ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТҚАН ЖОБАЛАР

Халық жағдайының жақсаруы экономиканың тұрақты дамуына байланысты. Оның ішінде Елбасының кәсіпкерліктің ауқымын кеңейтуді міндеттеп, сол арқылы аймақта өз бизнес бастамасына жақсы бағыт алып жатқандар тіптен көп. 2018-2020 жылдар кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жариялануы да осы бағыттағы біршама шаруаның оң шешілуіне сеп болады. Аудандар мен ауыл ішінде орта және шағын кәсіп иелері өз ісінің керегесін кеңейтіп, тұрақты табыс табуда. Өңір дамуын өрістеткен кәсіпкерлік жайы Жалағашта қалай?! Аудандағы іскер ағайынның бизнестегі басқан қадамына бағдар жасасақ.
Былтыр ауданда жалпы құны 690 миллионға жуық қаржыны құрайтын 8 жоба іске асып, соның аясында 84 жаңа жұмыс көзі ашылыпты. Атап айтсақ, «Манақ Баба» фермер қожалығының оазистік суару жобасы, «Ер Әлі» шаруа қожалығының астық сақтау және техникаға қызмет көрсету орталығы, «Нұр» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы, жеке кәсіпкерлер Н.Серікұлы мен Е.Ақышевтың сүт қабылдау және өңдеу пункті мен техникалық қызмет көрсету орталығы, Ш.Искаковтың тойхана және шағын  маркет жобасы, «Таң ЛТД» ЖШС-ның күріш ақтау зауыты, «СержанГазСтрой» ЖШС-ның темір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехы пайдалануға беріліпті.
Ал басталған жылдың бизнес саласындағы жоспары да жағымды. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбеттің айтуынша, биыл жалпы құны 643 миллион теңгені құрайтын 10 жоба іске аспақшы. Тәулігіне 60 тонна қара күрішті ақтау және жем өндіретін «Сыздық» шаруа қожалығының цехы, «Баба» шаруа қожалығының ешкі сүтін өңдеу фермасы, 50 бас мүйізді ірі қараға арналған «Жер Ана» сүт фермасы, мал сою және ет бумалау бағытындағы «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның цехы осы бизнес-жобалардың қатарында. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер ұсынған химиялық тазалау орталығы, күріш ақтау және жем өндіру цехы, 50 адамға арналған қоғамдық монша, көліктерге техникалық қызмет көрсету мен қонақ үй және тамақтану кешені, балықты алғашқы өңдеу цехы биыл өз қызметін бастайды. Айтып өткен нысандар толықтай жүзеге асса, жалағаштықтарға 100-ден аса жаңа жұмыс орны дайын тұр.
Сүйіншілейтін жаңа­лықтың тағы бірі, Жалағаш кентінің шығыс  бөлігінен жаңартылған энергия көздерін өндіру мақса­тында электр станциясын салу жұ­мыстары басталып кетті. Қуаттылығы күн сәулесінен 30 мВт энергия өндіретін жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» ЖШС. Кент аумағынан 164 гектар жер учаскесі бөлініп, бүгінде «АлматыПроект­ЭнергоСтрой» ЖШС  жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, сараптамаға ұсынып та үлгерген. Екі бөліктен тұратын жоба негізі Жалағаш кентінен қуаттылығы  30 мВт күн сәулесі электр станциясы құрылысын салумен қатар, 30 мВт күн сәулесі электр станциясын қазіргі пайдаланудағы 220 кВ подстанциясына қосу болып табылады. Болжамдық құны 12,0 миллиард теңге қаржыны құрайтын стан­цияның аудан үшін маңызы ерекше. Жоба іске асқан уақытта жергілікті тұрғындардан 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады әрі жергілікті бюджетке жылма-жыл 150 миллион көлемінде кіріс кіреді деп есептелген. Мұны ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына  септігін тигізер сәтті жоба деп сеніммен айтуға әбден болады.
Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2012 жылы Жалағаш кентінің батыс аймағынан 22 гектар жер бөлініп, «Серпін» индус­триалды аймақ құрылғаны белгілі. Инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелері толық жүргізіліп біткен аймақта қазір жалпы құны 91 миллион теңгені құрайтын 4 өндіріс орны жұмыс жасап, 40 адам жұмыспен қамтылған.
Қорыта айтқанда, жалағаш­тық­тардың кәсіпті тізгіндеп, бел­сенділік таныту жағы бізді қуантты. Ауданда былтыр кәсіпкерлік нысан саны 2300 бірлікті құрап, оның ішінен 1914 кәсіпкер немесе 83,2 проценті бүгінгі күнге нақты жұмыс жүргізуде.

Ержан ҚОЖАСОВ.
Жалағаш ауданы.
Әлеумет 28 қаңтар 2019 г. 939 0