Шеберден із қалады

Жосалы кентіндегі Қ.Наметша атындағы көшесінде келеміз. Әлдебір тарсылдаған дыбыс шығады. Жүрген сайын жаңағы дыбыс күшейе түсті. Бірнеше адам кеукеулесіп тұрған үйдің жанына аяңдағанда «Бұл Шөмекей ұстаның үйі болды ғой» деді темірді ұрғанынан-ақ таныған Қазбек аға. 

«Ұсталық – Алла сыйлаған құдіретті өнер. Ұстаханасынан дыбыс шығып тұрады» дегенді бала кездеестуші едік. Сірә, бұл тегін айтылмаған болар. Ақжарда туып-өскен ұста Кәрібай Кенжебаевтың есімі ауданға белгілі. Ол сол кездегі кеңшар шаруашылығына қа­жетті техниканың бәрін өзі құ­растырған деседі.

Әсіресе комбайндары жақ­сы жұмыс істейтін көрінеді. Ер-тұрман, шаңырақ, уық та жа­саған. Алтын менкүмісті бал­қытып құйған зергерлік бұ­йымдары сол кездері тапсырыс бергендердіңқолында әлі бар. Үш ұлының ішінде бала шағынан әкенің ұстаханасынан шықпай, әршаруаның шалға­йына оралып, құлық танытқаны осы Шөмекей ғана. Әке­сімен біргеұстаханаға бас сұқ­қаннан қас қарайғанда ғана шығатын көрінеді. Ара­да жартығасырдан көп уақыт өтсе де әке пай­даланған құрал-сайманның бәрі сақтаулы.Шөмекей ағаның ең қымбат мүлкі де солар. Әлдебір дүниені істеуге енжарлық танытса, ұстаханадан темірді қат­ты-қатты соққан дыбыс шы­ғады. «Бұл әке ісін аяқсыз қалдырмаңдар деген белгі деп ұғамын», – дейді шебердің өзі.

Аула ішіне қарай беталсаң қарсы алдыңдағы ұстахана көз­ге бірден түседі. Көріктегі көмірбықсымайды, қоздап жанбайды, қызара бөртіп қана тұр. Шө­мекей ұста бүгін детаңғы тіршілігін осында бастағаны анық. Бізді көре салып көрік­тің көмейініңжан-жағын тия­нақтай ысырып, қоламтасын көсеп, жымиып қана күлді. Бар ынтасыменістеп жатқан жұ­мысын бөліп жібердік-ау. Сәл абдырап өзін қайта жинап алды даүйге кіріңдер деп, екі қолын тазартпақ болғандай көйлегіне ысқылай берді.Ұстахана ал­дындағы көлеңкеге жайға­сып, әңгіме өрбіттік.

Қолынан іс келмейтінадам­­дар заттың да, оттың да, шот­­тың да қадірін білмейтіні анық. Шөмекей Кенжебаев – осы үшеуінің де қадірін біліп, одан үйлестіріп алуан түрлікә­десыйлар, басқа да дүниелер жасап жүрген хас шебердің өзі. Оның жасаған балға, балта, кетпен, күрек, қалағы сол маң­дағы үйлердің бәрінен табылады.Тоқшәйнек, самау­рын жөндейтіні бір бөлек. Істен шыққан көліктерді қайтақалыпқа келтіреді. Жасаған болаттай берік темір есік пен дарбаза, шарбақтары өзалдына. Қолынан келмейтін іс бар ма екен деп ойланып қаласың. 

Ол еңбекке ерте араласып­ты. 8-сыныптан кетпен арқа­лап кеңшар жұмысына кіріс­кен. «ПЧ»мекемесінде де ұзақ жыл ұста болып жұмыс істепті. Зейнет демалысына шыққанынакөп болған жоқ. 6 баланың әкесі. Бес ұлы да дәнекерлеу ісінің шебері. Бәрі деосы мамандықты кәсіп ете­ді. Нұр-Сұлтан қаласында тұ­ратын Абдулласы өзінетарт­қан. Қолынан келмейтіні жоқ. Темірден түйін түю – екінің біріне бұйырмайтын бақ. «Әке­ден кейін менде ғана осы қасиет болса, менің де бір ғанаұлыма дарыды. Киелі өнер ғой бұл» деді ол.

Темірден түйген түйержандарды «Тәңірдің өзі жіберген іс істеуші адамдар» деп халық бекер айтпаған. Аса құрмет тұтқан бұрыннан. Темірші ұсталар өз ісіне кірісер алдында руханитазалыққа мән берген. 

Иә, Шөмекей Кенжебаев – ұста ұрпағы. Оның ұлттың жойылып бара жатқан дәстүрлі қолданбалы өнерін жоғалтпай, қайта жаңғыртқан еңбегіне әлі талай ұрпақ тәнті болатыны сөзсіз. Себебі шешеннен сөз, шеберден із қалады.

 

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА.

Әлеумет 26 қараша 2019 г. 119 0