Өнер мен кәсіпті тел меңгерген

Аудан орталығындағы Әйтеке би кентінде Гүлзия Омар басшылық жасайтын «Арай» сұлулық салоны шеберлерінің сапалы қызметіне ризашылық білдірмейтін тұтынушы кемде-кем. Кіммен тілдессеңіз де ағынан жарылып, алғысын жаудыра жөнеледі.

Тұтынушының әсіресе, нә­зік жанды қауымның талғамынан табылу оңай емес. Бұл үшін шеберлікке қоса сыпайы­лық, тіл табыса білу де қажет. – Мен – «Арай» сұлулық салонының тұрақты тұтынушысымен. Гүлзия Жақсылыққызы бастаған шеберлер туралы пікірім өте жоғары. Жаңашыл бағыттағы жұмыс тәсілін жақсы меңгерген. Бәсекелестік дамыған қоғамда ізденімпаздық табыс кепілі екені белгілі, – дейді Гүлмира есімді ару.

Мұнан тура жиырма жыл бұрын аудан орталығынан ал­ғаш­­қылардың қатарында  сұлу­­­лық салонын ашқан Гүлзия Жақсылыққызы кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгерген жан. Салмақты мінезді отанасы қазіргі таңда қос бірдей сұлулық салонын, темір бұйымдарын дайындау цехын, өзге де жұмыс орнын ашып,  көптеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оған қоса түрлі мәдени шаралардың, «Мектепке жол» акциясының тұрақты да белсенді демеушісі.

Сөз басында атап өткеніміздей Гүлзия өнерге де жаны құштар адам. Сыр бойына, елімізге өнерімен танылған ­Әуе­­­з­ов­тер әулетінің келіні. Жалпы, Әуезовтер өнердің киесі қонған шаңырақ. Бұл әулеттің өнер жолындағы атағы сонау 70-жылдардың соңына таман іргелі отбасының тірегі Махамбет Әуезов ұйымдас­тырған отбасының ансамблі арқылы кеңінен мәлім болды. Түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын Махаңның пер­зенттерімен бірге дайындаған концерттік бағдарламалары көрермендердің ыс­тық ілтипатына бөленді. Мәскеу қаласында өткен  бүкілодақтық өнер фестивалінде лауреат атан­ғаны жұртшылықтың әлі жадында. Ал, Гүлзияның өмірлік жары Арман болса, түрлі облыс­тық, республикалық, халықаралық өнер байқаулары мен конкурстардың лауреаты. Лондонда өнер көрсетіп, ілтипатқа бөленген шебер қобызшы. Гүлзия Жақсылыққызы да кезінде күйші ретінде талай бәсекеде топ жарды. Аудандық музыка мектебінде ұстаздық қызмет атқарған тұста көптеген өреннің көпшілікке танылуына септігін тигізді. Кейін заман ағымына сай кәсіпкерлік жолды таңдады. Қазіргі таңда аудандағы белгілі бизнес өкілдерінің бірі.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Әлеумет 12 қыркүйек 2019 г. 498 0