АЯЛЫ АЛАҚАНДЫ АНА

Әрбір пенденің өмірінің бастауы бар да, оның немен аяқталатыны бір жаратқанның қолында. Оны бір ұғыммен тұжырымдасақ, тағдыр дегенге саяды. Әлемде қанша адам болса, сонша тағдыр бар және әрқайсысы әртүрлі. Бір-біріне кейбір ұқсастықтары болғанмен, дәл келетіні сирек. Айтқалы отырған кейіп-керлерімнің де тағдыры солай. Адам бәріне тойғанмен, уақытқа тоймайтыны да риясыз шындық. Өйткені уақыт өмірдің өлшемі. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.а): «Дүниеден жат жұрттық адамдай ғұмыр  кеш немесе жолаушыдай бол. Өзіңді (өлмей тұрып) қабір халқынан сана» – депті бір хадисінде.
Бұларды тәптіштеп айтып отыр¬ғаным Алланың құзырына аттанып кеткен жан қалғандардың жүрегіне әртүрлі сезім ұялатады, қимастық сәттерді есіңе түсіреді, жүрегіңнің нәзік пернелерін тебірентеді, кейбір пенделік әрекеттеріңнің пердесін ашады. Білетіндердің біразын осындай күйге түсіріп кеткен жайт, 78 жасында бақиға аттағанына 40 күн толған аялы алақанды ана Қанымжан Байзаққызы Махамбетова.
Тазалықтың кәусар бұлағындай, жаны жайсаң, бүкіл болмысы мейірімге толы, шүкірліктің шыңына жеткен, қиындыққа қайыспаған, бір отбасы емес, бүкіл әулетке ибалы келін болған Қанымжан кім еді?
Ол 1939 жылдың 25 желтоқсан айында Жаңақорған ауданы, Талап ауылында өмірге келіп, сол жердегі мектепті тәмамдап, 1962 жылы Қызылорда педагогикалық инсти¬туттың  физика-математика факультетін бітірген. Ұстаздық жолын Талап сегізжылдық мектебінен бастап, кейін Қызылорда қаласындағы 1-Май (қазіргі Қ.Мұхамеджанов атындағы), №171 Ғ.Мұратбаев атын¬дағы мектептерде жалғастырады. Сәбилерге деген аналық құштарлығы болса керек, Қанымжан Байзаққызы 20 жылдай қаладағы №17 балабақшаның меңгерушісі болды. Аталған мекеме сан-салалы тәрбие көрсеткіштері бойынша қала, облыс деңгейінде ең алдыңғы қатарда тұрды. Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз, республикалық дәрежедегі зейнеткер, бірнеше медальдардың иегері.
Күллі пенденің басына келетін демінің таусылар күніне толық мойынсыну кім болса соның қолынан келе бермейтін ерлік. Ол үлкен төзімділікпен, өмір мен өлім сияқты құбылыстарды терең түсіну арқылы бел байлайтын көрегенділік. Міне, осы бір ауыр шақта санасын шатас¬тырмай, кейінгі ұрпақтарына, ағайын-туыстары мен дос-тарына сара жол көрсетіп, өсиет айтып кету Аралбай аға мен Қанымжан жеңгейдің қолынан келіпті. Бұл жоғарыда айтып кеткен қос тағдырдың көп ұқсастықтығының тағы бір белгісі ретінде Аралбай 1,5 жасында әкеден, 13  жасында анадан айрылғанын айтсақ, ал Қанымжан жеңгеміз мектеп жасына жетпей-ақ әкесіз өскені жеткілікті болар. Демек, кейін армандары тоғыстырған қос жетімге тағдыр тек өздеріне сеніп бой түзеуді қатаң тапсырған сыңайлы. Бұл ретте Аралбайдың біздер әкесі деп білген Ізбасар мен Мария апамның еңбектері еленбеуі мүмкін емес. Олардың жаны жәннатта болғай деп тілейік.  
Аралбай аға Мәскеудің Кремль ауруханасынан шығып, елге келгеннен кейін, ғұмырының бақилыққа жақындағанын сезіп, 1972 жылдың қазан-қараша айларында Қанымжан жеңгемізге, ұл¬дары: Серік, Сәкен, Асқар, Еркінге, інісі Кеңеске өсиет хатын жазады. «Қадірлі жан сәулем Қанымжан» деген тақырыппен жазған хатында 16 өтініш жасапты. Соның соңғысында «Менің сенен өті¬нішім, өзіңе-өзің мықты бол, жаси берме, қайта ширай түс, көп уайым пайда бермейді. Адам неге көнбейді?! Шүкір, қолыңдағы Арал¬байдың ізбасарларын жақ¬сы¬лап бағып, ел сыйлайтын, халық алдында қадірлі болатын азамат етіп тәрбиелесең, менің арманым болмайды» – деп жазыпты. Арекең өмір¬ден озғаннан кейінгі 45 ¬жылда қайсар ана Қанымжан жолдасының өтінішін толық орындағанының куәсіміз. Махамбетовтердің барлығы дерлік, өмірде өз орындарын ойып алған, қазір елге сыйлы азаматтар. Ал «Адам баласына жақсылық ойлаған зерделім» атты естелігінде Арекеңнің өтініш-тапсырмасын орындағанын тебірене жазыпты. Біздер үшін Қанымжан жеңгеміз де адам баласына жақсылық ойлаумен, соны мүмкіндігінше жүзеге асырумен өмірден өтті.
Өзі тәрбиелеп өсірген, азамат етіп атқа қондырған ұлдарының арқасында материалдық жағынан жеңгеміз жаман болған жоқ. Оның рухани дүниесінің байлығынан болар, ешқашан барлыққа мастанып, масайрап көрген емес. Табиғат берген тартымды мінезін өзгертпей, жайсаң қалыбымен науқасының қиналыс кезеңдерін ешкімге сездірмей, шүкірлігін бетке ұстаумен аттанып кетті.
Ия, Алла Аралбай ағаға қысқа өмір берсе, Қанымжан жеңгемізге жұбайының ғұмырынан екі еседей көп уақыт сыйлапты. Бұл да тағдырдың сыйы. Өсиет хатта: «Құдай сендей адал, адамгершілігі мол жанға қосылғаныма өзімді шексіз бақыттымын деймін. Мен жер бетіне шырылдап түскеннен кейінгі шын мәнінде адам сияқты, өзіме-өзім риза болып сүйген өмірім өзіңмен байланысты. Әрдайым ішімнен қуанатынмын, мақтанатынмын, шаттанатынмын» – деп жазып кетіпті.
Алла сыйлаған ұлдарының арқасында немелерінің қызығын көріп, адал келіндер түсіріп, үлгілі ене атанған Қанымжан жеңгеміздің бір арманы кенжесі Еркінді үйлендіру болатын. Ал одан азамат болып қалыптасқан Еркіннің ұлы – немересімен қауышқандағы қуанышын сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл да жеңгеміздің Аллаға деген риясыз көңілінің бір көрінісі болса керек.
Адамның болмысы тән мен жаннан тұратыны бесенеден белгілі. Тән топыраққа айналғанмен, жан-рух өлмейді, ол тірілермен бірге, желеп-жебейді. Міне, 40 күндей болды Қанымжан жеңгемнің рухы Аралбай ағамен қауышты.
Жаныңыз жәннатта болғай, аялы алақанды ана!
Қазбай КҮДЕРІТЕГІ.
Қызылорда қаласы.
Әлеумет 19 тамыз 2017 г. 580 0