Арманға қол созған Арал жастары

Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің келісімі және аудан әкімінің бекітуімен ауданда жастар жылын атап өтудің кешенді жоспары бекітілді. Аталған жоспарда жастардың жан-жақты дамуы, олардың барлық категорияларына өмірге қажетті дағдыларға бейімдеу бағытында жұмыстар көрсетілген.

Биылғы шараның басы аудандық мәдениет үйінде «Жастық. Жігер. Мүмкіндік» атты жастар жылының ашылуымен өтті. 1 наурыз – Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген салтанатты жиында аудан жастарының қолөнер бұйымдары және әр сала бойынша жеткен жетістіктері қойылған көрмесі ұйымдастырылды. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев та Жастар жылының ашылуымен салтанатты түрде құттықтап, биылғы жылдың жастар үшін маңызы зор екенін айтып, мемлекет тарапынан кейінгі толқынға жеткілікті деңгейде қолдау жасалып жатқандығын жеткізіп, тынбай еңбек етуге шақырған болатын.

Бүгінде аудан әкімі жанындағы Жастар кеңесі тұрақты өткізіліп, кеңес барысында өзекті мәселелер шешімін табуда. Ауданға қарасты қала, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің жастармен бейресми кездесу кестесі бекітілді. Бүгінгі күнге дейін Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерінің әкімдері жастармен кездесу өткізіп, жиында көтерілген мәселелерді жастармен бірігіп жүзеге асыруда. Осы кездесулердің нәтижесінде кенттерде әкімдік жанындағы жастар кеңесі құрылды. Сонымен қатар жыл бойы аудандағы тиісті дербес бөлім басшыларымен жастардың бейресми кездесулері өткізілетін болады.

Аралда 2017 жылдан бері «LECTORIUM» кездесулер сериясы өткізіліп жүр. Кездесуге аудан әкімі, аудан прокуроры, аудандық мәслихат хатшылары, кәсіпкерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ауған соғысының ардагерлері, «Арал-АС» және елімізге белгілі жайдарман команда жетекшілерімен басқосулар өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта, аудандағы қоғам қайраткерлері, белгілі азаматтармен кездесулер өткізу жалғасын таппақ.

Ауданда «Жас толқын» еріктілер тобының бастамасымен «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы тұрақты жүруде. Еріктілер аудандағы ҰОС және тыл ардагерлері, жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, еліміздегі «Жеңіс» жобасы аясында тыл ардагерлеріне тұрақты түрде азық-түлік пен дәрі-дәрмектер беріліп келеді.

  Жастарға кәсіби бағдар беру, мамандық таңдау бойынша өндіріс орындарына экскурсиялар, ашық есік күндері өткізілуде. Атап айтар болсақ, аудандағы балық өңдеу зауыттарына, «Аралтұз» АҚ, «Қамқор» локомотив жөндеу депосына, қаладағы тігін шеберханаларына экскурсиялар өткізілді.  Колледждерде студенттерге арналған egov.kz  нүктелері ашылып, жастарға оқу ордасынан алыстамай қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуға мүмкіндік жасалып, дін мәселесіне байланысты арнайы ақпараттық түсіндіру тобы жасақталып, жыл басынан бері жастар мен оқушылар, мекеме жастары арасында түрлі бағыттағы шаралар өтті.

 Тағы бір айта кететін жайт, жұмыссыздыққа қатысты, барлығы 1 305 жас хабарласып, бүгінгі күні жұмыссыздар саны 516-ны құрап отыр. Жастарға арнап 6 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылса, жазғы маусымда «Жасыл ел», мен «Жас құрылысшылар жасағы» арқылы жұмыспен қамту көзделген. Кәсіпкерлік саласында 50-ден астам жас құжаттарын дайындап, аталған бағытта оқытудан өткен жастарға грант және несие алу бойынша құжаттар ұсынылуда.

Алда мектеп бітіруші түлектердің мамандықпен білім алуына бағыт-бағдар беру бойынша қосымша жұмыстар атқарылып, жазғы мезгілде жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жоспар бойынша шаралар жасалады.

Теңіз жастарының осындай табыстарына тоқмейілсуге болмайды. Жас буынның болашағын бала кезінен қалыптастыруда ата-аналармен жиі кездесу ұйымдастыру,  жастар жұмыссыздығының басты себептерін анықтау, кәсіп ашуға ынталыларға кеңес беру, т.б. жұмыстар тоқтаусыз атқарылатын болады. Арманға құлаш ұрған айдынды теңіз жастарының жарасымды тірлігі көпке үлгі боларына сенім мол.


 

Әлібек ІЗБАСАРОВ,

Арал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» 

КММ басшысы.

Әлеумет 27 мамыр 2019 г. 1 083 0