Ауыл азаматымен ардақты

Кәсіпкер Шакизатхан Ысқақов төрағалық ететін «Еңбек Жер» ЖШС Жалағаш ауданының Еңбек ауылындағы ағайын­ның ойынан шығып-ақ тұр. Бұған дейін ол өз қаржысынан ауыл орта­лы­ғына 200 орындық мейрамхана мен шағын маркет салып, 9 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған еді. Өткен тамыз айында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында екі ауыл зейнеткеріне «Сарыағаш» емдеу сауықтыру орталығына ем алуға жолдама және 17 оқушыға оқу құралдары мен мектеп формасы және спорттық киімдерін алып берген де осы серіктестік еді. Ал оқу жылын үздік аяқ­таған бастауыш сыныптың 30 оқушысына бір-бір велосипед тарту еткенін кім естіпті бұл төңіректе?!

Биыл тағы да сол үрдіс, сол жақсы дәстүр тағы қайталанды. Бұл күні Еңбек деп аталатын елдегі № 232 М.Байділдаев атындағы орта мектепте жылдағы дәстүрмен соңғы қоңырау үнi сыңғырлап, жаңа да жауапты өмiрге аяқ басқан түлектер алтын ұя мектебiмен қоштасты. Ал осындай шарадан тыс қалмайтын «Еңбек Жер» ЖШС басшысы Шакизатхан Искаков 1-2 сыныптың үздік оқушыларына 25 велосипед пен 3-4 сыныптың үздік оқушыларына 21 планшет тарту етті. Сонымен қатар, 6 оқушыға Жаңақорған ауданындағы "Талдысу" сауықтыру лагеріне жолдама берілді.

– Шыны керек, «Еңбек Жер» ЖШС жеке қаражаты есебінен бұл ауылға көрік беретін бірқатар жұмыстар жүр­гізді. Атап айтсақ, Төлеген Дәуітбаев, Абай Құнанбаев көшелеріне 250 метр асфальт­тау, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ауылда бұқаралық спортты дамыту, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту барысында мереке күндері спорттық жарыстар мен аймақтық турнирлер ұйымдастырамыз. Осы серіктестіктің демеу­ші­лі­гі­мен кіші футбол алаңына әрлеу жұмыстары жүр­гізіліп, ауыл­дың волейбол құра­ма­сының ойыншыларына 780 мың теңгеге спорттық киім алынды. Ел есінде қалған тағы бір жайт, биылғы жылды қарсы алар алдында «Еңбек Жер» ЖШС-ның директоры Шахизатхан Ысқақов өз отбасымен бірге «Асылзат» мейрамханасында бастауыш сынып оқу­шы­ла­рына арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты жаңажылдық мерекелік кеш өткізді. Сонда серіктестік төрағасы бас­тауыш сыныпта оқитын 160 оқушыға жаңажылдық сыйлық жасады, – дейді ауыл әкімі Қайрулла Қалданов.

«Туған ауылға болсын» дейтін Атымтай жомарттай азаматтың бұл ісіне «Бәрекелді!» дейсің...

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ.

«Сыр бойы».

Жалағаш ауданы,

Еңбек ауылы.

Әлеумет 27 мамыр 2019 г. 1 099 0