Шіркін, бұрынғының адамдары-ай!

Шіркін, бұрынғының адамдары-ай! Олар бөлек еді ғой!    

Жас кезімізде үлкен кісілердің аузынан осындай сөздерді жиі еститінбіз. Енді олардың жасына жақындаған сайын әңгіме айтқаныңда сол сөздерді өзің де қосқың келіп тұратынын байқайды екенсің. Ол нені білдіреді?  Мүмкін жастық шағыңда көрген кеудесі алтын сандық қарияларға деген сағыныштан болар. Өйткені, олардың басым көпшілігі өз дәуірінде заманның таршылығын, қуғын-сүргінді, ашаршылықты, со­ғыс­­тың тауқыметін көрсе де адами қасиеттерін  жоғалтпай өткен жандар еді...

Екі жылдық әскери міндетімді өтеп келгеніме көп бола қоймаған кез. Сырттағы  шаруаларымды бітіріп үйге келсем бізбен бірге тұрып жатқан кішкентай жиенім:

– Аға, үйге бір дә-әу  ата келді, қазір ұйықтап отыр, – деді. Кім келді екен деген оймен қонақ бөлменің есігін ашқанымда төрде отырған кісіні бірден таныдым. Әбдірасыл көке екен. Малдасын құрып, кеудесін тік ұстаған қалпы екі қолын екі тізесіне салып, мүлгіп отыр. Бұл кісі атамыздың қарындасынан туған, әкеме жиен болып келеді. Екеуінің жас шамасы қатар, әкемнен алты ай ғана үлкендігі бар екен.   Әйтсе де әкеміз Әбдірәсіл көкені көрген сәтте «дәу найман» деп алып кезекті бір сәтті әзілін арнап  жатқаны. Оған ол кісі еш ренжімейді, кеңк-кеңк күледі де қояды. Негізінде әлгіндей атауды оны білетін жұрттың бәрі айтады екен, кейіннен білдім. Оның баласы Сейітхан ағам Ілияспен және немере ағам Әбсаматпен құрдас, үнемі бірге жүреді.

 Әбдірәсіл көкеміз сол уақыттары жасы жетпіс беске келіп қалса да бойы биік, кеудесін шалқақ ұстап, тіп-тік күйінде алшаң басып жүретін. Өз басым ол кісіні көргенде Бөгенбай, Қабанбай батырлар осындай зор денелі адамдар болған шығар деген ой келетін. Әйтсе де Әбекеңде батырларға тән қатулы қабақ байқалмайтын, үнемі мейірімді жүзін ғана көремін. Бұл кісі туралы бір естігенім, жас кезінде атамыз ауылға жақын жердегі бір сайдағы құрақ шөпті орып бер деп тапсырады. Содан түс ауа жиеннің ауылда жүргенін көреді.  

– Ау, сен неғып, жүрсің, шөпті кешке дейін ормадың ба? – деп кейіген ғой. Сөйтсе, қарулы жас жігіт үш-төрт адам жабылып бір күн оратын алқапты түске дейін-ақ жалғыз өзі жапырып тастаған екен. Ал, тағы бірде өз аузынан естігенім бар. Сонау қиын-қыстау 30 жылдардың шамасы болса керек. Әбекең жалғыз өзі атпен елсізде келе жатады. Бір уақытта алыста кетіп бара жатқан үш аттыны көреді. Олар да мұны байқап, сәл кідірістепті. Сонан соң аттарының басын шұғыл бұрып, бұған қарай салады. Олардың  суыт жүрістерінің өзінен  пиғылдары арам екені байқалып қалған. Шамасы жалғыз адамды тонап, атын алып кеткісі келді ме екен? Олар жақындап қалғанында көкеміз оларға: «Ай, арам пиғылдарың болса менен аулақ жүріңдер,  бірдеңе болса аямаймын, үшеуің де сау кетпейсіңдер!» депті айқайлап. Бұның түр-тұлғасын, дене бітімін қандай екенін байқаған олар бөгеліп қалады да, келесі сәтте аттарының басын кейін бұрып қайтып кетіпті.

