НҰР ӘЛЕМ – СЫРЛЫ ӘЛЕМ!

Көрген де арманда, көрмеген де арманда болған «Болашақ энергиясы» деп аталған әлемдік көрмені көзбен көрдік. Әлемдегі 115 мемлекет пен 20-ға жуық халықаралық ұйымның павильондарын бір күнде аралап шығу әсте мүмкін емес. Дегенмен, 8 қабаттан тұратын өз мемлекетіміздің «Нұр Әлемін» толық тамашалап, көптеген шет елдердің қызықты дүниелеріне, ұлттық нақыштарына, бұйымдарына, заманауи жетістіктеріне тәнті болдық.
Ұлттық павильонымызға кіреберістен көрініс тапқан қазақы құндылықтарымыз, тарихымыз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз көзімізге оттай басылса, одан кейінгі қабаттарда орналасқан қазақстандық ғалымдардың баламалы энергетика саласындағы ең үздік жобаларын, ғарыш энергиясының үлгілері мен баламалы қуат көздерін өндірудегі ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін, сонымен қатар ғарыш айлағының тіршілігімен танысып, аспан әлемін шарлап келгендей асқақ сезімге бөлендік.
Сондай-ақ алып ғимарат ішіндегі Қытай, Үндістан, Еуропа мемлекеттерінің ұлттық құндылықтарына көз жеткізіп, заманауи технологияларына қанықтық. Бұдан бөлек, лазерлік шоудағы түрлі халықтың әуені, сол әуенге сай от шашып атқылаған су бұрқақтарының әсем көрінісі шаршағанымызды ұмыттырып,  қасиетті от пен судың адам өміріндегі маңызы зор екенін терең ұғындырды.
Кеңдігімен, көркемдігімен һәм заманауилығымен ерекшеленіп, есте қалатын еліміздегі ауқымды шарадан көңілге түйгеніміз көп болған біздер «Нұр Әлемнің» нұрына бөленіп, шуағына шомылғандай әсерде қалдық.

Ақниет СЕРДАЛИЕВА,
№13 орта мектептің мұғалімі.
Арал ауданы.
Әлеумет 08 тамыз 2017 г. 532 0