Қармақшы ауданы: Ел еңбегі еселі

 Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың аудандарға жұмыс сапары Қармақшы өңірінде жалғасты. 

Аймақ басшысының сапары өңір мұражайындағы мазмұнды экспонаттармен танысудан басталды. Мұнда 4 мыңнан астам жәдігер сақталған. Үлкен залда «Кіріспе», «Археология», «Этнография», «Табиғат», «Соғыс», «Өнер және мәдениет», «Спорт», кіші залда «Тәуелсіздік», «Рәміздер», «Қорқыт Ата», «Байқоңыр» атты бұрыштар орналасқан. Көне заманнан күні бүгінге дейінгі аудан тынысын сыйдырған мұражайда облыс басшысын ардагерлер, зиялы қауым өкілдері күтіп алды.

– Бұл аудан – қасиет тұн­ған өнер өлкесі. Қорқыт баба жатқан жер, Марал баба мәңгілік мекенін тап­қан жер. Сол бабалардың аруағы әрдайым сізді қолдап жүрсін. Ауданда ардагерлерге жақсы жағдай жасалған. Арнайы ғимарат бар, сонда бас қосамыз. Келешек ұрпақтың тәрбиесіне өз үлесімізді қосып, шаралар өткізудеміз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов.

Облыс әкімі сапар барысында №1 индустриялық аймақта орналасқан «Мир-2001» ЖШС бетон бұйымдарын шығару цехының жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Сейфолла Ажмолдаев 2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шең­бе­рінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр филиалынан 15 млн теңге несие алып, оған 30 млн теңге өз қаражатын салып, іске қосқан. Бүгінде аудан жұртшылығын құрылыс құмымен, бетон бұйымдарымен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкердің бұл бір ғана жобасы емес. Аудан бойынша биыл бағдарлама шеңберінде 155,7 млн теңгені құрайтын 10 жобаны қаржыландыру жоспарланса, соның ішінде екеуі арнайы техника сатып алу және жанар-жағармай бойынша айналым қаражатын толықтыру жобалары осы мекеменің еншісінде.

– Өңірде кәсіпкерлікке баса мән беріліп отырғаны – ол бірнеше мәселені қатарынан шеше алады. Соның бірі – салық базасының нығаюы. Бұл ретте біз алғашқы жартыжылдықта 662 млн теңгені салықтан түсіріп отырмыз. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ірі жобаларды жүзеге асыру бағдарламалары аясында ауданда 455 млн теңгенің 95 жобасы іске асуда. Сол арқылы 134 жаңа жұмыс орны ашылды. Әлі алда айқын жос­пар да бар, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жамбыл Жұмабаев.

Мұнан соң аудан орталы­ғындағы Ү.Томанов атын­дағы №183 орта мектеп назар­ға алынды. 300 орындық білім ошағы өткен жылы пай­далануға берілген. Мұнда аудандағы кәсіпкерліктің дамуы, жұмыссыздықпен күрес, білім беру тәрізді мәселелердің жай-жапсары талқыланды. Мектепке дейінгі білім беру тұрғысында мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік негізінде салынған және жекеменшік балабақшалардың санын арттыру мәселесі айтылды. Аудан бойынша 34 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 32-сі  балабақша болса, 2-і шағын орталық.

– Біз қазір жеке бала­бақшалар ашуға баса мән беріп отырмыз. Байқоңыр қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Ау­дандағы бө­бекжай бала­бақ­­шаларында 2-3 жас ара­лығында 1264 бала бар. 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен то­лық қамтылған. Барлық бала­бақшалар «электронды ба­лабақша» жүйесіне қосыл­ған, – деді аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев.

Осы күні Дауылкөл ауылдық округі Тұрмағамбет ауылында жеке балабақша пайдалануға берілді. Аймақ басшысы салтанатты шараға қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ел игілігіне берілуімен құттықтады. Сон­дай-ақ, Батыр ана, Социалистік Еңбек ері Сәлима Жұмабекова облыс әкіміне ақ батасын берді.

– Бүгін, міне, салтанатты түрде өздеріңізбен бірге заманауи балабақшаны іске қосқалы тұрмыз. Осымен, ауылдық округтегі балабақша мәселесі толық шешілді деп санаймыз. Сондай-ақ, соңғы жылдары Дауылкөл ауылдық округінде  бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айту керек. Тамыз айында ауылда тәулігіне 1 тонна сүт өңдейтін цех құрылысы аяқталып, іске қосылады. «Орталық алаң» құрылысы қарқынды жү­руде. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында «Тұрмағамбет» ЖШС өңі­рімізде суды аз қажет ететін соя егуді қолға алды. Бұның барлығы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және аймақ экономикасын дамытуға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы.

Елді мекендегі «Тұр­мағамбет» ЖШС төрағасы Нұржан Пірмантаев балабақша шаруашылық есебінен салын­ғанын, ол үшін ешбір несие алынбағанын жеткізді.

