МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ НИЕТТІЛЕР КӨП

Биыл 1676 үміткер мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру үшін тестілеуге қатысқан. Оның 660-қа жуығы оң нәтижеге қол жеткізіпті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы Еркебұлан Сарымбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы жылы 750 адам алғаш рет құқық қорғау органдарына кіру үшін тестілеуден өткен. Оның 314-і, яғни 41,9 пайызы шекті мәннен төмен емес нәтижеге ие болған. Есепті кезеңде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда 836 бос лауазымға орналасуға конкурстар өткізілген. Оған 1110 адам қатысуға ниет білдіріпті.
– 9 ай қорытындысы бойынша 27 мемлекеттік қызметші теріс себептер бойынша қызметтен босатылды. Абыройлы қызметті арқалаған қызметшілер жұмыстан тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға тиіс. Осы бағытта департамент құқықтық статистика және арнайы есепке алу органының мәліметтеріне және қызметшілердің әлеуметтік желілердегі парақшаларына мониторинг жүргізеді. Жалпы, облыста 3754 мемлекеттік қызметші бар. Оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылған, – деді Е.Сарымбетов.
“Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның” 9-шы қадамында мемлекеттік қызметшілерді тұрақты оқытып, кәсіби шеберлікті шыңдау қажеттігі айтылған. Бұл тапсырма өңірде уақытылы орындалуда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 82 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өткен. Наурыз-мамыр айында департамент “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалымен бірлесіп, “Жастар кадрлық резерві” жобасын қолға алды. Кадр әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттырып, бәсекеге қабілетті мамандарды жұмыспен қамтуды мақсат тұтқан жобаға 260 жас қатысқан. Бірақ, сынақтан сүрінбей өткен 53 маман ғана облыстық кадрлық резервке енгізілген. Сондай-ақ, ең алғаш біздің облыста жас мемлекеттік қызметшілер слеті ұйымдастырылды. Тараз, Ақтөбе қалаларынан келген жастар мұнда мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды ортаға салған болатын.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Әлеумет 07 қараша 2017 г. 484 0