Жылы сөз – жанға қуат

112

0

Жылы сөз – жанға қуатМәслихаттың
қалыптасу кезеңінде еңбек еткен Ерғали Сансызбаев ағамыз бүгінде 70-тен асқан
қария. ҚР Мәслихаттарының 20 жылдығы мерейтойына байланысты ардақты ардагер
Ерғали ағамызды облыстық мәслихат аппаратының басшысы Мэлс Қосмамбет пен облыстық
сайлау комиссиясының хатшысы Қожамжар Наурызбаевпен бірлесе отырып үйіне іздеп
барды. Мэлс Назарұлы ардагер ағамызды мерейлі мерекемен құттықтап,
«Қазақстан мәслихаттар депутаттарының
бірлестігі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан мәслихаттарына-20
жыл» медалімен марапаттады. Көрсетіп жатқан мұндай құрметке ақсақал балаша
қуанып, ризашылығын білдіріп жатты. Сәлден соң Ерғали аға өз өмір жолын еске
түсіріп, баяндап берді.

Сұлутөбе
қасиетті қоныс, топырағы құнарлы. Бұл
құнарлы топырақтан Алаштың азаматы, біртуар перзенті Мұстафа Шоқай,
жазушы-драматург Мырзабек Дүйсенов, Бағыбек Құндақбаев түлеп ұшқан. Ерғали
ағамыз да осы өңірдегі «Бірлестік» атты ауылда 1941 жылы дүние есігін ашқан.
Кішкентайынан алғыр болып өскен жас жігіт Гоголь атындағы институттың
физика-математика факультетіне түсіп, мұғалім мамандығын игеріп шықты. Ол
жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолын Сұлутөбе ауылындағы Ломоносов
атындағы №41 мектепте бастайды. 1967 жылы Сырдария аудандық партия комитетінің
бірінші хатшысы Еламан Жүнісбаев мектептегі жас маманның қабілетін тез байқап,
өз аппаратына қызметкер қылып алғысы келеді. Алғашқыда «Білім» қоғамындағы
хатшылық сынынан өтіп, нұсқаушылық қызметке ауысады. Кейінірек білікті де
білімді Хамит Ембергенов, Ермекбай Ертуғанов, Сұлтан Үсенов сияқты ағаларының
қамқорлығына бөленіп, тәлім-тәрбие алып, қалалық атқарушы органында жұмыс
атқарады. Онда бас маман қызметін атқара жүріп, ұйымдастыру бөлімінің басшысына
дейін көтеріледі. Өз саласының нағыз маманы 5 жыл араға үзіліс салып ұстаздық
біліктіліктен де кенде еместігін қаламыздағы №70 орта мектептің директоры бола
отыра дәлелдейді. Алайда, басшылықтың өтінішімен 1992 жылы қалалық атқарушы
органға қайтадан өз қызметіне оралады.
Дәл сол кезеңдерде мәслихаттар құрылып, жұмысын енді бастап жатқан еді. 1994
жылдан бастап Қызылорда облыстық мәслихатының баспасөз-хатшысы қызметінде жұмыс
жасайды. Алғашқы шақырылым хатшысы Бақытбек Ермақашев болатын. Елімізде 1993
жылы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді
және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының заңы мемлекеттің даму
бағытын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған еді.
Мәслихаттар осы заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті
іс-әрекет етуін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган өкілеттілігіне ие болып,
қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты
нығайтуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған экономикалық
және саяси реформаларды жүзеге асыруға белсенді түрде араласа бастады. Бұл
жұмыстардың барлығына, әрине, мәслихат аппараты қызметкерлерінің заң
талаптарына сәйкес құжаттамалық, хаттамалық және техникалық қамтамасыз
етулерінің нәтижесінде жүзеге асырылды дей келе, аппараттың ішкі жұмыстарының
ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды.

Уақыт алға
жылжыған сайын өкілді орган-облыстық мәслихат қызметінде тың серпін,
бетбұрыстар пайда болып, мәслихат өз дамуын жалғастыра берді. Алайда, даму
жолында білікті де тәжірибелі маман ілесіп жүре алмады. Елуден асқан шағында
ауруға шалдығып, сол қолы мен аяғы семіп қалды. Он бес жыл бойы таяққа әрең
сүйеніп, сыртқа шығады. Сүйікті жары Күлжан беймезгіл сәтте көз жұмып, бес
бірдей ұл-қызын артына қалдырып жүре берді. Дегенмен, тағдыр салған бар
ауыртпалықты қара нардай қайыспай көтеріп келеді. Қазір 2 ұлы, 3 қызы бар.
Олардан тараған 14 немересі мен 4 шөбересінің балдай тәтті қылықтары мен
сүйіспеншіліктері биік шыңға көтергендей болады.

Облыстық
мәслихат аппаратының ақпараттық тобы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз