Қазалылық 6 азаматтың жобасы қаржыландырылды

Қазалыда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытылған жатқан азаматтардың жобасы қаржыландырылуда. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданы бойынша филиалы директоры Ермек Аймаханов айтты. Оның айтуы бойынша, жобаның 1, 2 легінде оқыған азаматтардың ішінде 6 қазалылықтың жалпы құны 50,5 млн.теңгені құрайтын жобасы қаржыландырылған.
«Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жобаларын қорғаған азаматтардың жобаларыын қаржыландыру басталды. Жалпы құны 2,5 млн.теңгені құрайтын алғашқы жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы қаржыландырылған болса, қалған жалпы құны 48 млн.теңгені құрайтын 5 жоба «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы қаржыландырылды. Қазір қосымша 2 жоба оң шешімін алды», – дейді Филиал директоры.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылған 5 жобаға қысқаша тоқталып өтсек.
Ауданға қарасты Әйтеке би кентінің тұрғыны Ғазиз Әліш асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналыспақшы. Ол үшін «Атамекен-77» өндірістік кооперативін ашты, 18 млн.теңге несие алып, 4 адамды жұмыспен қамтуда. Бүгінде мал жайылымдық жері, қора-жайы мен каналдары әзірленіп, жұмыс басталып кетті.
20 жастағы Еркін Серікбаев Ақтан батыр ауылында қоғамдық монша салып жатыр. Ол құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау үшін 5 млн.теңге несие алды. 2 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Келесі жас кәсіпкер Танат Шакмарданов несиеге алынған  5 млн.теңгеге автокран алып, кәсіппен айналыспақшы.
Ал Нұрбибі Утепова мал шаруашылығымен айналысуда. Жылқы сатып алу үшін 6 млн.теңге несие алды. Нәтижесінде 2 адам жұмыспен қамтылады.
Кәукей ауылының тұрғыны Әсет Тоғысов та мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдықтар болып «А.Арсен» кооперативін құрып жұмыс жасауда. Ірі қара мал алу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдікпен 14 млн.теңге несие алды. 2 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлауда.
«Жыл басынан бері Қазалы ауданында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 95 азамат бір айлық курстан оқып, біліктіліктерін жетілдірді. Қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Біздің оқу курсымызға тек несие алу үшін қатысады деген жаңсақ пікір. Мәселен, қазалылық бір азамат осы жобаға қатысып, оқып шықты да өзі қаржы құйып, тігін цехын ашты. Қазір жұмыс жасап тұр», – дейді жобаның Қазалы ауданы бойынша бизнес-тренер Аманкелді Жарылқағанов.
Айта кету керек, жобаның 3-легіне қатысушылар облыстық комиссия алдында 31 шілде күні бизнес-жоспарларын қорғап шықты.  

Қызылорда облысы
 кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Әлеумет 02 тамыз 2017 г. 497 0