ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА

Құрылыс экономиканың қозғаушы күштерінің бірі саналады.  Құрылысы қарқынды жүрген  мемлекеттің экономикасы дамуымен қатар сол елдің қалалары мен елді мекендерінің дәулетіне сәулет кіріп, ажарлана түсетіні анық. Бұған Қазақстан Республикасы анық дәлел бола алады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары құрылыс саласында тоқырау болғаны рас. Десе де уақыт өте келе құрылыс саласы қарқын алды. Елбасының «Қазақстанның ширек ғасырдағы жүріп өткен жолын тек Қызылорда облысының өзінен көруге болады» деген сөзін бәріміз білеміз. Ендеше құрылыстың Сыр өңірінде де дамығаны айтпаса да түсінікті.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет үшін қашан да күрделі бағыттардың бірі болды. Бұл орайда Сыр елінде үлгі етерлік іргелі істер баршылық. Айтары жоқ, баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі. Соңғы жылдары осындай бақытқа бөленген қызылордалықтар аз емес. Сөз жоқ, облыс орталығында тұр­ғын үй құрылысының ерекше қарқын алуы толайым табыстарамыздың бірі. Мысалы, облыс бойынша 2004 жылы 92 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш өткен жылы 5,5 есеге өсіп, 500 мың шаршы метрге жетті. 2015 жылы облыста құрылыс көлемі 3,5 есеге өсті, ал Қызылорда қаласында 8 есеге артты. Ал 2016 жылдың  өзінде 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Мұндай құрылыс қарқыны Қызылордада ешуақытта болмаған. Осылайша, мыңдаған қала тұрғыны қоныс тойын тойлады. Сырттан келген қонақтар да Қызылордамыздың қайта түлеп, жасанып келе жатқанына куә болғандарын айтып жатыр. Соңғы 2-3 жылда 11 жаңа мөлтек аудан бой көтерді.

Осы орайда 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысы жүргізілетін тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері туралы ақпаратқа көз жүгіртелік. 

 Тұрғын үй құрылысы бойынша үстіміздегі жылы облыс бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 2211 пәтерлі 150,3 мың ш.м. құрайтын 40 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтсақ,  «Байтерек Девелопмент» АҚ желісі арқылы барлығы 29,7 мың ш.м. құрайтын 420 пәтерлі 7 көпқабаттытұрғын үйлер, оның ішінде, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі арқылы 2016 жылдан өтпелі "Арай-3" мөлтек ауданында 13,4 мың.ш.м. құрайтын 200 пәтері бар 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтылған.  

Облигациялар шығару есебінен 2016 жылы ҚР Ұлттық қорынан облысымызға 6,2 млрд. теңге қаражат бөлініп, Жаппасбай батыр көшесі мен Титов қыстағында барлығы 44,5 мың ш.м. құрайтын 680 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілді.

2017 жылы тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен қосымша 264,1 млн.теңге қаржы бөлінді. Қаралған қаржылар толық игеріліп, тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, наурыз айында пайдалануға берілді.  «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ желісімен 41,4 мың ш.м. құрайтын 610 пәтерлі 11 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қаламыздың Жаппасбай батыр, Демесінов көшесі мен "Шұғыла" м/а жүргізілуде.

Арендалық үйлер бойынша Жаппасбай батыр №2 ауданында 2 тұрғын үйдің құрылысына ҚР Ұлттық қорынан – 1 562,5 млн.теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  Жеке құрылыс компаниялар арқылы 11,3 мың ш.м. құрайтын 141 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй құрылысы қаламыздың "Арай-3", "Сәулет"тұрғын аудандарында және Желтоқсан көшесінде жүргізілуде.  Инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша 2017 жылға барлық қаржыландыру көздерінен 3 222,9 млн.теңге қаржы бөлінді. Қаралған қаржыға 13-жобаның (Қызылорда қаласында 3-жоба, 10-жоба аудандарда) құрылысын жүргізіп, 6-жобаның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 7-жоба 2018 жылға өтпелі.