 Мен үлкен кісімен амандасып болғаннан кейін сыртқа шығып, самауыр қоюға кірістім. Сәлден соң әке-шешем де  келіп қонақпен амандасып, арқа-жарқа болып қалды. Анам қазанға ет салды. Шай ішіліп тамақ желінді.

 Сол күні біраз әңгіменің басы қайырылды. Солардың ішінен біреуі, есімде қалған еді.

– Тәке-ау, өзіңіз білесіз, теміржолда істегендерге бронь беріп, соғысқа алған жоқ қой. Ол да майданнан кем болған жоқ. Уақытқа қарамай күндіз-түні жұмыс істедік, – деген Әбдірәсіл көкеміз содан соң соғыстан кейінгі жылдарды еске алып, сол уақыттары басынан өткен қызықты жайттар туралы баяндай бастады.

 – Бір күні басшылар шақырып жатыр деген соң кеңсеге келдім. Олар маған «Сен жақсы еңбек еттің, біздің озаттарымыздың бірісің. Одесса қаласындағы демалыс үйіне бір жолдама келген екен. Соған өзіңді жіберсек деп ұйғарым жасап отырмыз. Тынымсыз еңбек еттің, енді бір уақыт демалған да дұрыс, ел көріп, жер көріп тынығып демалып қайт» деді. Басшылардың айтқаны көкейіме қонып, демалып қайтқанды жөн көрдім.

Содан жолға дайындалдым. Одессаға Мәскеу арқылы жетеді, пойызға отырып, Мәскеуге жол тарттым. Ол кездің пойызы астанаға қазіргідей үш күнде жетіп бармайды, ұзақтау жүреді. Сөйтіп Мәскеуге жетіп, Қазан вокзалында пойыздан түскеннен кейін Киев вокзалына келдім. Қыс кезі, үстіме кигенім қазақы тон, басымда тымақ, аяғымда киіз байпақ саптама етік.  Үстімдегі  киімім, әлде дене тұрпатым себеп пе білмеймін,  әйтеуір мен жаққа бұрылып назарын салушылар көп.  Алайда, оны елең қылмаймын. Баратын жеріме дейін билет алайын деп кассаға кезекке тұрдым. Бірақ кезегім жылжымай қойды. Оған себеп, алдыңғы жақтан килігіп, кезексіз билет алып кетушілер жиілеп кетті. Біраз шыдамдылық танытып тұрдым. Болмағасын «Ай, хватит!  Один единственный казақ тут стоить, билет не может купить, сколько можно терпеть?!» дедім де  алда шоғырланып тұрғандарды итере-митере кассаның алдынан бір-ақ шықтым. Басқалардың шулағанына да қараған жоқпын. Баратын жерімді айтып, билетімді алып алдым. Билетімді алып шыққанымда меңің әрекетіме риза болып күліп тұрған үш-төрт адамды байқадым. Олардың арасынан бір қолы шолақ адам бөлініп шығып, маған келді.

 – Жаңа кассадан билет алып жатқаныңда естідім, біз де сол курортқа демалуға бара жатырмыз. Қазір бұзақылардың, ұры-қарының көп кезі, баратын жеріміз олардың ордасы деуге болады. Бірге жүрейік. Сен өзің қарулы екенсің, көрініп тұр. Қол күші қажет болып жатса саған арқа сүйейік, ал сөзбен шешілетін мәселе болса маған сеніңдер, мен әскери заңгермін, – деді. Айтқан ұсынысын жөн санап, бірге жүретін болдым.

