Киелі жырдың ордасы

Қазақ өркениеті – Жер планетасындағы  адамзат ұрпақтарының  пайда бол­уынан бастап, мыңдаған жылдар белесінен өткен ұрпақтардың  материалдық және рухани мәдениет салалары бойынша жүзеге асырған  жетістіктерінен құралған өсу, өркендеу нәтижелерінің қазынасы. Ежелгі  дәуірлердегі сақ, ғұн, түркі өркениеттері бастаулары жалғаса дами келе,  талай мемлекеттік  құрылымдармен әлемге  әйгіленіп танылып, қазақ ұлтының  рухани  болмыс-бітімін, келбетін қалыптастырды.   

...Әлемге  қандай  да  бір  халықтың  өз мемлекетінің  ресми  атауымен  бірге  айрықша  бейресми  ұғымды  пайдаланатын  мысалдары  көп. Біздің  қасиетті   жерімізді  ежелден  Ұлы  Дала, ал біздерді – Ұлы  Дала  ұрпағы  деп  атады. Оны  сонау ерте замандардан бері туған  жерге деген  халықтық махаббатты домбыраның, қобыз бен жетігеннің жүректі  арбайтын  әуеніне айналдыра  отырып ақындар жырға  қосты. Жер ша­рының халқы  жеті  миллиардтан  асқан  қазіргі  дәуірде  барлық  географиялық  мекендердегі ұлт­тардың ата-бабалық-ататектік-ана­­тектік негіздері этнологиялық-этнографиялық таным бойынша саралана бағаланады. Ұлы Да­ла  ұрпақтарының пайда бол­уы, қалыптасуы, жаңа буынмен бо­ла­­шаққа  жалғасуы  аясында аталық-аналық  негіздегі ататек-әулет жүйелерінің  тарихи-этно­графиялық  заңдылықтары  да  бас­ты назарға  алынады.

Қазақ даласындағы барлық атамекендер этнология, тарихи  этнография  ғылымдары зерттеулері  бойынша  жаңа зерттеулермен қа­растырылып келеді. Бұл  орайда, ежелгі  ата-бабаларымыз мекендеген, олардың  ғасырлар бойы  ататек-әулет ұрпақтары өмір сүріп келе жатқан киелі атамекендері  қатарында Қармақшы ауданын­дағы  Тұрмағамбет   ауылын да айрықша даралап айтамыз. Эн­циклопедиялық анықтама  бойынша: «Аудан орталығы – Жосалы кентінен оңтүстікке қарай 70 км  жерде, Қурайлы  каналының аңғарында орналасқан. Тұрғыны 2,3  мың адам (2005). Іргесі 1928 жылы «Талап», «Алға», «Екпін», «Ұмтыл», «Жұлдыз» атты серіктестіктер негізінде  құрыл­ған. 1930 жылы ұжымшар, 1933 жылы жерді бірігіп өңдейтін серік­тестік (ТОЗ) құрылды. Бұл серіктестіктер «Балықбас», «Қабан­бай», «Өндіріс», «Ленин», «Шеңгелді» деп  аталды. 1937-1938 жылдары іріленіп, Ленин ұжымшары болып  қайта құрылды. 1957 жылы   ұжымшар  күріш өсіретін Ленин атындағы кеңшар болып өзгертілді. 1996 жылы кеңшар таратылды. 1997 жылдан Тұрмағамбет болып аталды.

