Келер күннің игілігі көп

Бейсенбіде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал, Қазалы аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың ашылу рәсіміне қатысты. Теңіз төскейіндегі ауданда «Aral» қонақ үйі ашылса, Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталды. Көптен күткен «Әлсейіт» көпірі ел игілігіне берілді.

Толыққанды қайта жаңғыртудан өткен төрт жұлдызды «Aral» қонақ үйі енді аудандағы туризм саласына серпін қосады. Әдемілік пен жайлылық орнаған, қазіргі стандартқа сай ғимаратқа «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 540 млн теңге жұмсалған.

Аймақ басшысы нысанның ашылу рәсімінде облыс бойынша барлық саланың дамуында динамика бар екенін баса айтты.

–    Аймағымызда құрылыс жұ­мыс­тары жылдан-жылға қарқын­ды дамып, кәсіпкерлер халықтың қажеттілігін қамтамасыз ететін орындарды көптеп ашып, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары да құрылуда. 2018-2020 жылдар өңірімізде жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланғаны белгілі. Соның екі жылында шағын және орта бизнес өкілдері көптеген ғимарат салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, облыстың көркеюіне үлес қосып келеді. Сондай игі істердің бірі – күрделі жөндеуден өткен, заманауи үлгідегі «Aral» қонақ үйі пайдалануға беріліп отыр. Қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп, қолайлы әрі жайлы жағдай жасалған мұндай нысандарды көбейтудің маңызы зор, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, шарада ҚР Мәдениет қайраткері, ардагер-журналист, Арал ауданының Құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағанбетов әлеуметтік нысандар саны артқанын атап өтіп, қонақ үй жұмысына табыс тіледі. 

Бұл ғимаратта 33 жатын бөлме, мәжіліс зал, шағын кездесу бөлмесі, кафеден бөлек, талғампаз қонақтар үшін люкс, де-люкс номерлер қарастырылған. Ерекшелігі, балалар үшін бассейн орнатылып, арнайы жүзуді үйрететін мамандар жұмыс істейді. Жалпы қонақ үйде жергілікті 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімі мұнан кейін аудандық оқушылар үйінің жұмысымен танысты. Орталық бұған дейін 1940 жылы салынған ескі ғимаратта жұмыс істеп келген. Ал, жаңа нысан 250 адамға лайықталған.

Сапар одан әрі наурыз айында ашылған тұрмыстық техника сататын «Sulpak» дүкенінде жалғасты. Бұрын тұрғындар көлеміне қарамастан, үйге керек техниканы облыс орталығынан артынып-тартынып тасып жүретін. Жаңа дүкен сол қиындықтан құтқарды. Сауда орталығы қазір 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Облыс әкімі өңір экономикасын дамытуға үлес қосқысы келетін барлық кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. 

Аймақ басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы «С» және «Д» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешеніне де арнайы барды. Жеке кәсіпкер қаражатына салынған бұл кешеннің құрылыс жұмыстары наурыз айында басталған. Жобаға сәйкес қазір май құю бекеті, қонақ үй, сауда дүкенінің құрылыстары жүргізілуде.

Жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасып, облыс әкімі алдымен Әйтеке би кентіндегі жаңадан салынған 18 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй кілтін тапсыру салтанатына қатысты. 5-квартал аймағында бой көтерген жаңа үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Бұл жерде теміржол ауруханасы, «Керуен» көлік, сауда-логистикалық орталығы, жаңа балабақша орналасқандығын ескерсек, осы аумақ пен үй тұрғындар үшін тіпті тиімді. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді халыққа беруде негізінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік осал топ және көпбалалы отбасыларға басымдық берілген.

Аймақ басшысы осы ретте құрылыс саласындағы жұмыс­тардың қарқынды екенін атап өтті.

