Жастықта заңсыз жұмыспен қамтылу – қарттықта аз зейнетақы

Өткен жыл көлемінде әлеуметтік қорғау, денсаулық, білім, мемлекеттік кірістер, юстиция және полиция қызметі органдары бірлесіп, бірқатар жұмыстар атқарды.

Нәтижесінде, 97 мыңнан астам азамат, яғни, экономикалық белсенді халықтың 30 проценті өздерін өнімсіз өзін-өзі қамтығандар және тіркелмеген жұмыссыздар ретінде көрсеткендігі анықталды. Былтыр орташа есеппен алғанда нақты 5 мың жұмыссыз азамат жұмыспен қамту органдарына тіркелген.

Қазақстанның өзін-өзі қамтығандар мен жұмыссыз тұрғындарын кәсіпкерлікті дамыту, оқыту, мемлекеттік, салалық, аймақтық бағдарламалар және жұмыспен қамтудың басқа да белсенді түрлері арқылы нәтижелі жұмыспен қамту үшін белсенді шаралар қабылдануда.

Дегенмен, шын мәнінде «конверттердегі жалақы» алатын немесе көлеңкелі кәсіпкерлік қызметпен айналысатындықтан, барлық азаматтар бірдей мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниет білдіре бермейді.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Қазір зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған. Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады. Осыған орай, барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруі керек. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілетін болады» деп атап өтті.

Бүгінгі күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігі еліміздің экономикасына бейресми жұмыспен қамтылған халықты тарту, формализациялау және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 2018-2019 жылдарға арналған 3 блоктан тұратын жол картасын әзірледі.

Бірінші блок – өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды өзектендіру. Аталған блок «конверттегі жалақы» алатын немесе кәсіпкерлік қызметпен нақты айналысып жұмыс жасайтын азаматтардың еңбек қатынастарын формализациялау бойынша жұмыстарды қарастырады.

Екінші блок – табысы 12 АЕК төмен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды салықтық жеңілдіктер беру арқылы оңтайландырылған тіркеу есебінен  рәсімдеуді көздейді.

Үшінші блок – өнімсіз өзін-өзі қамтығандарды жұмыспен қамту бағдарламасына тарту. Аталған блок негізгі мамандығы жоқ азаматтарды, еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалған мамандығы бар қызметкерлерді оқытуды қарастырады. Бұл біздің азаматтарға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.  

Өз кәсібін ашуға қабілеті бар азаматтар, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өтіп, жеке бизнес жобасын әзірлеп, несие алып, кәсіппен айналысуға мүмкіндік алады.  

Оқуды аяқтап, мамандық алған жастар мекемелер мен кәсіпорындардан тәжірибеден өтеді. Жұмыс орындарын субсидиялау арқылы жұмыс берушілерді қолдау қарастырылған. Осылайша, жұмыс беруші жыл көлемінде жұмысшыларды тартуға және жалақысының 65 процентін төлеуге мүмкіндік алады, ал 35 проценті мемлекет тарапынан субсидияланады.

Азаматтарды қоғамдық жұмысқа жолдау тәжірибесі жалғасатын болады. Өз кезегінде халық игілігіне жұмсалатын бюджеттің барлық деңгейі жұмыс жасайтын азаматтардың салық төлемдері арқылы толықтырылады. Заңсыз жұмыс жасаушылар басқалардың төлемдерін қолданады.

Бүгінгі күні әрбір азамат мына жағдайды өзі үшін нақты түсініп алуы қажет. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде заңсыз қызметпен айналысу, еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдерден қағылу дегенді білдіреді.  

Соңғы екі жылдың өзінде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері үш есеге көбейді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды.

Әзірленген Жол картасы аясында еліміздің экономикасына және тиісінше міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне бейресми жұмыспен қамтылған халықты тарту бойынша жұмыс басталды.

Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, 

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 

басшысы.
Әлеумет 10 ақпан 2018 г. 631 0