Тұрмағамбет  ауылы – Ұлы  дала еліндегі баба  дәстүрлі жыр­дың  киелі  Отаны. Осы киелі ата­қоныстағы адамдармен ататек негіздері бойынша ағайындық-туыстық тектері бір «Майлыөзек», «Тәйімбет Көмекбаев» (Бұрынғы «Жаңақала»), сонымен  бірге, «Қу­аң­дария», «Ақжар»,  ауылдары  тұрғындары үшін көпғасыр­лық кезеңдерге куә  туған өңірдегі  географиялық-топономикалық жер-су көріністері, олардың аталуы да айрықша маңыздылығымен баурайды. Аталған елді-мекен­дердің, әсіресе, Тұрмағамбет  ауыл­ының тұрғындары үшін ата-ба­ба­ларымызды жаңа буын ұрпақ­тарға   елестетіп тұратын тарихи  орындар айрықша  маңызды. Әсіресе, Сырдария өзенінің тө­менгі ағы­сы мен одан бастау ала­тын Қуаң­дария өзеншесінің жағалау атыраптарындағы байыр­ғы дә­уірлерде болған 50-ге тарта  оты­рықшы елді мекендердің  көне орындары бар.  Қазіргі  тарих, археология, мәдениеттану, этнология салаларындағы  зерттеулер  нысанында  «Жетіасар мәдениеті» аталып жүр. Көне  қалалардың,  суландыру  жүйелерінің   өткен мен бүгінді жалғастырып тұрғаны тарихи шындық. «Бидайықасар», «Сырлыасар», «Дөңгелекасар», «Үң­гірлі асар», «Томпақ асар», «Қарасар», «Жалпақасар», «Ағаш­а­сар» қала-қамалдар, «Жаңа­да­рия» өзені  жағалау  өңір­ін­дегі сақтардың Шірік-Рабат  қа­ла­сы, «Ақ  ғұндар» (эфталиттер), т.б. тарихи орындардың  сақталған  сілемдері, үйінділері, обалары – бәрі де Тұрмағамбет  ауылының және оған  жақын мекендердің байырғы ата-баба­лық өркениеттер орталығы  бол­ған­дығын  дәлелдейді. Бұл жерде қа­зақ  жеріндегі  алғашқы  мемле­кет­тік  бірлестіктердің  бірі – Қаңлы мемлекетінің бол­ғаны мәлім.

Тұрмағамбет ауылына қарасты географиялық  мекен­дердің еура­зиялық  және афри­калық  тари­хи-мәдени қарым-қатынастар орта­лығы  болған­дығын   дәлел­дейтін деректер көп. Сөз  арқау­ындағы аталған  ежелгі заманғы мемлекеттік құры­лым­дар  кезінде қазіргі  Тұрма­ғамбет  ақын  атын­дағы  ауыл  орналасқан  өңір арқылы Азия (Үндістан, Қытай, Египет, Иран, Ауғанстан), Еуропа (Италия, Испания, т.б.), Қиыр  Шығыс, Орта Азия  халықтары мәдени қарым-қатынастарының дәнекері – «Ұлы Жібек  жолының» үзіліссіз  жүріп тұрғаны да дәлелденіп отыр. Бүкіл Түркі әлемінің абызы Қорқыт ата мен осы өңірді  мекендеген  ата-бабалардың  оғыз-қыпшақ бірлестігімен өмір сүр­гені, өңірдегі мәдениет туралы айтылған тарихшы ғалымдар пікірі де дәйекті. «XI ғасыр басынан қыпшақтардың оңтүстік және  батыс бағытта жылжуы басталады да, көп  ұзамай олар  Еуразия  кеңбайтақ  далаларында  негізгі күш бола бастайды. Оғыздар, онан  соң  қыпшақтар  иелік  еткен  қалалар қазір  архео­логиялық ескерткіш  қала  қалдықтары  ретін­де тұр, оларды зерттеу және қазбалау жұмыстары   құлашын  әлі  де  кең  жая  алған  жоқ. Сондықтан  қазір  олардың, көбінесе  сыртқы  топографиясы  мен  материалдық  мәдениетінің  кейбір  жақтары  бел­гілі» дейді  К.Байпақов, А.Нұржа­нов «Ұлы  Жібек  жолы  және  орта  ғасырлық Қазақстан» кітабында.

