АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ - ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨЗЕГІ

Әлемде мұнай бағасының күрт төмендеуі қара алтынмен қазынасын толтырып отырған елдер үшін қиындық тудырғаны жасырын емес. Мұнай өндіруші ел ретінде танылған мемлекетімізге бұл экономикалық өзгеріс өз салқынын тигізді. Елімізде қара алтын өндірісі қысқарып, экономиканы әртараптандыруға күш салынды. Соның ішінде республика бойынша қысқарған мұнайдың 70 пайызы тиесілі Сыр өңірінде өндірістің өзге түрлерін дамыту қажеттігі туындады. Әсіресе, ежелден ата кәсіп саналған ауыл шаруашылығын өрістету қарқын алды. Қазіргі таңда облыста аталған сала бойынша атқарылып жатқан айшықты істерді соған дәлел ете аламыз.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл аймақ бойынша бекітілген сызбаға сәйкес 168,7 мың гектар алқапқа дақылдарды орналастырылу жоспарланған. Оның ішінде дәндi, майлы, мал азықтық дақылдар, картоп, көкөнiс, бақша өнімдері бар. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы күріш көлемі былтырғыдан 2,1 мың гектар аумаққа артық егілді. Себілген Сыр маржанының көлемі – 78,4 мың гектар.

Облыста егін шаруашылығын жүргізуге қажетті суармалы жерлердің жалпы ауданы шамамен 240 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыспалы егіске ағымдағы жылы 180 мың гектар тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Осылайша Мемлекет басшысының тасқын суды жинау және суарылатын жерлердің көлемін арттыру тапсырмалары жүйелі жүзеге асуда.

         Өңірде төрт түлікті түлетіп, ата кәсіпті өрістету жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысушы ағайынның саны артуда. Оған әрине осы сала бойынша қабылданған бағдарламалар мен мемлекет көмегінінің септігі мол. Түрт түліктің санын арттырып, өз ісімді дөңгелетемін деген кәсіпкерлерді кооперативтерге біріктіру жобасы жасалды. Мал тұқымын асылдандыруға да мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ, ата кәсіппен айналысушы азаматтардың тәжірибе алмасуы үшін қарт Қаратаудың етегінде дәстүрлі түрде малшылар слеті өткізіліп келеді. Аталған шара биыл да мамырдың мамыражай күнінде қолға алынды.

         Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекелестіктегі артықшылықтарын бағалау мақсатында маркетингтік зерттеулер жүргізіліп келеді. Осы орайда өңір әлеуетін ескере отырып, облыстың 2020 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың агрокартасы жасалды. Бүгінде Иран, Қытай, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытуда. Осыған сәйкес биылдың өзінде облыс аумағынан 100 тонна мүйізді ірі қара етін және 25 тонна қой етін экспорттау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қойды тірідей экспорттауға қызығушылық білдірген бірнеше ирандық компания басшыларымен мал және ет сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізілді. Осы бағытта «Сыр маржаны» және «Шаған жер» жауапкершіліктері шектеулі серіктестерінің 6000 басқа арналған мал бордақылау алаңдары экспортқа шығаратын ірі қара етін өндіретін болады. Одан бөлек «Абай-Дәулет» серіктестігі 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешеннің құрылысын аяқтап, өз жұмысын бастап отыр.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы ет экспортын қамтамасыз ету үшін халықаралық ветеринарлық талаптарға сай келетін ет комбинатын салу жоспарлануда. Бүгінде өнім өндіру үлесі әлі де болса ұсақ шаруашылықтарға тиесілі. Сондықтан өңірде сервистікдайындау орталықтарын орналастыру схемасы жасалды. Одан бөлек өңірде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бүгінде бұл кооперативтер саны 60-қа жетті. Онда 1232 жеке және қосалқы шаруашылықтардың бас біріктірілген. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған бұл ауқымды шаралар мал өнімдерін тек өндіріп қана қоймай, экспорттауға да мүмкіндік береді.

            Ауыл шаруашылығы саласына дем беріп, шаруа адамының басын қосатын слет тек Қаратау етегінде ғана емес, теңіз төскейінде де аталып өтті. Алайда Арал өңіріндегі шара су маржанын сүзген балықшыларға арналды. Теңіздің тартылуымен тынысы тарылған балық шаруашылығы  бүгінде қайта жанданып келеді.

Айдынды Аралдың бүгінгі думаны САРАТС жобасының жүзеге асуымен байланысты. Теңіздің бір бөлігін сақтауға бағытталған жұмыс өз нәтижесін беріп, енді келесі кезеңін іске асыру көзделуде. Ол күн де алыс емес. Тіпті, жыл соңына дейін қолға алу жоспарлануда. Бір кездері алыстап кеткен теңіз жағасы қайта жақындар болса, аудандағы басты шаруашылықтың берекесі арта түсері анық.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.

Әлеумет 27 шілде 2017 г. 520 0