Наубайхана кәсібі жанданып келеді

Соңғы кездері облыстың шалғай ауылдарында наубайхана кәсібі дамып келеді. Берекелі істен несібесін айырып жүргендердің бірі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиемен бастаса, енді бірі қайтарымсыз грант иегері атанған. Осындай іргелі бастаманы ел ішінде қолға алғандардың бірі – қармақшылық Луиза Тұрсынова. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметінің бірлесіп ұйымдастырған баспасөз турында кәсібін ашып, даңғылға жол салған жандардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Он бес жылға 

жалғасқан кәсіп

Отбасылық кәсіпті ас атасы – нанмен байланыстырған шаңырақтың отанасы Адалат Гейдарова наубайхана ісін 15 жыл бұрын қолға алған. Ол уақытта ауылдағы аузы-мұрны қымталған «мылқау пешке» 50 таба нанды салып, буын бұрқыратып алып шығушы еді. Өнім сол кездің өзінде сұранысқа ие болатын. Бұл істі осы күні отбасының келіні Луиза Тұрсынова жалғауда.

– Аймақтағы шағын кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде 3 млн теңге жеңілдетілген несие алдық. Алматыдан заманауи қондырғылар әкелдік. Бір күнде 150 бөлке нан пісіреміз. Баяғыдай отынмен емес, құрылғыны газ отынына қостық. Кәсіп ашамын дегендерді қолдаған еліміз аман болсын, – деді Адалат Гейдарова.

Байырғы «мылқау пешті» мерзімі бітті деп, қараусыз қалдырмаған. Электр энергиясы уақытша ажыратылған уақытта қосымша құрылғы ретінде пайдаланады. Өнімді Байқоңыр, Қызылорда қалаларына жөнелтеді. Наубайханадан 70 теңгеден шыққан нан дүкен сөресінде 80 теңгеден тұр. Кейде тіпті сол 150 бөлке нанның жетпей қалатын да кездері бар.

– Ауылда мұндай тың идеялар жеткілікті. Әсіресе, жастар белсенділік танытып отыр. Басым көпшілігі мал шаруашылығы. Екі жарым мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннен біршама грант та ұсындық. Несие алып жатқандары да жетіп артылады. Ал біз өз кезегімізде тұрғындарға түсіндірме жұмыстарымен қатар, жобасын даярлауда, оны тиісті жерге жеткізуде көмегімізді тигізіп отырамыз. Кәсіпкерлік біздің елде басым бағытқа ие, сондықтан сол арқылы экономикамыз да артады, халықтың да жағдайы жақсарады, – деді ІІІ Интернационал ауылдық округі әкімдігінің кәсіпкерлік маманы Мақсұт Сұлтанов.

Өркендеудің 

тәтті тоқашы

Нан пісіріп, кәсіп қылған жандардың бірі – қазалылық Мұратбек Жартыбаев. Ауданға қарасты Өркендеу ауылының тұрғындарын түрлі нан өнімімен қам­тамасыз етіп отырған кәсіпкер өткен жылы облыс әкімінің «Үздік бастауыш кәсіпкер» номинациясын иеленіп, 1 млн теңге сыйақыға қол жеткізген еді. Шағын ғимараттың тұтас ауылды нанмен қамтамасыз етіп отырғаны көңілге жылылық ұялатады екен.

– Бөлке нан, таба нан, бәліш сияқты түрлі өнімді ұсынып отырмыз. Әу баста 1 млн 400 мың теңге несиемен бастадық. Нысанды толықтай іске қосу үшін барлығы 2 млн 200 мың теңге қаражат жұмсадық. Әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Болашақта кәсіпті ұлғайту ойда бар. Сол уақытта осы жерден нан табатындар арта түседі. Күніге 110-120 нан шығады.

Парасат Салмырза – осы ауылдың тұрғыны. Күніне екі мезгіл наубайханаға келеді. Өнімдері көңілден шығады деп отыр.

– Өз ауылымыздан шыққан өнім болған соң тұтынамыз. Сапасы өте жоғары. Жұмысқа бара жатып, келе жатып соқпай кетпейміз. Наубайхана ұжымына алғыс білдіремін, еңбектері жана берсін, – деді ол.

Нысанның иесі отағасы болса, нан пісіретін пештің тізгінін отанасы Айнагүл Бисенбаева қолға алған.

– Бір жыл болды кәсіпті бастағанымызға. Аллаға шүкір, келушілердің қатары қалың. Барлығы дер кезінде өтіп кетеді. Үйде отанасымын, осында нан пісірушімін. Отбасылық кәсіпті осылай бастадық та кеттік, – деді нан пісіруші апай.

Халықтың қолын аузына жеткізу­ді мақсат еткен мемлекеттік бағдарла­малардың шалғай ауылдардағы көрінісі осындай. Нәтиже бар. Тірлігі қызып жа­татын наубайхананың есігі жабылмайды, кісі аяғы арылмайды. Расымен, берекелі кәсіптен мерекеге жетіп отырған шаңырақтан түйгеніміз осы.

Қазалы,

Қармақшы

аудандарынан.

Сыр сүлейі
Әлеумет 20 шілде 2019 г. 80 0