–    Тұрғындар игілігі үшін әлеу­меттік, мәдени ошақтар, мектеп, балабақша, аурухана, емхана, тұрмыстық қызмет көрсету, қа­былдау орындары, спорттық ғимараттар, балалар алаңдары салынуда. Бұл күн өткен сайын ел тұрмысының түзеліп, әл-ауқатының артқандығын көрсетеді. Десек те, аймақта мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйге сұраныс жыл са­йын еселеп өсуде. Бұл  – өңір халқы санының көбейіп келе жатқанының белгісі. Халық сұранысын қанағат­тандыру мақсатында облыс орталығында ғана емес, аудандарда да тұрғын үй құрылысы көптеп жүргізілуде. Бүгін, міне, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазалыда тұрғын үйлер пайдалануға берілуде, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы «Алтын алқа» иегері Ұлтуған Дәулетованың отбасында қонақ болып, теледидар тарту етті. Бұл күні басты қажеттілік – баспанаға қол жеткізгендердің қатарында көпбалалы ана Гүлсінай Жалғасбаева да бар. «Үш бөлмелі жаңа үйге ертең-ақ көшіп келеміз» деп, қуанышын жасыра алмай, мәре-сәре болған ана отағасының жалдамалы жұмыскер екенін айтты. Тышқан жылын осы қоныста қарсы алатын тұрғындар бұл жаңалықты үлкен жақсылыққа балағанын байқадық. Айта кету керек, көпқабатты үйлерде барлығы 108 пәтер бар. Ал, бас мердігерлері – «Асар» ЖШС, «РЗА» АҚ, «Бекнұр-Тараз» ЖШС.

Бұл күнгі ең басты жаңалықтың бірі Сырдария өзені арқылы өтетін «Әлсейіт» учаскесіндегі темір-бетон көпірінің қолданысқа берілуі болды. Енді күзгі және көктемгі су тасқыны, абыржының кезінде әбігерге түсетін елдің алаң көңілі басылды. Бұл – ауыл тұрғындарын аудан орталығымен байланыстыратын ең төте жол. Қалқымалы көпір бұзылса, күнделікті тірліктің тоқтаусыз көрінісі бұзылып, тұрғындар өзеннің келесі жағалауына «Қарлаң» өткелі арқылы немесе бірнеше ауылды айналып жететін. Тіпті, қыста демалысқа келетін студенттердің басқа емес, бірінші «Әлсейіттің» жағдайын сұрайтыны да қалыпты әдет. Сондықтан, көпірдің ел игілігіне берілуі көңілдерді қуантып, қозғалысты және жүк тасымалын жеңілдетті. Иә, бұл – Қазалының 7, Арал ауданының 6 ауылындағы 14 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін маңызды өткел.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шарада нысанның ел игілігі үшін салынғанын атап өтті.

–    Дана халқымыз ежелден шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған және жолға ағаш егу ең үлкен сауапты іс екенін айтады. Сыр бойында көпір құрылысы өткен ғасырларда да болды. Қараөзек тұсында «Сауранбай көпірі», Жосалы кентінде «Қармақшы өткелі», Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылынан жоғары «Оспан көпірі», Қазалыдағы «Нұрқожа көпірі» – ел жадында қалған тарихи жәдігерлер. Бүгінде біз ата-бабамыздың көпір салу дәстүрін заманауи үлгіде жаңғыртып, дамытып келеміз. Соның бір дәлелі ретінде Сырдарияның қос жаға­лауын байланыстырып, жаңа қаланың құрылысына жол ашқан зәулім көпірді айтуға болады. Міне, енді халық көптен күткен «Әлсейіт» өткеліндегі көпірдің игілігін де көре­тін боламыз, – деді аймақ басшысы.

«Әлсейіт» учаскесінде Сырдария өзені арқылы өтетін темір-бетон көпірі 2 жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы – 219, ені – 12 метр. Көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Жалпы құны 2791,3 млн теңге болатын көпірдің бас мердігері – «КА-Строй ЛТД» ЖШС.

Айта кетейік, қыстың ызғарына қарамастан, жиналған халықтың қарасы қалың болды. Жаңа көпір үстінен алғашқы көліктер шеруі өтіп, «Әлсейіттің» маңы ду-думанға айналды.

Мұнан кейін аймақ басшысы Қазалы аудандық мекемелер үйі ғимаратының құрылысымен таныс­ты. 3 блоктан тұратын мекемелер үйінде аудан әкімдігі мен мәслихат аппараты, 9 дербес бөлім орналасатын болады. Айта кету керек, нысанда облыстағы алдыңғы қатарлы, көлемі ауқымды «Open spaсе» форматындағы кеңсе ашылмақ.

Осылайша, бұл күні ел тілегі ескеріліп, болашақ үшін аса маңызды нысандар қолданысқа берілді. Иә, келер күннің қуанышы көп болғалы тұр.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

Әлеумет 28 желтоксан 2019 г. 411 0