт-дәстүрлер жаңғыртылды.
Тоқшылық тойында тұсаукесер рәсімі жасалып, жергілікті өнерпаздар әннен шашу
шашты.

Осы күні қаланың барлық шағын
аудандарында мереке жоғары деңгейде аталып өтілді. Спорттық сайыстар да
ұйымдастырылып, қол күрес, қазақ күрес, арқан тартудан мықтылар анықталды.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз