ЖЫЛУ ТҰРАҚТЫ БЕРІЛУІ ТИІС

57

0

Санаулы күндерден кейін жылу беру маусымы да басталады. Оған біздің әзірлігіміз қалай? Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен қысқа дайындық жөніндегі облыстық штабтың кезекті отырысында осы мәселелер жан-жақты түрде сарапқа салынды.
Мәжілісте алғашқы болып облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Шәменовтің хабарламасы тыңдалды. Оның айтуына қарағанда қысқа әзірлік жұмыстары аяқталуға жақындап қалған. Қала мен аудандардағы жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиісті 322 білім нысанының 99,7 пайызындағы жұмыстар толық аяқталған. Денсаулық сақтау нысандарындағы жөндеу жұмыстарының көрсеткіші де осындай. Ал мәдениет нысандары толықтай жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, 141 жылу қазандықтарының да 99 пайызы толықтай жөнделген. 
Облыс бойынша әлеуметтік нысандарды қамтамасыз ету үшін 44 мың тонна қатты отын қажет болса, онда оның 32,2 мың тоннасы жеткізілген. Ал, қажетті 32,2 мың тонна сұйық отынның бар болғаны 7,6 мың тоннасы жинақталған. Соның ішінде Жаңақорған, Қармақшы және Шиелі аудандарында сұйық отынды жинақтау көрсеткіші төмен. Бұл осы отынды алуға арнайы қаржы бөлініп қойғандағы жағдай. Ал оның жеткізілмеуін аудан және облыстық білім басқармасының басшылары сұйық отынды сақтайтын сыйымдылықтардың көлемі кіші екенін алға тартады. Сондықтан да бұл отынды жеткізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақшы.
Сонымен қатар тағы бір басты мәселе, ол жылу беру маусымы кезінде қаланың жылу өндіретін өндіріс орындарына табиғи газдың жетіспеуі де мүмкін. Сондықтан да олардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мазут қорын жинақтау да қолға алынған. Негізі бүгінде «Қызылордажылуэлектрорталығы», «Қазалытеміржол-жылу» МКК мен «Қызылорда электр тораптарын тарату компаниясы» АҚ жылу беру маусымына толық дайын.
– Алдағы аптада жылу беру маусымы басталады. Оған облыстың энергетиктері жан-жақты түрде дайын болуы қажет, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. – Сондықтан да нақты жұмыс кестесін жасау керек. Басқарма қызметкерлері сол кестеге сай ғана демалып, қалған уақытта жылу беру жұмысын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Соның ішінде мекемелердің әрбір қызметкері кез келген уақытта нысандар мен жылу жүйелерін тексеруге дайын болуы қажет. Ал энергетика басқармасы осы жұмыстардың барлығын үйлестіріп отыруы тиіс. Жалпы жылу маусымы барысындағы жұмысты қадағалап отыру облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевқа жүктеледі.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов облыстағы мектептер мен балабақшалардың жылу маусымына дайындығы жөнінде айтып берді. Атап айтқанда білім мекемелеріне қазірдің өзінде 100 мың тоннадан астам қатты отын мен 199 мың тоннадан астам сұйық отын жинақталған. Жалпы бұл отындарды алуға 982 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде қысқа қажетті отындардың 85,5 пайызы жнақталса, қалған бөлігін әкелу жалғастырылу үстінде.
Облыста бүгінде 338 медициналық нысан жұмыс істейді. Оның 59-ы орталық жылу жүйесіне қосылса, 228-і қатты отынмен жылытылады. Сондай-ақ, үш нысан газбен және 48 нысан сұйық отынмен жылытылады. Осы нысандардың жылу маусымынан қиналмай шығуы үшін 587 млн. теңге бөлінген. Осы жөнінде хабарлама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков басқарма жанынан арнайы жұмысшы тобы құрылғанын атап өтті. Бұл жұмысшы тобы жылу маусымы барысындағы жұмыстарға бақылау жасайды. Бүгінде облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінің 99 пайызы қысқа дайын. Дейтұрғанмен, Қармақшы және Жалағаш аудандық ауруханаларында қысқа дайындық барысында кедергілердің кездескені рас. Қазір бұл мәселелер рет-ретімен шешілу үстінде.
Басқарма басшысының хабарламасын тыңдаған облыс әкімі екі аудандағы кемшілікті тездетіп жойып, олардың жылу беру маусымына толықтай дайын ету қажеттігіне назар аударды. Жалпы білім және денсаулық сақтау нысандарын жылумен қамтамасыз ету ісі маусым бойына қатаң бақылауда болады.
Алдағы жылу маусымына дайындық барысында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК өз қаржысы есебінен 881,9 млн. теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған. Қазір бұл жұмыстың 96 пайызы аяқталған. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Асқар Бекмағамбетовтің әңгімесіне қарағанда енді №3 турбогенераторды күрделі жөндеуді 15 қазанға толық аяқтамақшы. Сондай-ақ, ол қаланы ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар зерттеулердің жүргізілгендігін де айтты. Осы зерттеулер көрсеткендей, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің жоғар қабаттарына еш қиналыссыз көтерілетін ауыз су жүйелері бар 101 үйге кварталаралық бойлер қойып, ыстық сумен қамтамасыз етуге болады. Қазір бұл жұмыстардың техникалық-экономикалық жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сондай-ақ, өндіріс басшысы кәсіпорынның жылу үшін алатын алашағы 151 млн. теңгені құрайтынын, оның 121 млн. теңгесі көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындарының қарыз екенін айтып өтті.
Штаб жұмысын қорытқан облыс әкімі ең бастысы жылу маусымын қажетті деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті. Тұрғын үйлерге жылу үздіксіз берілуі тиіс. Жалпы тұрғындар қажетті деңгейдегі жылумен, газбен, электр қуатымен қамтамасыз етілуі керек. Осындай қызметтер үшін тұрғындар мен басқа да тұтынушылар оның ақысын уақытылы төлеуі қажет. Болмаған жағдайда қызмет ақысын төлемегендерге қатаң шара қолданылады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз