МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫ ӨТЕДІ

29 қазанда Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандық мәслихаттарының шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткізіледі. Сайлауды ұйымдастыруға 1 облыстық, 3 аудандық аумақтық, 4 аудандық округтік және 7 учаскелік сайлау комиссиялары қатысады. Дауыс беруге шамамен 12 мыңнан аса сайлаушы атсалысады. Қайта сайлауға қатысты мәлімдемені облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов айтты.
– Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімі жергілікті әкімдіктермен акт бойынша тиісті учаскелік сайлау комиссиясына 9 қазаннан кешіктірілмей тапсырылады. Өтіп жатқан сайлау науқанында 4 депутаттық мандатқа 13 кандидат ұсынылып, оның біреуі тіркеуге дейін өзінің кандидатурасын кері қайтару туралы ниет білдірген. Бүгінгі күні округтік сайлау комиссияларымен 12 кандидат тіркелген, – деді сайлау комиссиясының төрағасы.
Тіркелген кандидаттардың ішінде 8-і – өзін-өзі ұсыну жолымен, 4-і «Нұр Отан» саяси партиясымен ұсынылған. 11 кандидаттың жоғары білімі бар, 1-і арнаулы орта білімді. Мамандығы бойынша, 6 кандидат – мұғалім, 2 – заңгер, 3 – дәрігер, 1 – инженер. Облыс бойынша кандидаттардың орташа жасы – 46 жас, ең үлкені 60-та болса, ең жасы 26-да. Тіркелген кандидаттардың қатарында 2 мектеп директоры, 3 емдеу мекемелерінің қызметкерлері, 2 жеке кәсіпкер, 2 мұғалім, 1 мемлекеттік қызметкер, 1 саяси партияның және 1 қоғамдық бірлестік өкілі бар.
4 қазанда аудандық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеудің мерзімі аяқталды. 5 қазаннан бастап кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарына кірісе алады, ол 27 қазан сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі.
Республикалық бюджеттен әрбір кандидаттың теледидардан 15 минут эфирге шығуына, радиодан 10 минут сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялануына тең мөлшерде 153000 теңгеден қаражат бөлінген. Сонымен қатар, үгіт жұмыстарын жүргізу үшін кандидат өзінің жеке қаражатынан, ұсынған қоғамдық бірлестік қорынан бөлінген және республика азаматтары мен ұйымдарының өз еркімен берген қайырымдылықтарынан құралатын сайлау қорын құра алады. Қордың жалпы мөлшері 14 675 400 теңгеден аспауы тиіс. Сайлауға әзірлік кезеңі ішінде сайлау комиссияларына сайлау заңнамасының бұзылуы туралы өтініштер түскен жоқ.
Айта кетер жайт, жаңа сайланатын 6 шақырылымдағы депутаттардың өкілет-тілігі 2021 жылға дейінгі мерзімге созылады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Әлеумет 05 қазан 2017 г. 436 0