Бұл Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ақын атындағы ауылға қарасты географиялық өңірдегі байырғы ұлыстардың қазақ өркениетін  құраған тарихи-мәдени дамуының бағзы замандардан біздің дәуірімізге ұлас­қан мәңгілік жалғасып келе жат­­қан дәстүрлі болмысын ай­ғақ­тайды. Ежелгі дәуірлерден біз­дің заманымызға дейін талай ұлыстардың, мем­­лекеттік құ­ры­­лым­дардың тарихи-мәдени араласу­ларының ор­та­­лығы болып келген бұл ата-бабалар мекені – бүкіл Түркі әлеміне ортақ баба дәстүрлі жырдың киелі Отаны. Себебі, осы қазіргі Тұрмағамбет ауылы орналасқан өңір Түркі әлемінің абызы-жырауы  Қор­қыт ата дәстүрінен  бас­­­тау алған, Алтын Орда – Қыпшақ, Но­ғайлы, одан кейінгі Қазақ хандығы мем­лекеттік құрылымдары жүйе­сіндегі тарихи-мәде­ни даму қозға­лы­сына  тікелей қа­­тыс­­­тылығымен, са­бақ­тас­­ты­ғымен ерек­ше­ленеді. Әсі­­ресе, Қазақ хандығы  мем­лекет­тігін сақтауға, ны­­ғай­­туға зор үлес қосқан Әз Тәуке хан   ордасының көрнекті тұлғалары қата­рында болған Кете-Байсары руынан шыққан Текей  Қарпықұлының есімі ұрпақтарға ұлаға­тымен  ма­ңызды. Текей  батыр­дың  есімі  Түркістан  қаласын­дағы  Қожа Ахмет  Иасауи  кесенесінде жерленген  қазақ  хандарының, би-ше­­шен­дерінің, батырла­ры­ның тізімінде жазылған. Ал, Қар­мақшы ауданының ме­кен­деріндегі «Текей  әулие»  бейіті, «Текей  құмы», «Текей  қазған  құдық»  атты жер-су атаулары да халық тарихымен мәңгі сақталатын  тұлға тағылымын  танытады.

Тұрмағамбет ауылы – Түркі әлемі халықтарының көпға­сыр­лық  тарихындағы  бәрі­не  ортақ  эпик-жыршылық пен әнші­лік-термешілік,  жазбаша класси­калық әдеби дәстүр тоғы­суы тұ­тастығын сақтап келе  жатқан   киелі  мекен. Жер плане­тасының барлық құрлық­та­рын­дағы түркі тұқымдас халық­тардың байырғы ата-бабалық қо­быз, шаңқобыз  үндері мен жыр­шы-термеші кө­мейі­нен ағын­дап ақтарылатын терме-тол­ғаулардың, қисса-дас­тан­дар­дың поэтикалық мағына­ларын тоғыс­тырған мақам­дарының кешенді  сипаты дара­лығымен  бағаланады. Осындай дәс­түрлі өнер сипаты Тұрмағамбет ауылының көп­ғасырлық тарихын­дағы  көрнекті ақындардың, жыршы-жырау­лар­дың, термеші-жыршы­лардың өнері арқылы осы мекеннің әлем  өркениеті  кеңістігіндегі  киелі болмысын  дәлелдеп  отыр.

Осы  топырақта  туып-өскен, қа­зақ  тарихында  есімдері  әйгі­лі  Ешнияз сал  Жөнел­дік­ұлы, Базар Оңдасұлы, Жиенбай  Дүз­бен­бетұлы, Жүсіп Еш­нияз­ұлы, Мұзарап  Жүсіпов, Омар Шо­раяқұлы, Әлібек Байкенов, Әб­зәли Егізбаев, Шегебай Бек­­тас­ұлы, Сабыт  Жүсіпов, Үбі­сұлтан Аяпов, Әлиакбар Жұ­матаев, Разақ  Мыңжанұлы, Бер­ман Бисенбайұлы және т.б. ондаған  ақындардың – бәрі  де  осы Тұрмағамбет  ауылының   киелі  дәстүрі  ықпалы  аясында танылғандар. Өңірдің арғы-бергі тарихы ақын-жыраулардың  толғау  жырларына, қисса-дастан­дарына арқау болған. Сақ, ғұн, түркі, оғыз-қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлерінде қа­лыптасқан фольклорлық-этно­гра­­­фиялық, этнологиялық  сипа­ты­мен ұрпақтар санасында  сақ­­­­талған. Эпик-жыршылық-ақын­­дық, ән­шілік-термешілік орын­­­­дау­шы­лық өнер дәстүрін дамы­­та сақтаушылардың, жал­ғасты­­­ру­шылардың халықтық эстети­­калық көркемдік ойлау биігіндегі шығармашылық дара­лық­­та­рының  ұлағаты  айрық­ша маңыз­дылығымен көрінеді.