Пойыздың жүретін уақытына дейін біраз бар, бәріміз Мәскеуді араладық. Арасында тамақтанып та алдық. Метроға түсер сәтте қасымдағылар аяқ киімдерін майлатып  алуды ұйғарып, сондай қызмет көрсетіп отырған мұртты еркекке кезегімен бәтеңкелерін майлатып алды. Үш адамның бәтеңкесін майлауға темір қорапшадағы майдың жартысы да кеткен жоқ. Еңбегіне тиісті тиын-тебенін алды. Ауылдан шыққалы біраз уақыт болды, аяғымдағы етік қаңсып қалған. Мен де майлатып алайын деп алшаң басып келіп етікшінің алдындағы тақтайға аяғымды қойдым. Етікші жайлап менің етігіме қарап шықты да басын көтеріп, «үш сом» деп үш саусағын көрсетті. «Жарайды» деп басымды изеп, «бірақ комплектімен тазартып бересің» дедім. Ол менің сөзіме оншалықты мән берместен «иә» деді де  дорбасынан жаңа қорапшаны шығарып ашып,  етігімді майлауға кірісіп кетті. Екі қолында екі щетка жылдамдатып майлап жатыр, бірақ жаққан майы тез сіңіп кетуде. Әйтеуір, біраз уақыт өткенде бір етігімді майлап бітті, қорапшадағы май да таусылды. Сәл тыныстап алды да  тағы бір банкасын ашып, екінші етігімді майлауға кірісті. Не керек, біраз уақыт өткенде майлап бітірді-ау. Бірақ өзі де қара терге түсті. Маңдайының терін сүртіп заттарын жинастыра бастағанда етіктен мәсі киген аяғымды шығардым да етікшінің алдына тағы дүңк еткізіп қойдым. Мәсіні майлаудың қажеті де жоқ, десе де алдында айтқан сөзімде тұру үшін солай істедім. Оны көрген етікші баж ете қалды.

– Убери, не буду больше чистить, и денег твоих не надо. Уходи отсюда!

Оны көрген серіктерім шек-сілесі қатып қалды. Заңгерім сәлден кейін күлкісін тежеп, – Еврейлер бәрін алдайтын, ал бірақ оларды ешкім алдай алмайтын еді. Ал енді міне еврейді қазақтың алдағанын өз көзімізбен көріп тұрмыз, – деп тағы да бір рахаттанып күліп алды. Етікшіге үш сом болмағанмен бір сомдай ақшасын тастадым да әрі қарай жолымызбен кеттік. Әлсін-әлсін жаңағы жағдайды айтып, достарым бір күлісіп алады.  

Қош, сонымен не керек, белгіленген уақытында пойызға отырып, жолға шықтық. Ертеңіне  баратын жерімізге жетіп,  демалыс үйін тауып алдық. Патша үкіметі кезінде салынған ғимарат болса да жақсы сақталған екен, орналасқан жері де қолайлы.  Заңгер орыс екеумізге бір бөлмеден орын тиді. Жайғасып, заттарымызды реттестіріп, жуынып-шайынып алдық. Бұл жақтың ауарайы жұмсақ болатынын біліп, соған сай жеңілдеу киімдерді де алған едім. Соларды киіп алдым. Сол кезде кешкі тамаққа баратын уақыт болды.  Асханасы  кең екен. Бірақ тамағын көріп, тәбетім тартпай қалды. Шошқаның еті қосылыпты.

Наннан ауыз тиіп, айранынан ұрттадым да тұрып кеттім. Содан ойға кеттім. «Ай, мен бастықтарым қолпаштағанға мәз болып аттанып кете беріппін. Енді не болды. доңыздың етін жеп күнаһар болмақпын ба?! Енді не қылсам екен?» Осы ой түнімен мазалап, дұрыс ұйықтай алмай шықтым. Таңертең төсектен тұрғанымда жанымдағы орысым:

– Сен түнімен дөңбекшіп, күрсінумен шықтың ғой, не болды? – деді. Мен ауылға қайтатынымды айттым.

– Неге? – ол шынымын де таңырқап. Оған бұл жердің тамағын жей алмайтынымды айттым.

 – Олай болса менімен бірге жүр, – деп өзі бастап алға түсті де санаторий директоры кабинетіне бардық.

Заңгер серігім санаторий басшысына өзін таныстырып, одан кейін Қазақстаннан келген теміржолшы, еңбек озаты деп аты-жөнімді айтып мені таныстырды. Директор инабатты, зиялы кісі екен, жақсы ықылас танытып жатыр.

