Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жұмыс сапарымен Сырдария ауданында болды. Сапар аясында Мемлекеттік рәміздер алаңының ашылу салтанатына қатысып, аудан жұртшылығын құттықтады. 

– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, рәміздеріміз – халқы­мыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды бел­гілер. Бүгін, міне, көк байрағымызды биікке көтеретін алаң аудан орталығынан да бой көтерді. Алдағы уақытта жаңадан ашылған аллея патриоттық шараларды өткізетін орынға айналады деген сенімдеміз, – деген Руслан Рүстемұлы алаңның демеушілер есебінен салынғанын атап өтті.

Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жұмысымен танысты. Тың идеяларды жүзеге асырып, жас таланттарды қолдауды мақсат ететін орта­лық жуырда жаңа ғимаратқа көшіпті. Мұнда заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтың барлығы бар. Маман­дардың тірлігі мығым, бағдары байыпты. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуді жүйелі жолға қойған. Олар­ды кәсіпке баулу мәселесін де шет қалдырмаған.

– Кейінгі толқынды ерекше қол­даудың бір көрінісі – биылғы «Жастар жылы». Осыған орай инновациялық жобаларға берілетін гранттар еселенбек. Жас кәсіпкерлерге қолдау артпақ. Біз осы бағыт бойынша жұмысты күшейттік. Тек мүмкіндікті тиімді пайдалана білу қажет. Себебі, еліміздің басты капиталы – мұнайы, қазба байлығы емес, оның туын тіктеп, керегесін кеңейтетін дарынды да білімді жас­тары және олардың алдында жаңа белесті бағындыру міндеті тұр, – деді орталық директоры Ғани Оралов.

Шара барысында Руслан Рүстемұлы жастармен жүздесіп, оларға аталған сенім үдесінен шығуға әлеует те, көрсетілетін қолдау да жеткілікті екенін  жеткізді. Сонымен қатар  кәсіпкерлікке ынталы жастарға 300 мың теңгенің қаржылай сертификаттарын табыстады.

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары аудандық мәдениет үйінде ұйым­дастырылған облыстық жастар кеңесінің көшпелі мәжілісіне қатысты. Маңызды басқосуда облыстық жастар саясаты мәсе­лелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов баяндама жасап, жастардың бүгінгі ахуалын сөз етті. Қазір мыңдаған жер­гілікті жастың шетелден білімін жетіл­діруі, барыс-келістің білікті маман даяр­лау ісіне айтарлықтай септігін тигізетінін айтты. Мұның барлығы – білім саласына айрықша назар аударып, жастардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасалуының жемісі. Ағымдағы жылы аймақтағы мектеп түлектерінің 97 проценті жоғары оқу орындары мен колледждерге түскенін, бұл маргинал жастарға арналған әлеуметтік базаны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік бер­генін айтты. Сондай-ақ, жастарды жұмыс­пен, тұрғын үймен қамту және басқа да мәселелерін назардан тыс қалдырмады.

– Мәліметтерге көз жүгіртсек, аймақта NEET санатындағы жастар санының жылдық көрсеткіші төмендеген. Өткен жылы ол 9,5 процентті құраса, биыл 8,3-ке азайған. Оған еңбек ресурстары балансының жыл сайын жаңаруы, «Облыс бойынша NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарының», «Облыс бойынша мемлекеттік жастар сая­сатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасының» іске асырылуы ықпал тигізіп отыр. Жаңа жобалар көп. Қазір жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткендерге болашақтың есігі ашық. Бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетіндер өз елінде де, шетте де бәсекеге қабілетті жанға айналады. Осыны ескере келе, биыл «Free English club» жобасы сәтті жүзеге асты. Бизнес әлеміне еркін енуге септігін тигізген «Zhas Project» жобасы да идеясы мол, кәсіпкерлікке икемі бар жастарға қанат бітірді. Оған облыс бойынша бірнеше жас жобасын ұсынды. Жастар жылына орай Сыр өңірінде бірқатар тың бастамалар қолға алынады, – деді Қ.Жанұзақов.

Жиын барысында облыстық денсау­лық сақтау басқармасы басшы­сының орынбасары Баян Боранбаева жастарға салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, олардың денсаулығын нығайту мен сақтаудың тиісті дағдыларын қалып­тастыру бойынша жүргізілген жұмыс­тарды тарқатса, Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов пен Сырдария ау­данының әкімі Ғанибек Қазантаев аймақтағы жас­тар саясатының дамуын баяндады. Спикерлер ІТ технология­ны игеру, қаржылық сауаттылықты қалып­тастыру мақсатындағы жұмыстарға да тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов «Жастар жылы» аясындағы кешенді жоспардың қатаң бақылауда екенін айтып, басқарма басшылары мен аудан әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді. Сонымен бірге жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағыт-бағдар беру бағытында жемісті жұмыс жасап келе жатқан бірқатар азаматтар марапатталды. Көшпелі мәжіліс аясында облыс әкімінің орынбасары Айдарлы және Шіркейлі ауылында құрылған «Жастар бригадасының» мүшелерімен пікірлесіп, оларға сәттілік тіледі.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Әлеумет 29 маусым 2019 г. 153 0