Орта Азиядағы және әлемдегі мемлекеттерге осы Тұрмағамбет  ауылында сақталған ата-бабалық мақам-саздарға бөленген сөз  ар­қауындағы Сыр сүлейлерінің фи­­ло­софиялық-дидактикалық тер­­ме-толғауларын, қисса-дастан­дарын орын­даушылық өнері құ­діретімен  әйгілеген   жыршы­лар­дың, термеші­лердің (Көшеней  Рүс­тембеков, Шәм­шәт Төлепова, Қуандық Бүрлі­баев, Сүйінбай Ақбаев, Жаппар Тұр­ғышбаев, Би­дас Рүстембеков, Серік Жақсы­ғұлов, Қасарбек Кә­рібаев, Ар­нұр Көшенеев, Дін­ислам Тоқ­санбаев, т.б.) шығар­ма­шы­лық өнер  дәс­түрі  жаңа  жас  толқын жет­­­кін­­шектермен жалға­суда. Тұр­­мағамбет  ауылы – XX ғасыр­дағы  кеңестік кезеңде де, қазіргі  тәуелсіз қазақ елінің жаңа тарихы XXI  ғасырда  да  ата-бабалар  дәстүрін берік сақтауымен баға­ланатын қасиетті атамекен. Әлем халықтарының тарихи-этноло­гия­лық ерекшеліктері аясында Тұрма­ғамбет ақын атындағы ауыл да ұрпақ­тардың қасиетті атамекені-атақонысы болып ұлық­талады.

Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана, Қармақшы ауданының Құрметті Азаматы Сәлима Жұма­бекова, «Еңбек Қызыл Ту», «Құр­мет белгісі»  ордендерінің иегері, ақсақалдар алқасының  төрағасы Байдан  Тұрғанов,  кеңестік  ке­зеңде  ең жоғары   марапат  санал­ған  Ленин  орденінің  иегері, Қар­мақшы ауданының  Құрметті азаматы Әбен Тоғызбаев және т.б. ондаған еңбек арда­гер­лері ауылдың қасиетті дәстүрін сақ­тауымен ұрпақ  мақтаны­шы болды. Ауылдағы балабақ­шадағы, орта мектептегі оқу  үдерісі, тә­лім-тәрбие  жұмыста­ры  сөз арқау­­ындағы ата-бабала­ры­мыз­дың адамгершілік-иманды­лық ұс­та­нымы жолын сабақ­тастыра жүзеге асыруымен  ерекше­ле­неді. Алдашбай ахун есімімен аталатын мешіт те қасиетті  дәстүрлі  киелі  мекен тұрғындарының мәңгілік сақталып келе жатқан халықтық-имандылық көзқарастарын нығай­туға  айрықша ықпал етіп отыр. №29 орта мектеп  оқу ғимаратының  арнайы  залындағы  әлемдік клас­сикалық  әдебиеттің  көрнекті  тұл­­ғасы  Тұрмағамбет ақын  Ізтілеуов  атындағы  мұражай да көп  жылдар бойы осы ауыл мәдениеті  арқылы бүкіл Сыр бойы ақын-жыраулары  мұраларын насихаттау орны  болып келеді. Республикадағы, облыс, жақын мемлекеттердегі түркітілдес қан­дастарымыз ата-баба  топырағын әспеттеп, киелі жырдың Отаны Тұрмағамбет  ауы­лын құрмет тұтады.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеумет 28 тамыз 2019 г. 105 0