КӘСІПКЕРЛІК ҚАЙТСЕ КЕРЕГЕСІН ЖАЯДЫ?

Елбасы өз Жолдауларында әр өңірдің гүлденуі  елдің өркендеуі мен дамуының алғы шарты екендігін қадап айтып, жергілікті атқарушы орындарға осы мақсаттың орындалу барысындағы шаруаларды жедел жүргізуді тапсырған болатын. 
Мемлекетіміздің әлеуеті мен халықтың әлеуметтік жағдайларының көтерілуі, әрине, жұмысқа жарамды әр азаматтың белсене еңбек етіп, өз бейіміне қарай кәсіпті меңгеруіне де қатысты. Бұл орайда орта және шағын кәсіпкерлікті өрістетудің маңызы зор болмақ. Аймағымыздың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданының географиялық орналасуы мен халқының қалыптасқан өмір сүру дағдысына сай, тіршілік ету тәсілдері, осыған байланысты кәсіпті меңгеру барысында да өзіндік ерекшеліктері бар екендігі ақиқат. Бұл, әрине, бір ауданға қаратып айтылар сөз емес, әр өлкенің бәріне де тән айырмашылықтар, үрдістердің болуы заңдылық болса керек. Қай мәселені де алдын ала жоспарлап, мақсатты жұмыс жүргізсе,  нәтижесі де ойдағыдай болуы тиіс. Сондықтан да,  Жаңа¬қорған ауданының 2016-2018 жылдарға арналып бекітілген кәсіп¬керлікті дамыту картасы мен белгіленген атқарылар шараларына назар аударып көрелік.
«Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 3150 бірлікті құрады.  Ондағы белсенді субъектілер саны 2935 бірлікке жетті. Соңғы 5 айда тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 229 бірлік» деген мәліметті ұсынды Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік бөлімі. Сондай-ақ,  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауданда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 16 275 адам екендігі де нақтыланған.
Қазіргі уақытта «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалында 6 пайызбен алынатын 27 жоба ұсынылып, оның 69,4 млн теңге қаржыны қажет ететін 19 жобасы бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан қолдауға ие болып тұр.
Осыдан басқа бүгінгі таңға 10 пайызбен 4 жоба бойынша 37,2 млн теңгенің несиесі алынды, 6,0 млн теңгенің 1 жобасы мақұлданған.
– Екінші деңгейлі банктер арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 361,7 млн теңге қаржыны қажет ететін 7  жоба қалыптастырылып, оның ішінде құны 46,7 млн теңге болатын 4 жоба  қаржыландырылды, 3 жобаның  құжаттары толық өткізілді. Олардың арасында қонақ үй қызметі, ойын-сауық орталықтары, басқа да кәсіп салалары бар. «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ-ның 6 пайыздық «Іскер» бағдарламасы бойынша аудандағы «Қамқоршы» несие серік¬тестігі арқылы бөлінген 150,0 млн теңге қаржыны, 19 жобаға берілу жоспарланып отыр, – дейді Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Орман Ахметов өз сөзінде.
Жоғарыда аталған жобалар қаржыландырылған уақытта аудан бойынша  барлығы 284 жаңа жұмыс орны ашылып, түрлі нысаналы топтағы тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Әрине, олардың арасында бұрынғы жұмысынан қысқарғандармен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыз жүргендер де болады. Яғни, 2017 жылға халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспарын орындауға олар да үлкен үлесін қосады деген сөз.
Енді мына жайтқа назар аударсақ. Үстіміздегі жылдың 1 наурызы мен 1 шілдесі аралығында Жаңақорған ауданында ауылдық округтер бойынша тіркелген кәсіпкерлік нысандар саны – 229. Бір өкініштісі, кейбір ауылдарда, атап айтар болсақ: Көктөбе, Талап, М.Нәлібаев, Қаратөбе, Қандөз, Қыраш, Манап, Қосүйеңкі ауылдық округтерінде жаңадан бірде-бір шағын кәсіпкерлік нысандары тіркелмеген. Бұл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға кері әсер етеді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
Әлеумет 03 тамыз 2017 г. 496 0