Адами капиталдың алғышарты – денсаулық пен білім

Қоғамда адами капитал маңызды фактор екені белгілі. Ал оны дамытуға үлес қосатын басты салалар ретінде білім беру мен денсаулық сақтауды айтамыз. Себебі, дені сау, білімді ұрпақ ғана мемлекеттің, ұлттың құнды қазынасы, ел ертеңі саналмақ. Осы орайда мемлекетімізде, оның ішінде облыс көлемінде қос саланы дамытуда айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде қаншама тындырымды тірліктің істелгені анық. Тағы бір жылды тәмамдап, Жаңа жылды қарсы алар тұста екі саланың жұмысын саралауды жөн көрдік.
Биылғы жыл облыстың білім беру саласы үшін табыс­ты болды. Мектеп бітірген оқушылардың грант жеңіп, оқуға түсу көрсеткіші 98 процентке жетсе, халықаралық университеттерге жолдама беретін «Astana Garden Sсhool» жеке мектебіне грант бөлінуі, халықаралық олимпиа­дада оқушылардың жетістікке жеткені, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектептердің салынуы саладағы – нәтижелі жұмыстың бір парасы.
Биыл 1290 орынға арналған 13 балабақша ашылса, оның екеуі мемлекеттік. Осылайша бүгінде жекеменшік балабақшалардың үлесі 72 процентті құрап отыр. 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамтылуы 100 процентке жетті.
Аймақта үш ауысымда оқитын мектептер жойылса, 2 апатты мектептің құрылысы жүргізілуде. Биылғы оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылып, жұмысын бастады. Арал ауданы мен Қызылорда қаласында 3 мектептің 450 орынға арналған қосымша ғимараттары пайдалануға берілді. Қаладағы №4, 12, 187, 217, 278 мектептерге IT-лицей статусы беріліп, информатика және робототехника пәндерін тереңдетіп оқытуда. Сондай-ақ, Арал ауданында облыс­тық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ашылып, 185 бала қабылданды.
Облыс балаларын халық­аралық рейтингі жоғары әлемдегі ірі университеттерге оқуға түсуге дайындау мақсатында биылғы оқу жылынан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Garden Sсhool» жеке мектебімен меморандумға отырып, бірлескен жоба іске асырылуда. Оған бюджеттен 20,5 млн теңге қаржы бөлініп, 5 оқушы іріктеліп алынды.
Соңғы екі жылда облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес 22 жаңа мамандық ашылды. Техникалық және кәсіптік білім беретін 8 оқу орны жоғары колледж статусын иеленді.
Аймақта сырбойылықтар саулығын жақсарту, аурудың алдын алу, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, сапасын көтеру бағытында облыс әкімінің қолдауымен нақты жоспар бекітіліп, мақсатты шар­уалар қолға алынған болатын.
Мәселен, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілгені белгілі. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы бағдарламаның негізгі индикаторлық көрсеткіші болды. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 71,91 жастан 72,8 жасқа өскені байқалды. Аталған бағдарлама аясында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту мақсатында облыс бюджетінен 2,3 млрд теңгенің құрал-жабдықтары алынды. Осылайша медициналық мекемелердің материалдық-техникалық қамтылуы 78,5 процентке жетті.
Биыл саланы қаржыландыру көлемі 2,2 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 9 дәрігерлік амбулатория, жергілікті бюджеттен 4 фельдшерлік-акушерлік бекет, 5 медициналық бекет сатып алу жоспарланып, оның 4-уі қолданысқа берілді. Апаттық жағдайдағы ауруханалар орнына Шиелі ауданаралық ауруханасы қолданысқа берілсе, Арал, Жалағаш аудандарында жаңа аурухана құрылысы жүргізілуде.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде облыс­тық көпбейінді аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық қондыр­ғы орнатылды. Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасы мен Жаңақорған аудандық орталық ауруханасына компьютерлік томограф орнату жоспарлануда.
Өңірде дәрігер тапшылығын жою мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде 95 дәрігер тартылып, олардың 45 проценті ауылдарға жіберілген. Нәтижесінде медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының дәрігермен қамтылу көрсеткіші 82 процентті құрауда.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында салада ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға көшу» жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 32 медициналық ұйымға ақпараттық жүйелер енгізіліп, 100 процентке жетті. Кешенді медициналық ақпараттық жүйені қолдану барысында тұрғындардың 95,1 проценті электронды денсаулық паспортымен қамтылған.
Осындай ауқымды жұмыс­тардың нәтижесінде биылғы 11 айда жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 4,7-ні құраған. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 48,8-ді құраса, ерте сатысында анықтау көрсеткіші 28,3 болды.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Әлеумет 02 қаңтар 2020 г. 409 0