ЖАҒАЛАУДАҒЫ ЖАРҚЫН ТҰРМЫС

Толқыны жағалауды ұрған теңіз беткейіндегі балықшы қауымның берекелі тірлігін көргенде кешегі қиындықтың артта қалғанын байқаймыз. Тұрмысы түзеліп, қазаны қайнаған аймақтың ажар-көркі жылдар жылжыған сайын айшықтала түсуде. Әрі мұндай көріністі шалғай елді мекендерден де аңғаруға болады. Мәселен, Қаратерең  ауылы – аудан орталығынан шалғай орналасқан қоныстардың бірі.
Ауыл тұрғындары Сарбұлақтың сапалы суын тұтынады. Жаңа үлгідегі мектеп, оған қоса білім ордасы жанында шағын орталық жұмыс жасайды. Тастақта бастауыш мектеп, көне Қаратереңде бастауыш мектеп пен кітапхана, емхана салынды. Самаладай жарық көше, балалардың ойын алаңы, кіші футбол алаңы, өзге де нысандар ауылдың еңсесін тіктей түсуде. Жуырда Қаратереңде тағы бір қуанышты оқиға орын алды. Ұялы байланыс¬ты іске қосу көптен шешілмей жүрген түйін еді. Енді оған да қол жетті. Тіршілігі теңізбен тығыз байланысты болғандықтан, азаматтары сыртта жүретін ауыл тұрғындарына ұялы байланыстың қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Осылайша, Қаратереңге  40 шақырым аумақты қамтитын қондырғы орнатылды. Соның арқасында Қаратерең, Бөген, Қарашалаң, Жаңақұрылыс тұрғындары еліміздің түкпір-түкпірімен ұялы байланыс арқылы  кедергісіз тілдесе алады.
Әңгіме тізгінін аудан халқының ¬басты табыс көзінің бірі саналатын балық шаруашы¬лығының нақты жағдайына қарай бұрсақ. «Аталған сала өңір экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, тұрғындарды  жұмыспен қамтуда маңызды сипат алып отыр. Олай болуы ұғынықты да. Өйткені, теңіз төскейіндегі жұртшылықтың күллі тыныс-тіршілігі балық аулаумен, осы кәсіптің өркендеуімен тығыз байланысты» деген ат арқасындағы азамат¬тардың лебізі біршама жайттың басын ашқандай.
«Халықтан асқан сыншы жоқ». Арал өңірі¬нің кешегісі мен бүгінгісіне  назар аударған адамның көзі көп нәрсеге жетер еді.  Өткен ғасырдың орта шенінде Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша респуб¬ликада алдыңғы қатарда болғаны, айдыны шалқып, балығы тайдай тулаған қарт теңіздің абыройы асқақтап, несібесі кемерінен асқан шағы аға буынның санасында әлі  сайрап тұр. Алайда, судың да сұрауы болары ақиқат. Адамзат қолымен жасалған салғырттық, нақтысы қиянаттың салдарынан қасиетті теңіздің де басынан бағы тайып, кенезесі кепті.
«Теңіздің тартылуы мұндағы қабырғалы қауымды  ата мекенінен үдере көшуге соқты¬рып, балық шаруашылығы саласын тоқырауға ұшыратты. Балық өңдейтін кәсіпорындар мен оны аулайтын шаруашылықтар жаппай жұмысын тоқтатып, теңіз суының тұздылығы көтерілді. Балық аулау мүлдем тұралады. Ғасыр тоғысында Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна, онда да балықтың  камбала глосса аталатын бір ғана түрі ауланды» дейді нақты дерек.
Десе де, бір қайғының соңында бір қуаныш болатыны рас екен. Елбасымыздың тіке¬лей қолдауымен жүзеге асқан ¬«САРАТС» жобасының алғашқы кезеңі теңіз перзенттерінің өміріне соны серпін, тың  өзгерістер әкелді. Кіші теңізді қалпына келтіру, Көкарал бөгетін салу, Сырдария өзенінен Ақлақ тоспасын жасау атакәсіп – балық шаруашылығының қайтадан жандануына жол ашты. Сондай-ақ өңірдің экологиялық, халықтың әлеуметтік, экономикалық ахуалын оңалтуға сүбелі үлес қосты. Теңіздегі балық қоры молайып, елдің игілігіне айналды. Теңіз деңгейі Арал қаласына  жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі артты. Көптеген ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығы жанданды. Ең бастысы, теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан өсе бастады. Балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге дейін ұлғайды. Ағымдағы жылға балық аулау лимиті  7332 тонна болып бекітілген. Солтүстікті қос ауданда 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Олардың ішінде «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-ның балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш» шағын балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен шұғылданатынын оқырмандарға жеткізсек.
«Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәти¬жесінде теңіз төскейіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігі  оңалып, балық кәсіпшілігінен өзге де салалар қарқынды дамуда. Нәтижесінде балық шаруашылығы аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналды. Заманауи технологиямен жабдықталған  балық өңдеу зауыттарында  ауданда ауланып,  өңделген  балық түрлері Еуропа мемлекеттеріне экспортталуда. Қазіргі таңда «САРАТС» жобасының екінші фазасын бастау бойынша жұмыс атқарылуда. Аталған жобаны жүзеге асыру Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына одан әрі оң әсер етеді. Атап айтқанда, Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі және өзен сағасындағы көлдер сумен қамтамасыз етіліп, Солтүстік Арал теңізінің су басу ауданы, теңіздегі судың көлемі ұлғаяды. Балық аулау көлемі 30000 тоннаға жетіп, балық шаруашылығы саласында 3 мыңға жуық жаңадан жұмыс орындары ашылады. Ал теңіз айдыны мен Арал қаласының арақашықтығы 1 шақырым болады. Су айдынының алаңы елді мекендерге жетеді. Бұл теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан шаңды тұздардың азайып, туризмді дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз» дейді өзіміз пікірлескен ел ағалары.
Иә, өшкені жанып, кеткені оралған теңіз перзенттерінің келешектен күтер үміті мол.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
Әлеумет 16 қыркүйек 2017 г. 584 0