– Бізге тек егін егіп, қарап отыруға болмайды. Өйткені, «Шіркейлі» каналының ая­ғында отырмыз. Оның суын тұтынатын ең соңғы ауыл – біз. Су тапшылығы бола қалса, ең әуелі біз сезінеміз. Күріш, бидай, жоңышқа егеміз. Әртараптандыруды да ұмытпаймыз. Елдегі қажет­тілікті өтеу жолында міне, балабақша салдық. Қолыңнан келетін істен бөлек, халықтың да мұқтаждығымен санасқан жөн, – деді шаруашылық төрағасы.

Балабақша 80 бүлдіршінге арналған. Бұйыртса, төрт топтың балақайлары осы аулада ойынның қызығына той­май, тай-құлындай шап­қылап жүрмек. Балабақша мең­герушісінің міндетін атқарушы Айгүл Задаева тәрбиешілердің де талапқа сай, жоғары білікті маман екенін айтты.

– Ұжымда 25 қызметкер бар. Тәрбиешілеріміз жоғары білімді. Халық сұранысын толық қанағаттандырамыз деген сенімдемін. Заманауи жабдықтар мен қажеттіліктерге қолымыз жетті. Мынадай ғимарат қол­данысқа берілген соң ауылда балабақшамен қамтылмаған бала қалмасы анық, – дейді ол.

«Тұрмағамбет» ЖШС мұ­нымен қатар сүт өнімдерін өңдеу цехын таяу арада қолданысқа бермек. Аймақ басшысы нысан құрылысымен таныс­ты. Екі мыңнан астам халқы бар елді мекен мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да қолға алған. Н.Пірмантаев цехтың шикізаттан мәселесі болмайтынын ашып айтты. Жобаның жалпы құны 30 млн теңгені құрайды.

– Кеңестік кезеңде ауылда 3 мың бас сауын сиыр болған. Сүтін ауданға жөнелтетін. Сон­дықтан халықтың бұл тұр­ғыда тәжірибесі мол. Қазір де 1300 бас аналық сиыр бар. Шикізаттан еш мәселе болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, биыл – «Жастар жылы». Цехқа 5 маман қажет, оның барлығы да ауыл жас­тары болмақ, – дейді ол.

Төретам кентінде облыс әкімі 2018 жылы ашылған дене шынықтыру-сауықтыру ке­ше­нінің жұмысымен танысты. Спорттың бокс, ауыр атлетика, баскетбол, волейбол және кикбоксинг түрлері бойынша шәкірт тәрбиелейтін кешенде 210 бала жаттығады.

Қармақшы ауданында облыс­тың мақтанышына ай­налған елді мекендердің бірі – Дүр Оңғар ауылы. Мұндағы «Жаңажол» серіктестігінде өткен жылдан бастап сағатына 5 тонна күріш өңдейтін цех жұмыс істеп тұр. 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 400 адам еңбек ететін мекеме жұмысына облыс әкімі оң бағасын берді.

– Біздің өнімдеріміз сапа жағынан алдыңғы қатарда. Қазір 400 адам еңбек етеді. Негізі 250 жұмысшының өзі жетіп жатыр, бірақ бізде әр үйден бір адамға жұмыс береміз деген ұстаным бар. Қызметкерлердің орташа жалақысы 80 мың теңге. Болашақта көнерген қоймаларды жаңарту, бетон зауытын салу, газоблок цехын ашу тәрізді ау­қымды жоспар бар, – деді серік­тестік төрағасы Орынбасар Төлепов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ІІІ Интернационал ауыл­дық округінде «Достық жер МК» ЖШС демеушілігімен жүр­гізіл­ген орталық алаңды абат­тандыру жұмыстарымен танысты.

Ақтөбе ауылындағы жылына 1500 тонна құс етін өндіруге арналған құс фабрикасының құрылысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Мұнда қазір жұмыстың басым бөлігі орындалған. 2018 жылы «Байқоңыр ӘКК» арқылы 458 млн теңге, жоба бастамашысының «Ақтөбе и К» серіктестігі арқылы 200 млн теңге, барлығы 658 млн теңге қаржысы игерілген. Бүгінде жұмыс жалғасуда.

– Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңге. Инженерлік инфра­құрылымы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатыр. Қосымша құрама жеммен қамтамасыз ету үшін 512 гектар жер аукционсыз берілді. Жоба толық іске қосылса, 47 адам жұмыспен қамтылады, – дейді облыстық индустриялық- инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.

Сондай-ақ, өңір басшысы аудандағы бірқатар елді мекен тұрғындарымен кездесіп, өңірді дамыту мәсе­лелерін талқылады.

Айта кетейік, аудан әкімінің сапары бүгін Жалағаш ауданында жалғасуда.

Дәулет Қырдан.

Әлеумет 27 шілде 2019 г. 78 0