– Сіз білесіз, біздің конституциямызда еліміздегі ұлттардың салт-дәстүрін құрметтеу керек деп жазылған. Бұл кісілердің дәстүрі бойынша шошқа етін жеуге болмайды. Ал мұнда негізінен тамаққа шошқаның еті қосылып беріледі екен.  Сондықтан, одақтық республикадан келген еңбек озаты Омаров жолдасқа қажетті жағдайды жасауға тиіссіздер. Оны істемейтін болсаңыздар, онда курорттық картасын қайтарып беріңіздер, бұл кісі үйіне қайтады. Бірақ, оның соңы сіздер үшін жақсы болмайды, – деді.

– Иә, айтқаныңыз орынды, еш қам жемеңіздер, қажетті жағдайды жасаймыз. Сонда сізге қандай тағамдар дайындап тұру керек, – деп директор маған бұрылды.

 – Мен бәсекелескенде бір қойдың етін бір өзім жеп кете беретін адаммын. Алайда, мен үшін ет дайындап әуре болмай-ақ қойыңыздар. Етті ауылға барған соң-ақ жермін, Маған ең бірінші қажет нәрсе самаурынның шайы. Шай болмаса мазам кетеді. Ал жейтін тамаққа бөлішке, сарымай, жұмыртқа, сметана, творог пен жеңіл-желпі каша болса солармен амалдай беремін, – дедім.

 – Жарайды, айтқаныңызды орындаймыз, – деп директор уәдесін бергесін рахметімізді айтып шығып кеттік.

Түстен кейін санаторий қызметкерлері қайдан тапқанын білмеймін бұрқылдап қайнап тұрған 40 литрлік дәу самаурынды екі жағынан көтеріп мен отырған столға алып келді. Дайындаған тағамдары да көңілімнен шықты.  Бір столда бірге тамақтанатын заңгеріммен тағы екі серіктесім бар ыстық шайды сораптап отырып, әңгіменің тиегін ағытамыз. Күндегі әдетіміз осы. Енді басқа столда отыратындар біздің самауырға қызығатын болды. Рұқсат сұрап кружкаларына самаурынның ыстық шайын құйып алып тұратын болды. Самаурын орталанып бара жатса қасықпен самаурынның қақпағын тықылдатып дыбыс беремін.  Асхана қызметкерлері бірден келіп қайнаған суды толтырып кетеді. Осылайша заңгер орыстың арқасында тамақ мәселесі оңынан шешілді. Санаторийда күнделікті белгілеген ем-домын алып тұрдық, қаланы араладық, теңізді де көрдік. Осылайша өмірімде бірінші рет санаторийда демалып қайттым. Бәрі жақсы болды, тек демалысым біткенше «еврейді алдаған қазақ» атанып жүргенім болмаса, – деп көкеміз кеңк-кеңк күліп, әңгімесін аяқтаған еді.

– Әбдірасыл-ау, өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар деген,  ешкімге жамандығың жоқ адал  жан болған соң жолың оңғарылсын деп құдай саған әлгі орысты жолықтырған ғой. Ол да амал дос емес, адал дос болып кездесіпті, – деді әкем, қызықты әңгімеге риза болып.

 Иә, оныңыз рас, – деді көкеміз бурыл сақалын сипап отырып.

Содан бері қырық жылдай уақыт өтіп кетіпті. Қанша уақыт өтсе Әбдірәсіл көкеміздің сол айтқан әңгімесі ешқашан ойымнан шыққан емес. Ердің жасын артқа тастап, аға жасына жеткен жайымыз бар. Жақсыны да, жаманды да біршама көрдік. Данагөйлердің ғибратына сүйенсек «адам естелікпен есейіп, көргенімен көсем болады». Қанша дегенмен, дініне, дәстүріне, уәдесіне берік болған  бұрынғының адамдарының өздері де, айтқан әңгімелері де өзгеше болғанын сезінесің. Сондықтан да есімде қалған әңгімені өзгелермен бөліскенді жөн көрдім.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

        

Әлеумет 05 сәуір 2019 г. 284 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930