 Құрылыс саласы тек тұрғын үйлермен шектелмейтіні белгілі. 2017 жылға облыста әлеуметтік және басқа да бағыттағы 54 нысанның құрылысын жүргізу үшін ҚР Ұлттық қорынан, республикалық, облыстық бюджеттерден барлығы 23,1 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде 23 нысан 2016 жылдан өтпелі болса, 31 нысанның құрылысы жаңадан басталған.

Білім беру саласы бойынша 33 нысанның – 23 мектептің, 1 лагерь және 9 балабақшаның құрылысы жүргізілді. 23 мектептің ішінде жетеуінің құрылысы жаңадан басталды. Жақында Білім және ғылым министрінің қатысуымен бірнеше мектепті ашылды. Бір күнде Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында 8 мектепті, 2 балабақшаны ашылды. Осыдан 3 жыл бұрын облыста 37 апатты жағдайдағы мектеп бар болса, соның 25-і қайта салынды. Қалған 12 мектептің соңғысын тамыз айында жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Сонымен Қызылорда облысындағы апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешіледі.

Денсаулық саласы бойынша 4 нысан салынады. Олардың қатарында Әйтеке би кентіндегі 250 келушіге арналған емхана, Арал қаласындағы 150 төсектік орталық аурухана секілді нысандар бар.  Биылғы жылы аймақтың спорт саласы бірқатар жаңа нысандармен толығады. Бірнеше ауданның елді мекендерінде спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Ал Қызылорда қаласындағы  Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалық алаңы қайта жаңғыртылып, жақында пайдалануға берілді. Мәдениет саласы бойынша 150 орындық ауылдық клуб құрылысы Жалаңтөс, Мәдениет және Еңбекші аулыдарында жүргізілуде. Қызылорда қаласындағы мұрағат құрылысы ағымдағы жылы аяқталуы тиіс. Сол секілді мемлекеттік органдар мен полиция бөлімшелеріне арналған ғимараттар құрылысы салынуда.

Қызылорда құрылысын сөз еткенде дарияның сол жақ жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталып жатқаны туралы айтпай кетуге болмайды. Иә, сол жағалауға салынатын жаңа қала құрылысы басталды.  Ұрпақтарымыз тұратын әсем қалада біздің ұлттық табиғатымызды еске түсіретін нақышта қаланған үйлер бой көтереді.

Жақында қала жұртшылығы жаңа қаланың алғашқы үйлерінің іргетасын қалау салтанаты болды. Сол жағалауды дамыту мақсатында ашылған 1 мың 532 гектар аумақтың көпқабатты тұрғын үйлер мен балабақша бой көтеретін алғашқы бөлігіне осы күні мал шалынып, құран оқытылды. Салтанатты сәтке келген облыс әкімі Қ.Көшербаев жиналған көпшілікті қуанышты күн жаңалығымен құттықтады.

– Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Сырдарияның сол жағалауын игерудің алғашқы қадамы ретінде былтыр дария үстінен жаңа көпір пайдалануға берілді. Бүгін сол жағалаудан 18 көпқабатты тұрғын үй мен 320 орындық бала бақшаның іргетасы қаланбақ. Бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынғалы тұр. Ал, 742 млн теңгені құрайтын балабақша құрылысы «Абу-Сер» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізілетін болады, деген аймақ басшысы жауапты тұлғаларға сол жағалауда құрылыс жүргізуге ниетті кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін ескертті. Мұнан соң облыс басшысы  ардақты ел ақсақалдарымен бірге алғашқы көпқабатты үй мен балабақша іргетасына өз қолымен лай салып, ендігі жерде күн-түні толастамайтын еңбек ырғағын бастап берді.

Бүгінгі таңда ұлан-ғайыр жобалармен кемел келешекке, өркендеуге бет бұрған Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі ерекше қарқынмен өсуде. Біздің аймағымызда жасалып жатқан игілікті істердің барлығы да Елбасының тікелей қолдауының және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты көрінісі деуге болады. .

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 

Әлеумет 27 шілде 2017 г. 841 0