КЕМШІЛІКТЕРДІ БІРЛЕСІП ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕДІ

Газетіміздің 2017 жылғы 10 маусымы күнгі нөмірінде «Қыстағы жылу жайын жазда шешіп алайық» атты мақала жарияланған болатын. Тақырыптың аты айтып тұрғандай, онда жылу беру маусымында орын алатын түйткілді мәселелерді «ҚЖЭО» МКК-нің энергиямен қамтамасыз ету және энергия тиімділігі жөніндегі бас маманы Андрей Ен тарқатып айтып берген еді. Мақалада сөз болған проблемаларға қатысты «Тұрғын үй Қызылорда» ЖШС басшылығы және облыс орталығындағы «Али», «Рауан», «Шапағат» пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары өз ойларын білдірді.
Олар өз жауаптарында  2014 жылғы 18 желтоқсанда №221 нөмірлі «Жылу энергиясын қолдану тәртібі» секілді белгіленген нормативтер бар екенін еске салып өткен. Сондықтан да жылу беруші де тұтынушы да келісім шартқа отырғанда сондағы нұсқауларды ескереді. Ал келісім-шарт жасалғаннан кейін оны орындау қажет.
Мәселен, жоғарыда аталған құжаттың 6-бөлігінің 33-тармағында әрбір жылу маусымы алдында үйдің ішкі жылу жүйесін дайындап, жылу қондырғыларын техникалық сынақтан өткізіп тұруы тиіс делінген. Ал жылу жіберілгенде жылу трассасы бойындағы тат қалдықтары тұтынушының үйіші¬лік жылу жүйесіне келіп құйылса не болады? Әрине, үйішілік жылу жүйелерін бітей бастайды. Осылайша, жылу жүйелеріміздің жылу өткізгіштік қабілеті төмендеп кетеді.
Сол себепті жылу жеткізуші де, тұтынушы да осы және басқа да мәселелерді бірлесіп шешкені дұрыс дейді жауап беруші мамандар.
Біріншіден, алғашқы жылу жіберілген сәттегі құбырмен келетін лайланған, қоқысы бар суды  жылу беруші мен тұтынушы бірлесіп, жүйедегі су тазарғанша канализация жүйесіне ағызып жіберуі керек. Болашақта осы мақсатта барлық пәтер иелері кооперативтерін қа¬жетті құ¬рал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін МТС құруы қажет. Немесе, жылу беруші бұл міндетті өзі алып, белгілі бір ақыға компрессорлармен, су тасушы көліктермен қамтамасыз еткені жөн. Ал әзірге қала бойынша тек «Шапағат» пәтер иелері кооперативінде ғана МТС сәтті жұмыс істеуде.
Ал өжірелердегі және көпшілік пайдаланатын басқа да орындардағы жылу таратушы құбырларды қымтауды тек тұтынушы ғана міндетіне алады. Болмаса, мұндай жұмыстарда тәжірибесі бар жылу жеткізушіге беру туралы келісім шартқа отыруға болады. Бірақ, жылу құбырларын дайындағаны үшін смета бойынша ақысы төленеді.
Жылуды қосымша үстемелеу 4 пайыздан аспауы тиіс. Ал ондаған жылдардан бері бұл көрсеткіш жоғарыда аталған кемшіліктердің салдарынан орындалмай келеді.
Әрине, жылу радиаторларынан ыстық су ағызып алынбайтын болса, жылу берушіге жылу температурасын тағы да 2-3 градусқа көтеруге энергоресурстары жеткілікті. Бұл жайында келісу қажет. Келісім былай болады. Сіздер, жылу берушілер біздің ұсыныстарымызды қабылдайсыздар, ал біз су ағызып алуға қарсы бірлесіп күрес жүргіземіз.
Тұтынушылар жылу алатын алаңдарының көлемін жылу берушіге ескертпестен ұлғайтып жататын кездері болады. Ал ол өз кезегінде жылу жеткізуші үшін қосымша шығын екені белгілі. Мұндай келеңсіздіктердің пайда болуының түрлі себептері бар. Тұтынушы пәтерді бөлмелерінің ауданы ұлғайтылғаннан кейін сатып алған немесе ұлғайтылғаны туралы ескертіп үлгермейді. Сол себепті, жаңа жылу маусымы алдында абоненттерге келісім шартқа қайта отыруға ықпал жасауымыз қажет.
Пәтер иелері кооперативтері, міне, осындай осындай мәселелерді жылу жеткізушінің назарына ұсынып, оларды бірлесе шешуге шақырады. Сол кезде жылу нормативте белгіленген көрсеткішпен беріліп, тұрғындар үйлерінде жайлылықты сезінетін болады.

Ы.ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
Әлеумет 03 тамыз 2017 г. 460 0