Бөзкөлдегі «Ауыл күні»

Қазалы ауданындағы Бөзкөл ауылында «Туған өлкем, қандай көркем» атты «Ауыл күніне» арналған салтанатты шара өтті. Мереке орталық саябақта ауыл өнерпаздарының театрландырылған көрінісімен басталды. Халық арасында «Бала ахун» атанып кеткен Тілеумұрат Қошанұлының ұлағатты өмір жолын сахналық көрініспен  сомдаған өнерпаздар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.   

Тұрғындардың қуанышын бөліскен Қазалы ауданы әкі­мі Мұрат Ергешбаев өзінің құт­тықтауында  бірлігі бекем, тірлігі тиянақты елдің алар асуы биік боларына тоқталды.  

«Ауыл күні» аясында осы ауылдан  шыққан аза­маттар, тұрғындардың  демеу­шілігімен салынған «Бала ахун» атындағы жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Мешіттің ашылу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, «Жанқожа батыр» атындағы орталық ме­шіттің бас имамы Берік қа­жы Сүлейменов ақ тілегін білдірді. Бөзкөлдіктер атынан Күнәжат Қаниев рухани орталықтың салынуына үлес қосқан барша азаматтарға алғыс айтты.

Бағдарлама барысында ау­ыл тұрғындары әртүрлі спорт­тық жарыс­тарды тамаша­лады. Жастар сынға түскен қазақ кү­ресі, арқан тарту, волейболдан өткен жарыста мықтылар анықталса, бәйге ауыл мере­кесінің көрігін қыздыра түсті. Шара орталық саябақта аудан өнер­паздарының кон­церт­тік бағдар­ламасына ұласып, от шашумен аяқ­талды.

Қазалы ауданы.

Әлеумет 22 тамыз 2019 г. 381 0