Табиғат тамыршысы

Жанқожа батыр ауылына аяқ басқаннан жайқалған жасыл желекке тап болдық. Желмен тербелген талдардың жапырағынан күн сәулесі тілшелене көрінеді. Арықтардан сылдырай аққан су маңайға тіршілік жырын паш еткендей. Саябақ, мәдениет үйі, әкімдік ғимараты, мектеп, өзге де нысандар мен жекелеген үйлердің ауласы да жайқалып тұр.
Ауыл маңайы да жұтаң емес. Әлсейіт көпіріне дейінгі аралықтағы шоғырлана өскен жиде ағашы, дарағы талға бергісіз қалың жыңғылға сүйсінуіміз арта түсті. Тоқырау жылдары қатты сиреген табиғат байлығы қайтадан қалпына келіпті. Өзім тілдескен ауылдасымның «қазіргі таңда тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығы жоғары. Бұрынғыдай қыстық тамызық қажет деп  бей-берекет тал, жыңғыл шабу мүлде азайды. Бұған Ардақ Кәдір басшылық жасайтын «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ ұжымы,  орманшы  Жайсаңбек Байсүйеудің де ықпалы бар» деген уәжін орынды санадым.
Сапардан соң аталған мекеме басшыларымен тілдесіп, біршама жайтқа қанықтық.
«Қазалы орман және жануар­лар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жерінің көлемі 1 785 579 гектарды құраса, оның ішінде орман басқан алқабы 896267 гектарды алып жатыр. Орман қоры Қарақұм, Қызылқұм және Қасқақұлан орманшылығы болып үшке  бөлінген.  
– Мемлекеттік орман қоры 14 айналымды құрайды. Әр айналымның паспорты жасалынып,  орманшыларға  бекітіліп берілген. Жыл басында арнайы жасалған кесте бойынша  орманшылардың  Басықара, Қарлаң, Абай, Әлсейіт бекеттерінде көктем және күз мезгілдерінде тиісті кезекшіліктер ұйымдас­тыруы жолға қойылған. Кентті   көркейту, көгалдандыру мақсатында «Жасыл белдеу» жасалып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 7 гектарына егілген саялы ағаштардың 13058 данасы көктеп тұр. Шығымдылығын арттыру мақсатында күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Биотехникалық шараларға қаралған қаржы толық  игерілді. Жабайы жыртқыш аңдардың санын реттеу мақсатында  аулау, ату  нәтижесінде 100 шибөрі, 10 қасқырдың көзі жойылды. Мемлекеттік орман қоры жеріне ағаш егу бағытында Қызылқұм орманшылығының №26 орамына көктемде сексеуіл көшеттері отырғызылды. «Ояз» бағына да Сыр талы көшеті отыр­ғызылып, күзде  Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына сексеуіл тұқымы жиналып, себілді. Орман өртін болдырмау тұрақты назарға алынған, - дейді «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ  директоры Ардақ Кәдір.            
Жағымды жаңалықты жеткізсек. «Ояз» бағында  жерсіндіру мақсатында емен, туя, можжевельник, катальпа, сумах, айлант  саялы ағаштар егілді.  Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына Оңтүстік Корея  мемлекетімен жасалған меморандумға сәйкес бірқатар техникалар  сатып алынды. «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акция­сы барысында  көшет ағашы тегін  босатылған.
Жыл басынан бері  аудандық полиция бөлімі және облыстық аумақтық инспекциясымен бірлескен түрде өткізілген рейдтер өз жемісін беріпті. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша  хаттама, әкімшілік айыппұл салынса, 14 азамат атып алған аң-құсы болмағандықтан,  ескертумен шектелген екен.
«Қазалы орман және жануар­лар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ есебі бойынша аудан көлеміндегі балық шаруашылығында маңызы бар 19 су айдыны тізімге алынып, табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Балық шаруа­шылығы су айдындары мен учаскелерінде балықтың жаппай қырылуының алдын алу мақсатында қыс мезгілінде  мұздан ойықтар ойылып, қамыстан ауа беру шарасы  жүргізіліпті.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.
Әлеумет 28 шілде 2019 г. 183 0