ЖҮЗЖЫЛДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН МЕРЕКЕСІ

49

0

ЖҮЗЖЫЛДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН МЕРЕКЕСІКеше Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда Қазақстан футболының негізі қаланғанына – 100, «Қайсар» футбол клубының құрылғанына 45 жыл толуына орай арнайы шара өткізілді. Аталмыш шара барысында «Қайсар» командасы мен Қазақстан құрамасы ардагерлері жолдастық кездесу өткізді. Оны тамашалауға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келді. 
Кездесуді облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының басшысы Нұржан Әлібаев ашты. Қазіргі таңда әлемде жанкүйердің жоғары деңгейде қызығушылығын туғызып отырған спорттың бұл түрі біздің елімізде дамып келеді. Осындай оң істер біздің аймақта да байқалып отыр. Жергілікті команданы қолдауға облыс басшылығы тарапынан қамқорлық көрсетілуде. 
Осыдан кейін Қазақстан футбол федерациясы кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Михаил Гурман сөз алып, қай кезде де бұл аймақта талантты өрендердің көптеп шыққанына тоқталды. Сондай дарынды ұландар алдағы уақытта да аймақтың абыройын арттырып, беделін биіктете түседі деген сенім бар. 
Команда мен құрама ардагерлері арасындағы кездесу шиеленісті өтті. Құрама сапында Асқар Қожабергенов, Сергей Кулинич, Сергей Пасько, Юрий Коньков, Марат Есмұратов, Телеухан Тұрмағанбетов секілді ойыншылар болды. Алма-кезек шабуылмен өрбіген ойында қос команда да өз шеберліктерін паш ете білді. Дегенмен, құрама футболшылары біздің қақпаға екі доп енгізіп, жеңіске жетті. Кездесу соңынан ардагер ойыншыларға ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.  
Аталмыш шара барысында футболдан бірінші сынып оқушылары арасындағы турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінген командалар арнайы сый-сияпатқа ие болды. Бірінші орын №136 мектеп оқушыларына бұйырса, одан кейінгі орындарды №198 және 142 мектептің өрендері өзара бөлісті. Оны «Қайсар» клубының белді футболшылары Борут Семлер мен Жасұлан Молдақараев тапсырды. 
Әділжан ҮМБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз