ҚАСИЕТІҢНЕН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРА БУРА

Қазақ түйені киелі жануарлардың қатарына жатқызады. Мұхаммед пайғамбардың түйемен жүргені белгілі. Сондай-ақ, желмаясына мініп жер шарлаған Асан қайғы да жерұйықты түйемен іздеген. Суретшілер сар даланы қобызымен күңіренткен Қорқыт бабаның суретін салғанда да түйені қоса бейнелейді. Мұның барлығы Ойсылқара тұқымының қасиетті екенін ұқтырса керек.  
Түйе десе, бірден оның сүті ойға оралады. Өйткені, шұбат пен қымыранның сан түрлі ¬дертке шипа боларлық қасиеті бар. Бұдан бөлек, оның жүнін аяқасты етпейді. Одан тоқылған киімдер жылы әрі денсау-лыққа пайдалы болып келеді.
Ел ішінде осы бір жануар жайлы аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Ұзақ жол мен шөлге шыдамды жануарды керуенге де пайдаланған. Оның осындай қасиеттері ескеріліп, түйе жануары Ұлы Отан соғысына да қатыстырылыпты. Кеңес Одағының Батыры 902-ші полк¬тің командирі, Г.Леневтің есте¬лі¬гінде немістер бұл жануарларды «орыс тан¬кісі»  ретінде санаған деп баяндалады. Зеңбіректерді сүйретіп жүргенін көр¬ген олар түйелерді байқаса, бірден атып тастайды екен. Тіпті, бір кездері Астра¬ханьдағы жергілікті қазақ¬тардан жиналған 350 түйенің екеуі Берлинге дейін барыпты. Жауынгерлер оларды «Машка», «Мишка» деп атаған көрінеді. Сержант Г.Нестеров пен көздеуші Кармолюк Рейхстагқа түйе сүйреген зең¬бірекпен оқ жаудырған.
Мағауия Сембайдың «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ой¬сыл қара тұқымы ойсырамасын» атты мақаласында соғыс біткеннен кейін оларды немістерге сойып беруді көз¬деген үлкен шенді командирлерге сарбаздар қарсы шығып, қос түйеге араша түскені айтылады. Содан соң бұл түйелерді Мәскеудегі хайуанаттар ба¬ғына жөнелтуге шешім қабылданады.
Жазушы Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» романы арқылы қара бура¬ның қасиеті мен атан түйенің киесін тамаша суреттейді. Ақын Сайлаухан Жолановтың «Аруана» атты поэмасында бұл жануарлардың қайда жүрсе де туған жерлеріне қайта оралатыны айтылады.  
Бүгінде бір кездері соғысқа түйе жиналған Астраханьда бұл жануарларға арналып ескерткіш орнатылған. Ескерткіштегі қос түйенің бірі шөгіп жатса, екіншісі батысқа қарап тұр. Шөккен түйенің бауырына «Астрахань – Берлин» деп жазылған. Осылайша, соғыстың аяғына дейін қатысқан қос түйеге құрмет көрсетілген.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
Әлеумет 16 қыркүйек 2017 г. 538 0