Үйдің ырысы, қоғамның тынысы


Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылында тұратын тыл ардагері, Батыр ана Балшай Маханбетова ғасыр жасаған жан. 104 жастағы қарт ананы облыстық ауыл әйелдері форумы қарсаңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтады.

Балшай Маханбетова 1916 жылдың 1 маусымында Арал ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1962 жылы Карл Маркс ауылындағы №132 Тельман атындағы мектепте, 1966-1972 жылдары Карл Маркс ауылында жұмысшы болып қызмет атқарған. 1972 -1987 жыл аралығында ҚазССР-дің 50 жылдығы ауылында сауда дүкенінде күзетші болған. 1987 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі уақытта ол Н.Ілиясов ауылында тұрады. Жолдасы Нәби Маханбетов екеуі 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларынан өрбіген 18 немере, 19 шөбере, 3 шөпшегі бар. Өрісін кеңейтіп, өмірін ел игілігі жолына арнаған ғазиз ана аймақ басшысына батасын берді.

Облыстық ауыл әйелдері форумы дәл осы ауылда өтті. Ауыл әйелдерінің қол жет­кіз­ген жетістіктерін насихаттау­ды, рухани жаңғырудың мін­дет­терін, Қазақстанның жасыл эко­номикаға көшу тұжы­рым­дамасын жүзеге асыруға қосқан үлестерін көрсетуді мақсат ет­кен форумға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, «Жас­ыл эко­номика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» заң­ды тұлғалар бірлестігінің Бас­­­қарма төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жа­нындағы Жасыл экономикаға өту Кеңесінің мүшесі Салтанат Рахимбекова және аталған бірлестіктің атқарушы директоры Асхат Сүлейменов қатысты.

– Қашанда халқымыз үшін ауыл – ұлт руханиятының қай­нар көзі, берекеміздің бастауы, – деді облыс әкімі өз сөзінде. –  Ауыл әйелдері жайлы айт­қанда көз алдымызға күбіде айранын пісіп, шоққа нанын көміп отырған аналарымыз елестейді.

Дегенмен, қазіргі уақытта заман талабына сай ауыл әйелдерінің жағдайы да,  көз­қарасы да өзгерді. Ұлт тарихына көз жүгіртсек, ер азаматтарымызбен бірге атқа қонып, ел намысын қорғаған аналарымыз аз болмады. Олардың есімі бүгінде өсіп келе жатқан ұрпақтарына үлгі. Сондай аналардың ізін жалғап, Сыр елінің өсіп-өр­кендеуіне үлес қосқан Социа­листік Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазан­баева, Қазына Жүсіпова секілді аналарымыздың бірі ортамызда болса енді бірі арамызда жоқ. Бірақ олардың қайраткерлігін, еңбекқорлығын біздер мақта­нышпен айтамыз.

Тәуелсіздіктің елең-алаң уақытында да барлық ауырт­пашылықты көтеріп, отбасының береке-бірлігін сақтаған әйел аналар.  Сындарлы  шақта олар елдің тыныш­тығын ойлап, ел игілігі жолында қолға алған реформалардың жүзеге асуына белсене араласып, еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бір­лік­тің ұйытқысы да бола алды.

– Қазіргі таңда жалпы облыс тұрғындарының 47,8 про­центі әйелдер болса, оның 54,7 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Әйелдер қоғамның бар­лық салаларында жұмыс іс­тейді. Статистикаға жүгінсек, бү­гінгі күні педагогтардың 73 процентін, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 процентін осы нәзік жандылар құрайды. Ал бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 про­центі әйелдердің үлесінде. Мем­лекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 35,4 процент. Бұған дейін облыста түрлі деңгейдегі депу­таттардың 9 процентін әйелдер құраса, соңғы кезектен тыс өт­кізілген сайлауда депутат әйел­дердің үлесі 21 процентке жетті. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да ауылдық жер­лердегі әйелдер белсенділік танытып келеді. Бү­гінгі күні өңірдегі кәсіпкер әйелдердің 48,3 проценті ауыл­дық жерде өз кәсіптерін дөң­гелетіп отыр, – деді аймақ басшысы.

«Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрайымы Салтанат Рахимбекова ауылды тұрақты дамыту,  тұрғындарының табысын арттыру, жұмыссыздықты жою секілді мәселелерде ұйым тарапынан қолға алған жобаларды  сөз етті. Ал бірлестіктің атқарушы директоры Асхат Сүлей­менов жасыл экономика ба­ғытында өткізілетін кон­курс­­тың мән-жайын түсіндірді. Әйел-аналардың конкурсқа қа­ты­­сып, бизнес бастауға, грант ұтып алуға мүмкіндіктері барын баса айтты.

Жиын барысында Жаңақор­ған ауданы, Сүттіқұдық ауы­лының тұрғыны, жеке кәсіпкер Әсемкүл Ермаханова мен жалағаштық кәсіпкер, көпбалалы ана Шолпан Қалиева да өздерінің жеткен жетістіктерімен бөлісіп, қолдау көрсетіп келетін ел ағаларына ризашылықтарын білдірді.

Форум соңында бірқатар аналар “Көпбалалы ана”, “Үздік ауыл дәрігері”, “Үздік үкіметтік емес ұйым”, “Мәдениет сала­сының үздігі”, “Үздік пошта қыз­меткері”, “Үздік сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес басшысы” номинациялары бойын­ша марапатталды. Сондай-ақ, форум аясында кәсіпкер әйел­дердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен өнімдердің көр­месі де қатысушылардың назарына  ұсынылды. Шараның бір ерекшелігі қатысушы нәзік жан­дылардың баршасы қазақы нақыштағы киім киіп, кештің көркін қыздырды. Бұл жиынға келгендерге рухани, айрықша әсер қалдырды.

Шараның екінші кезеңінде қатысушылар “Мүмкіндік. Дамыту. Жетістік” және “Отбасы. Бірлік. Береке” тақырыптары бойынша семинарға қатысып өз ойларын ортаға салды, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Әлеумет 19 қазан 2019 г. 315 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930