Армандар орындалады

Армансыз адам болмауы керек деп ойлаймын. Өмірден түңілген замандастырымды көргенде іштей зығырданым қайнайды. Бала күнінен қоларбаға таңылған менің күйіммен салыстырса ғой өзін деймін іштей. Әке-шешелері оқу ақыларын төлеп, жоғары оқу орнында жүрген көптеген қыз-жігіттердің дәрістен қашып, көше қыдыратындары да, «ақша табу керек» деп жұмыс істеп жүретіндері де мені еріксіз ойлантады. Тұрмыс жағдайлары ауыр болса түсінуге болар, алайда кейбірінің жақсы киім кию үшін ғана жұмыс іздейтінін де көріп жүрміз. Біреулерді кінәлаудан аулақпын, ата-ана баласы үшін жүрегін үзіп беруге бар, мұны айтып отырғаным да – солардың сенімін ақтап, тиянақты білім алуымыз керегін тағы бір еске салу ғана. «Қаһарлансам, он сегіз мың ғаламды жарты тарының қауызына сыйдыра аламын» депті Жаратушым.

Бала кезімнен жоғары оқу орнында білім алуды армандадым. Үйдегілерге айтсам, барлығы мені қоштайды, бірақ іштерінен «бұл қалай болар екен?» деген күмәндарын сезетінмін. Алла сәтін салды, колледж студенті атандым, бірнеше жылдан соң курстастарыммен бірге диплом алдым, жолым болды 2017 жылы мемлекеттік грант ұтып Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті атанып, журналистика мамандығы бойынша білім ала бастадым. Аллаға сансыз шүкір, армандарым біртіндеп орындалып келеді.

Табиғатымнан ба, әлде  бала күнімнен қоларбада отырғандығымнан ба білмеймін ес білгелі менің ажырамас серіктерім қиял мен арман болды. Теңіздің шуын, шағаланың шаңқылын естігім келетін, Маңғыстау маңындағы әулиелер зираттарына барсам деп армандайтынмын. Соның сәті биыл түсті. Жазда Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, ­Ғ.Ниязов, Б.Балейұлы сынды азаматтардың көмегімен қарт Каспийге, маңғаз Маңғыстауға жол тарттым. Аталған азаматтар менің және менің көмекшімнің барлық сапар шығынын көтеріп, ризалық бесігінде тербетті. Каспийдің таудай толқындарын, шаңқылдай толқынға бауыр төсеген шағалаларын көріп шүкіршілік еттім, Шопан ата, Баян баба, Сырлытам, Қош­қар ата, Бекет ата зираттарына тәу етіп, бір серпілдім. Бұл мен сияқты қоларбада отырған адамдар былай тұрсын, он екі мүшесі сау адамдардың да қолы жете бермейтін сапар болды.

Әзербайжан, Ресей, Армения, Қазақстан мемлекеттерінің теңіз бетіндегі шекарасын ойлап, туған жердің, қасиетті Отанымның бір қиырында тұрғанымды түсіндім. Мұнай сорып жатқан жыпырлаған мұнаралар қара алтынның күре тамыры осы жерде жатыр деп тұрғандай. Жыл сайын бірінші маусым – Балалар күнінде 5000 дана балмұздақ, 5000 дана бөтелкеге құйылған шұбат тегін таратылады екен. Бұл үрдіс аймақтың, ел ағаларының деңгейін танытқандай екен деген ойға қалдым.

Сырға қайтар сапарда Ақтауға келдік, қала әкімдігінің өкілі күтіп алып, бес жұлдызды қонақүйге орналастырды. Әкімнің қабылдауында болдық, бізге сондағы әкімдік қолдауымен жарыққа шыққан Ақтаудың көрікті жерлерін суреттейтін түрлі-түсті екі кітап сыйлады. Аталған екі кітапты да мен Қызылордаға келгесін өзім оқып жатқан оқу ордасына сыйға тарттым.

Бұдан соң ойда жоқ жерден  Сарыағаш аудандық әкімдігінен шақырту алдым. Бұған қалай қуанбассың, біздің жайымыз­ды ойлаған азаматтардан қалай айналып кетпессің. Сарыағаш ауданы әкімдігінің қолдауымен, Қ.Білал сынды азаматтың көмегімен Түркістандағы Қ.А.Яссауи, Арыстан баб әулиелердің зираттарында болдым. Сөйтіп біраз жылдардан бері көрсем деп армандап жүрген қасиетті орындарда болып, бір марқайдым.

Бала біткеннің барлығы да теледидардан көрінгісі келеді ғой. Бұл арман менде де болатын. Бұйрық дегенге сөз жоқ екен, белгілі «Дау-дамайсыз», «Жан жылуы» телебағдарламаларының жүргізушісі Г.Әбіқаева мені Б.Дәулетбекқызының «Альфонс жігіттің тағдыры» атты кітабының тұсаукесеріне шақыртты. Бұл да естен кетпес тарту болды.

Содан екі апта өткесін белгілі кәсіпкер Қ.Шоңбай мырзаның «Құпия кездесу» атты халықпен кездесуіне қатысып, мол әсер алдым.

Жақында «Nur Otan» партиясы облыс­тық филиалының ұйымдастыруымен облыс әкімі Қ.Ысқақов мырзамен түрлі топтағы мүгедектердің кездесуі өтті. Аймақ басшысына сауалдар қойып, артынша жауап алдым. Шараға қатысушылар мүгедектердің ипотекалық несиесін 50 процентке азайту, жаңа шағын аудандарға сыйымдылығы үлкен автобустар жіберу, «Нұр Орда» шағын ауданындағы интернет желісі мәселелері сөз болды. Бұл мәселелер қала әкімі Н.Нәлібаев мырзамен болған кездесуде де көтерілді. Мен ипотекалық процент, тіс емханаларына жеңілдіктер қарастыру, тіс протездеріне жеңілдіктер жасау мәселелерін қозғадым. Осы кездесулерді мен ел ағаларының біздерге назары түскендігі деп бағалаймын. Сонымен қатар бұл армандарымның да орындалатынына сенімім зор. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Осы әсерлер кеудеге сыймады, Сыр бойы жұртшылығына паш еткім келді. Газет арқылы қамқор азаматтарға рахмет айтқым келді. Замандастарыма тоғышарлықтан аулақ болайық, еңбектенейік, білім алайық, мына қым-қуыт өмірде өз орнымызды табайық дегім келеді.

 

Зәуре ӨТКЕЛБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы 

ҚМУ студенті.

Әлеумет 19 қазан 2019 г. 204 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930