Төскейде түлік түлеткен

 Біршама уақыт бұрын дала төсінен қырқаны жапқан келе-келе түйені кездестірген едік. Әрқайсысы кішігірім төбедей Ойсылқара тұқымы көзге айбатты да ерекше көрінеді. Келені бастап жүрген жардай  шым қара бура шаншыла қарағанда зәре-құтымыз қалмады. Тап беріп, тапап өтердей сезіндік.  Бекер үрейленген  екенбіз. Маң-маң  басып, шөпті шалған күйі ұзай берді. Жанымдағы  серігім түйенің иесі  Ықылас Алпысбаев есімді жеке кәсіпкер екенін, шаруа қожалығында төрт түлік түгел өсіретінін ризашылықпен жеткізді.  

Ықыласпен  тілдесудің де сәті  түсті. Оның емен-жар­қын дау­сынан адамды жа­тыр­қамайтын мінезі, қал­тасына  пұл, қорасына шыр бітсе, та­науын көкке шүйі­ретін кей­бір жандардан таби­ғаты мүлде бөлектігі аңға­рылып тұрды. Ықылас – маңғаз да­ланың төл перзенті. Ес жиып, етек жапқаннан тір­шілігі  төрт түлікпен етене бол­ған­дықтан, шаруа жайына бес саусақтай  қанық.

Бұл күндері Ықылас Жақ­сылықұлы жаз жайлауынан «Байсалбайдағы» қыс қыс­тауына жақындап барып, қо­ныстанудың қамымен жүр екен. «Көш көлікті болсын!» деп сөзге тарттым. Желмен жарысқан үйір-үйір жылқы, шаңырақ мүйізді сиыр табыны, отар қой, шудасы жел­кілдеген түйе келесі көз алдыма   Абай атамыздың өлеңінде суреттелген өткен ғасырдағы ұлы көшті оралтты.

«Ықылас» шаруа қожа­лығы – қазақтың ақбас асыл­тұқымды сиырын өсірумен айналысады. Нақты кезеңде қожалықтың иелігінде 570 бас сиыр бар. Алғашқыда мем­лекеттен несие алып, ау­қы­мын ұлғайтқан шаруа қо­жалығы көп ұзамай қа­ры­зын жауып, таза пайдаға шық­ты. «Байсалбайдағы» қыс­тау тұрғын үй, қора-қопсы, құ­дық, бұлақ, басқа да қа­жетті құралдармен жаб­дық­талған. «Сиырдың сүті – ті­лінде» демекші,  жем-шөп дайындауға баса мән беріледі. Жемді Орал, Қостанайдан алдырса, шөпті өздері  әзірлейді. Қыстың қытымыр аязынан қысылмай шығу үшін жем-шөптің мол қоры жасақталған.  Шаруа қожалығында 7 адам тұрақты жұмыс істеп, отба­сының нәпақасын ажыратуда. Ұжым мүшелерінің арасында Ықыластың  баласы мен келіні де бар,  яғни, отбасы болып бейнеттің рақатын татып отыр.

Ол басқаратын шаруа қо­жалығы асылтұқымды бұқа, қашарды облыс көле­міндегі шаруашылықтар мен жеке тұр­­ғындарға сатуды жол­ға қойған. Қызылордадағы  «Ару­ана» шаруа қо­жа­лығы Ықы­ластан ақбас асыл­тұ­қымды 100 бас қашар  сатып алған.

Ықылас «маған төрт жүз деген сан сәттілік әкеледі» деп әзілді-шынды жымиды. Шынымен де солай сынды. Оның иелігінде  сиырдан бөлек, 400 бас қазақтың қос өркеші айыр інгені,  400 бас қазақтың  Еділбай қойы  бар. Сиыр көбіне Сырдың бойын жайласа, жылқы, түйе мен қой жаз мезгілінде жайлауға көшеді. Кәсіпкер отағасы өмірлік жары Әсемгүлмен бірге береке қонған шаңырақты тү­летіп отыр. Бауы­рынан өрбі­ген төрт перзенті  бар. Арғын­байы  өздерімен бірге тұрса, ор­таншы ұлы Беркінбай бө­лек отау тіккен. Ол – ата­сының есімімен аталатын «Жақсылық» шаруа қожа­лығының жетекшісі. Ықылас алдағы уақытта жылқы басын көбейтуді межелеуде. Талабың оң болсын, кәсіпкер азамат!

Арал ауданы.

Әлеумет 07 қыркүйек 2019 г. 214 0